Түркітілдес журналистер қоры мен Түркия республикасының Мәдениет министрлігі бірігіп, жақында бірнеше мемлекеттің журналистеріне туристік тур ұйымдастырды. Мұндай шара талай жылдан бері үзбей жалғасып келеді. Түркиядағы туризмді жандандыруды мақсат еткен бұл игі істен үйренеріміз аз емес. Себебі, бауырлас түрік елі туризмнің отаны іспеттес. Табысының негізгі бөлігін туристер арқылы тауып отырған мемлекет журналистерге арналған турда көпшілік жақсы біле бермейтін, шалғайда жатқан жауһарларына әлемнің назарын аударуды көздейді. Түркия дегенде сұлу Стамбулды, әдемі Анталия мен құпия Каппадокияны ғана білетін халыққа Коньяның тұмса табиғатын, Афионның тылсым тарихын таныстырудың пайдасы орасан. Ел астанасы – Анкараға жақын орналасқан шаһарлардың туристерді қызықтырар ерекшеліктері жетерлік.
Афион-Қаракесир – туристерге таптырмас қала
Афион-Қаракесир туризмге сұранып тұрған, келген адам өкінбейтін қала. Себебі мұнда туризмнің түр-түрі дамыған. Оған табиғи байлығы, орналасқан жері толық сай келіп тұр. Афион – апиын деген сөзден шыққан. Әлі күнге дейін аймақта апиын өсіріледі. Яғни, Афион апиынды дәрі, дәмдеуіш үшін өсіруге Түркияда рұқсат берілген үш қаланың бірі. Афионға тіркелген Қаракесир атауы қорған дегеннен шыққан. Қаланың шетінде көне қорғанның белгілері тұр. Әрі қаланы жағалай қоршап жатқан таулар Каппадокияны да көз алдыңызға әкелгендей болады. Осы тау аңғарын жаңа заманға сай безендіріп, қонақтарға қолайлы жағдай жасаған. Оның әдемілігіне қызыққан жақын аймақтағы жұрт неке қию, ғашығына сөз салу, сүйіктісімен кездесу секілді шараларды осында өткізуді дәстүрге айналдырған.
Афион мраморының көптігімен, ыстық суының емдік қасиетімен де танымал. Сондықтан бұл жерде бүгінде емдік туризм жақсы дамыған. Бүгінде ыстық судың шипасын көруге келетіндерге арнап салынған емдеу, сауықтыру санаторийлері көп, олардың қызмет көрсету сапасы да көпшілік қалауына сай. Қайнардан шыққан суға сұраныс та жоғары. Тарихи тұлғалар көп жерленгендіктен, зиярат етушілер де баршылық.
Афион – музейге де бай. Қалада бір-бірінен ерекшеленетін музей көп. Соның ішінде Археологиялық музейдің орны бөлек. Музейге кіргеннен қаланың мрамор орталығы екені анық аңғарылады. Мрамормен көмкерілген тарихи экспонаттар бірден өзіне тартады. Мұндағы жәдігерлер сонау қола, мыс дәуірінің белгілері. Тіпті 15 млн жыл бұрын тірлік еткен мамонттың да қаңқасын табасыз. Сондай-ақ ежелгі халықтың тұрмысы мен тіршілігінің эволюциясынан толық мәлімет алғандай әсерге бөленесіз. Ең қызығы, осы жерде түрлі тарихи мәселелерді талқылап, ғалымдар басын қосу үшін арнайы орын берілген. Музейде тарихи деректерді түгендеудің аурасы мүлде бөлек болары даусыз,
Мешіттер мекені
Афион қаласы Бейшеһер қаласымен жалғасып жатыр. Бейшеһер – Коньяға жақын орналасқан қала. 70 мың тұрғыны бар. Мұндағы көне мешіт Эшфорфоглудың тарихы ХІІІ ғасырдан тамыр тартады. Ерекшелігі көп. 48 бөрене көтеріп тұрған мешіт балқарағайдан өрілген. Ағаш түзу болып, өз қасиетін ұзақ сақтауы үшін алты ай суда ұсталып, содан кейін ғана құрылысқа пайдаланылған. Биіктігі 7,5 метр. Әрқайсысының диаметрі 40 см шамасында. Мешіттің дәл ортасына қарға арналып терең ор қазылған. Оған қыс бойы жақын жердің қарын жинап, мешітті салқындатуға пайдаланып, тоңазытқыш ретінде қолданған. Бейшехирдегі көлдің де маңызы зор. Ені 20 шақырым, ұзындығы 45 шақырымға созылып жатқан көл балыққа бай.
Мевлана музейі
Конья қаласына келгендер міндетті түрде бас сұғып, зиярат жасайтын орын – Мевлана музейі. Бұл музей парсы ақыны Румидің құрметіне жасалған. Мевлана – «біздің мырза» дегенді білдіреді. Султан Ала ад-дин Кей-Кубад I арнайы шақырып алдырған Румиді халық «Мевлана» атаған. 1273 жылы ақын осы музей тұрған орынға жерленген. Румидің шәкірті кейіннен ұстазының басына мавзолей тұрғызған. 1926 жылдан бері бұл мавзолей музей ретінде жұмыс істеп келеді. Бұл жерден құран кітап, киім, бұйымдардан бөлек, музей, мавзолей, мешіт және оқу бөлмелерін көруге болады
Коньяға табанымыз тигеннен кейін бірінші барғанымыз – Мевлана музейі. Румидің құрметіне жасалған алып мавзолейді өз көзіңмен көру, аурасын сезіну бөлекше. Қаланы аралағанда ескі мен жаңаның қатар қолданылғанын байқадық. Ал біз орналасқан HICH қонақүйі дәл Мевлана музейінің жанында екен. Әр таңды азанның әуезді үнімен бастауға себеп болған бұл қонақүйді Серкан Ванлы 2013 жылы ашқан. Бұл кісі ел аралап, жер көргенді, саяхаттай жүріп өзіне ерекше ұнаған детальдарды қойындәптеріне түртіп алуды әдетке айналдырған. Қонақүй – сол ерекше идеялардың жемісі.
Расында Түркияда заманауи үлгіде жасалған, сәннің соңғы жетістіктерін паш ететін қонақүйлер жетерлік. Ал бұл қонақүй Түрік елінің көне тарихы мен дәстүрін бүгінгі өмір салтымен үндестіре білуімен құнды. Қонақүйге кіргенде тас дәуіріне енгендей әсерде боласыз. Бірақ, жайлы төсек, жарық та сәулетті бөлмедегі заттардың бәрі бүгінгі жаңашылдыққа сай. Коньяның дәл жүрегінде, Мевланының жанында орналасқан HICH қонақүйі әр туристің көңілінен шығарына күмән жоқ.
Leave a Reply