Жолдау: халықтың әл-ауқаты бірінші орында болуы керек

Осы үшінші бағдарда халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың іс-шаралары қамтылған.  Әсіресе, Жолдаудағы: «Ең төменгі жалақы деңгейі 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге көтеріледі. Бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді», «2028 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болады» және «2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлемдер 1,5 жасқа дейін ұзартылады» деген үш шешім көпшіліктің көңілінен шықты. «Біз бай елміз. Жеріміздің асты кенге, үсті дәнге толы» дейтініміз құр сөз, бос мақтан болмағанға не жетсін. Айта өтері, көші-қон мәселесі де назарға алынған екен. «Қандастар көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдіс-терді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген жолдарда терең астар бар. Мінеки, еліміздегі экономикалық өзгерістер мен халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты  Жолдаудың үш бағдарына жасалған шағын шолуымыз осымен тәмам. Сараптама көрсетіп отырғандай, Президент шешімдерінің қай қайсы да көпшілік көңілінен шықты. Сондықтан болашаққа деген сенім де, үміт те көп. Ал, күмән-күдігіміз қайсы? Жолдаудың көңілді күпті еткен тұсы мынау. Онда: «Қоғамда қазақ және орыс тілін мектепте оқыту мәселесі бойынша пікірталас болып жатыр. Нақты айтайын: біз қазақ тілін де, орыс тілін де жақсы білетін балаларды  тәрбиелеуіміз қажет.  Себебі, бұл ұрпақтың мүддесі үшін керек. Оқу-ағарту минис-трлігі популистердің жетегінде кетпей, балалардың мүддесін қорғауға тиіс. Білімді және бірнеше тілді меңгерген ұрпақ болашаққа сеніммен қадам басады. Біздің күшіміз – жастардың білімінде» делінген.  Міне, нақты осы сөздерді қазақ халқы қабылдай алмады. Өйткені, қазақ тілінің мүшкіл хәлі баршаға аян. Оған көз жұма қараудың өзі қиындап барады. «Қазақ тілі» деп шырылдағандарды «популист» дегенге қарсы жыпырлаған пікірлерді әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Соның бірі, мәселен, Кәмшат Тасболат деген қарындасымыз желіге: «Астанадағы жаңадан салынған мектептердің орыс сыныптары балаға толған. Қазақ сыныптарындағы оқушы саны 15 баладан аспаса, орыс сыныптарында 40 балаға таяпты. Қайда барамыз? Жағдайды зерттеп жатқандар бар ма? Мемлекеттің міндеті мемлекеттік тілді қорғап, бүкіл халықтың басын біріктіретін бір тілде сөйлету емес пе?» деп жазыпты.  Сөз болып отырған Жолдаудың тақырыбы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ». Демек, мемлекеттің әділеттілігі тіл саясатынан да көрінуге тиіс! Қазіргі күнгі қазақ тілі мен орыс тілінің жағдайы салыстыруға келе ме? Айырма жер мен көктей, әділеттілік ауылы мүлдем алыста. Өзіңіз де ойлаңыз, айыртілді мемлекетте біртұтас ұлт, берекелі қоғам орнығуы мүмкін бе? Халқымыздың қазақтілді және орыстілді делініп, бірін-бірі түсіне алмайтын екі жақ болып жүргенін несіне жасырамыз? Міне, менің мақала тақырыбында «күдік – жалғыз» дегендегі мақсатым – осы айтылған тіліміздің қолданыс аясы тарылып, тіпті жоғалып бара жатқан хәліне көпшілік назарын тағы бір аудару болып отыр.  Сонымен, қайталап айтайын, Жолдаудан күтер үміт көп, ал күдік біреу. Мемлекетіміз ұлттық, қоғамымыз берекелі, аспанымыз ашық болғай!

Қызмет ақпарат

2000 символ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика