Шымкент қаласы соңғы жылдары үлкен құрылыс алаңына айналғандай әсер етеді. Жол жөндеу, жаңа жолдың құрылыстарымен қат-қабат жаңа көпқабатты үйлер салынып, елдімекендерге табиғи газ тарту жұмыстары да жүріп жатыр. Бүгін шаһар басшысы Мұрат Әйтенов Ақтас және Ақтас 2 шағын аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысып қайтты.
Абай ауданына қарасты Ақтас -1 және Ақтас-2 шағын аудандарында былтыр басталған инженерлік инфрақұрылым жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда Ақтас шағын ауданы бойынша 16,6 шақырым, Ақтас 2 шағын ауданы бойынша 16,5 шақырымға газ құбырлары тартылып, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақындап келеді. Қазір тұрғындармен кездесулер өткізіліп, міндеттері түсіндіріліп, үй ішілік газ құбырларын кіргізу дайындықтарының деңгейі туралы ақпараттар жиналып жатыр,-дейді тиісті басқарма басшысы Б.Булатбеков.
Айта кетейік, қазіргі уақытта газ құбырларына сынам ажұмыстары жүруде. Газ құбырлары тексеру жұмыстарынан өткеннен кейін газ беру жұмысы басталатын болады. Осыған орай, ақтастықтар «ҚазТрансГаз» ШӨФ-ке қажетті құжаттарын тапсырып, техникалық шарт алулары тиіс. Құжаттары дайын үйлерге абоненттеу жұмыстары рет-ретімен жүргізілетін болады.
Қала әкімі арнайы сала мамандары мен тиісті мердігер мекемелерге жұмыс сапасы мен газ беру жұмыстарын тездетуді тапсырды.
Жалпы 2025 жылы мегаполис тұрғындарын 100 пайыз көгілдір отынмен қамту жоспары бар .
Қазір табиғи газбен шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Жыл соңында Тұран магистралды газ құбырының құрылысы мен Батыс, Арғымақ, Ақтас, Нұртас, Ақтас-2, Ақжар, Сауле, Көкбұлақ, барлығы 8 елді мекенде құрылыс жұмыстар аяқталады. Нәтижесінде қаладағы 20 мыңға жуық адам табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді. Ал, 2025 жылы мегаполис тұрғындарының 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылуы жоспарлануда. Шымкент қаласын газбен қамту көрсеткішін 2022 жылы 94,7 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр.
Өткен жылы Бадам тұрғын алабы газбен қамтылған болатын. Биыл Тоғыс, Жыланбұзған, Елтай, Айнатас, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Қаратөбе, Оңтүстік-Жаңақұрылыс, Бадам, Бадам-2 және Оңтүстік елді мекендерінде құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Келесі 2023 жылы Шымкентте 8, 2024 жылы 12 елді мекен табиғи газбен толық қамтылады деп жоспарланған.
Leave a Reply