Жер шарын жеті айналып шықсаң да, Қазақстанның түстік бөлігіндегідей әсем өңірді, ыстық ықыласты тауып алу қиын. Осы өскелең өлкенің кіндігі іспеттес Шымкент шаһары өзінің қазақ жеріндегі ең қонақжай, меймандос қоныстардың бірі ретінде кеңінен танымал. Бұған қоса, түгін тартсаң, майы шығатын бұл шұрайлы да шырайлы атырап қалы кілемнің түсіндей құлпырған көрікті көркімен, аспанмен тілдескен ақбас шыңды тауларымен, ақық суы арқырап аққан өршіл өзендерімен, жапан түзді жайлаған жазық далаларымен, түйенің мойнындай тепсініп тұратын иір-иір құмдарымен көрген кісінің көз жауын өзіне тартып алар еді. Бұл – шын мәнінде де зәуіде келіп жатқан саяхатшы жұртты немқұрайлы қалдырмайтын қасиетті мекен. Мұнда бір қадам басып көрген адам кейін тағы қайтара келгісі келеді де тұрады. Расында да бір замандарда «Ұлы Жібек жолының» ең бір күре тармақтарының бірі есебінде танылған бұл аймақта саяхатшыларды көбірек тартып, туризмді дамытып әкетуге мүмкіндік мол. Қазақстанның оңтүстігі Орта Азиядағы ең өркендеген өңірлерінің бірі болып табылады. Ежелгі керуен Отырар, Яссы, Сайрам қалалары арқылы одан әрі Тараз, Ферғана алқабы, Ыстықкөл баурайы мен Қытайға сапар сызған. Әлбетте, қазір оңтүстік өлкенің туризмді жолға қоюға ең бір ыңғайлы атырап екенін назардан тыс қалдыруға болмас еді. Бұл жағынан келгенде, Шымкент шартарабы еліміздің бір де бір өңірінен кем түспейді. Әйтпесе, бір күн ішінде қар басқан таулардан қызған құмға өте шығуға, мөлдір тау өзенінде шомылып, нағыз минералды судың дәмін татуға болатын басқа қандай аймақ бар! Айтылып отырған алап өзін тау шындарын бағындырушы, батыл рафтшы, құмар аңшы және балықшы ретінде сезінетін белсенді демалыс әуесқойлары үшін нағыз таптырмас жер. Оңтүстік Қазақстанның табиғаты термалды және минералды көздерге бай, оның шипалы климаты көптеген дерттерді емдеу үшін өте пайдалы. Көптеген санаторийлер және демалыс аумақтары сізге уақытты жақсы өткізуден басқа, денсаулықты нығайтуға көмектеседі. Осының өзі мұнда медициналық туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер бар екенін көрсетеді.
Қызмет ақпарат
1794 символ
Leave a Reply