Туризм саласына қарасты басқарма атауының сыртқы байланыстар болуының себебі, мекеме Шымкенттің әсіресе туризм саласындағы сыртқы байланыстарына да тікелей жауап береді. Өткен жылы осы мақсатқа орай басқарма мамандары шетелдерге шығып, мегаполисті алыс елдерге таныстырып, сол жақтың бизнес өкілдерімен, туристік операторларымен келіссөздер жүргізіп қайтты. Сондай-ақ қолға алынған тағы бір мемлекеттік бағдарлама туралы айтсақ, елге алып келген әрбір шетелдік турист үшін мемлекет 15 мың теңге субсидия төлейді. Бұл да болсын отандық туризмнің дамуына серпін берері сөзсіз. Қазірдің өзінде жергілікті туроператорлар осы мемлекеттік көмекті алу аясында туристік әлеуетті көтереміз деп білек сыбана іске кірісіп жатыр. Өткен жылы Дубайдағы ЭКСПО кезінде Шымкент қаласының күндері өткізілген болатын. Араб елінде Шымкенттен барған үлкен делегация іскерлік кездесулер ұйымдастырып, әлемнің 120 мемлекетіне Шымкенттің туристік әлеуеті таныстырылды. Біріккен Араб Әмірліктерімен жылы қарым-қатынас орнатудың арқасында мегаполис тарихында алғаш рет БАӘ-нің бас консулдығы Шымкенттен ашылғалы жатыр. Осыған дейін Бас елшілік елордада, ал бас консулдық Алматы қаласында болатын. Өз кезегінде БАЭ бас консулдығын Шымкенттен ашуды ұйғарған. Осы жұмыстардың аясында қаладағы әуежай маңынан консулдық ғимараты таңдап алынды. Бас консулдықта алдағы уақытта 11 дипломат жұмыс істейді. Осы бастаманың нәтижесінде Шымкентке алдымен тікелей әуе рейсі ашылады. Сосын оның артынан туристер легі басталады. Келетін жаңа инвестицияларды да ұмытпау керек. Соның арқасында мәдени байланыстар жаңғырып, рухани қарым-қатынастар күшейеді. Осы ретте әкімдік басқа да елдердің бас консулдықтарын Шымкенттен ашу жөнінде тиісті ұсыныстар әзірлеп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы ресми іссапары аясында Шымкент күндері ұйымдастырылды. Баку төрінде қазақтың ақшаңқан киіз үйлері тігілді. Шымкенттің опера және балет театрын басқарып отырған елге танымал әнші Майра Мұхамедқызы сонда өнер көрсетті. Шымкенттен шыққан веоленчелист Бағжан Октябрь де өз өнерін туысқан ел әзербайжан халқының алдында паш етті. Қос Президент те Шымкенттің мәдени концерттік бағдарламасына арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ Қазақстан бойынша алғаш рет ашылған «Сандық» ұлттық мейрамханасы өзінің қазақы дәстүрмен әзірлеген тағамдарын қонақ боп келген қос Президентке де арнайы ұсынды. Осы Шымкент күндері аясында әзербайжандық туроператорлармен және бизнес өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Онда мегаполистің туристік және инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты баяндалды. Осы орайда 27 қыркүйек Халықаралық туризм күніне орай басқарма арнайы іс-шара ұйымдастырғалы жатыр. Оған шақырылған әзербайжандық әріптестер аталған іс-шараға қатысуға зор қызығушылық танытып отыр. Туристерді шақыру мақсатында ұйымдастырылған түрлі презентациялардың көздейтін мұраты сол іс-шараны өткізуге бюджеттен 1 теңге жаратылса, артынан келетін туристердің есебінен ол мемлекетке 20-30 теңге пайда ретінде қайтады. Шымкент 11 қала, 10 елмен бауырластық қатынас орнатқан. Соның ішінде Түркияның 3 қаласы бар. Мұнда тек бауырластық байланыстар орнап қана қоймай, сонымен бірге Шымкенттің іскерлік әлеуетінің артуына да зор септігін тигізіп отыр. Кабинетте отырғаннан іс бітпейтіні белгілі. Сондықтан басқарма көбінесе шетелдік туроператорларымен тікелей кездесуге өздері бастап шығады. Және жай ғана презентация өткізіп қайтпайды. Сол жерде туроператорлармен келісімге келіп, Шымкентке туристерді тартады. Басқарма сол арқылы қала экономикасына қосымша табыс түсуін және туристік бизнесте нәпақа тауып жүргендердің жұмыс орындарының сақталуын көздейді. Шетелдерде туроператорлық қызмет жақсы дамыған. Бұл үрдіс біздің елде де енді-енді жанданып келеді. Яғни турист бір жерді аралап қайту үшін алдын ала турмаршрут сатып алады. Бұрын адамдар бір қалаға жетіп алып, сосын қонақүй іздеп жүретін. Ыңғайлы сервис шетелде әлдеқайда аяққа ерте тұрып қойған. Сонда адамдар саяхаттаған кезде тек туроператордың дайын қызметіне сүйеніп қыдыруды үйренеді.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply