Шымкентте «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» өз жұмысын жасап келеді. Ол «Ана Үйі» Қоғамдық әрі қайырымдылық қоры жобасы жанынан ашылған. Оның мақсаты – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндердің қатарын азайту және балалардың мүддесін қорғайтын мемлекеттік саясатты жүзеге асыру. Бүгінгі күнге дейін орталыққа 70-тен астам ата-анаға заң жүзінде кеңестер берілген. Енді бала асырап алғысы келетін отбасы бірден осы орталыққа барып, қажетті мәліметтер мен ақпараттарды алуына болады. Орталық қызметкерлері оларға баланы қалай асырап алуға болатынын түсіндіре отырып, психологиялық көмек беруге де дайын. Онда келген әрбір ата-анамен жеке дара жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, тиісті құжаттарды заңды түрде рәсімдеуге көмек көрсетеді. Бұл игі бастаманы ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдап, соның нәтижесінде биыл 1 маусымда министрлік пен «Ана Үйі» қайырымдылық қоры арасында екі жақты меморандумға қол қойылды. Бұл – еліміздегі балалар үйлерін азайту, ал болашақта мүлдем жабу жолындағы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе жасаған алғашқы қадамы. Сонымен қатар, орталықта «Бала асырап алушы ата-аналар мектебі» де жұмыс істейді. «Ана үйі» қоғамдық қоры жанындағы «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығының» Шымкент бойынша үйлестіруші-маманы Ғалия Жұмабайқызының айтуынша, осы уақытқа дейін екі дәріс өткізілген.
– Мектепте психолог-мамандар бала асырап алғысы келетін ата-аналарға, жетім немесе олардың қамқорлығынсыз қалған балалармен қарым-қатынас жасау, ата-аналар мен отбасы мүшелерін бала асырап алуға дайындау бойынша арнайы дәрістер өткізеді. Мұндай психологиялық сабақтар аптасына үш сағаттан өтіп, жалпы 12 дәрісті құрайды. Бұл – тілек білдіруші ата-аналарға көрсетілетін көмектің ең негізгісі. Өйткені, бала асырап алу үшін шешім қабылдау оңай емес екені белгілі. Жауапты қадам жасаған азаматтарға ата-анасыз өскен және отбасы жылуын көрмеген балалардың өздеріне тән психологиялық ерекшеліктері болатынын түсіндіреміз. Олардың мүлдем танымайтын отбасына бірден бейімделіп кетуі қиынға соғады. Өкінішке қарай, асырап алған балаларды кері қайтарған жағдайлар да кездесті. Сондықтан, осындай мәселелерге қатысты ата-аналарға көптеген кеңестер беріледі, – дейді Ғалия Төнтекова. Орталықтың тағы бір мақсаты – түрлі дерттерден айығып, денсаулығы жақсарған жетім балаларды отбасына орналастыру. Ал оларды емдеумен Астана қаласындағы «BI Жұлдызай» медициналық оңалту орталығының дәрігерлері айналысады. Бұл ретте мамандар жоспар бойынша, еліміздің барлық қалаларына іссапарға шығып, науқас балаларға ем-домын жасайды. Мәселен, биыл мамыр айында Шымкенттегі «Бөбектер Үйі» мен «Ана Үйіндегі» сәбилерді тексеріп, қажетті кеңестерін айтты. Болашақта науқас баларды емдеу үшін шетелден мамандар шақырту немесе шетелге ем қабылдауға жіберуге де жағдай жасалады. Бұл бастаманы жергілікті билік өкілдері де қолдап, қаланың орталық көшелерінде және облысымыздың аудан орталықтарында билбордтар орналастырылды және әлеуметтік бейнероликтер жасалып, телеарналардан көрсетілді. Сонымен қатар, есімі елге белгілі кәсіпкерлер, өнер қайраткерлері мен спорт саңлақтары да жобаны көпшілікке хабардар ету үшін қолдау көрсетуде. Соның нәтижесінде, бүгінгі таңда 70-тен астам азамат орталыққа келіп, сондай-ақ, телефон арқылы хабарласып, қажетті ақпараттарын алды. Бала асырап алғысы келетіндер 1422 нөмірлі республикалық call орталығына тегін қоңырау соға алады. Ал Шымкент бойынша, 8-7252-97-51-99 және 8-747-311-97-82 телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады. Орталықтың мекен-жайы: Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесі, №20Б үй, 2 қабат, №208 кеңсе.
Қызмет ақпарат
2000 символ
Leave a Reply