ШЫМКЕНТТЕ ӘЙЕЛДЕРДІҢ САЯСИ КӨШБАСШЫЛЫҒЫ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

Бүгін «Қазақстан әйелдер күштері» Альянсы ОҚМПУ ғимаратында «Әйелдердің саяси көшбасшылығы мектебін» ашып, алғашқы түлектерін қабылдады.
Бұл бағытты жандандыруда 2022-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілген. Осы жол картасының маңызды қадамдарының бірі — әйелдердің саяси сауаттылығын дамыту. Жалпы Альянстың қызметі қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеруге және гендерлік теңдікті дамытуға бағытталған.
Шымкенттік әйелдері көшбасшы болуға әбден лайық. Билікті қолға алып,, басшы болуға емес, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді біліктілікпен шешуге бел буды. Мұндағы мақсат- бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен арулардың әлеуетін дамытып, заман талабына сай әйел-басшы, әйел-аналарға жол  сілтеу, тәжірибемен бөлісу.
— Әйелдердің саяси көшбасшылығын дамыту қоғамды демократияландырудың маңызды қадамдарының бірі. Бақытты мемлекет – бақытты отбасыдан басталады. Ал отбасында ананың орны ерекше. Бүгінде нәзік жандыларды барлық саладан көруге болады. Дегенмен олардың саясатқа араласуы өте аз. Әйелдерге саясатта тең мүмкіндік беру үшін олардың шешім қабылдау деңгейін 50 пайызға арттыру керек. Сол мақсатта осы мектепті ұйымдастырдық, — дейді Альянс төрайымы Жанетта Жазықбаева.
Білім жетілдіруге халықаралық деңгейдегі сертификаттары бар жетекші мамандар тартылады. 35 сағатқа созылатын сабақ барысында іскер әйелдер көшбасшылықты, жеке брендті, іскерлік имиджді, стильді дамыту бойынша жұмыс жасайды. Сонымен қатар психолог маманның кеңесін алып, этикет дағдыларын үйренеді. Әйелдердің қоғамдағы орны мен жағдайын жақсартуды мақсат тұтқан Әйелдер Альянсы қаламыздағы барлық әйелдерді осындай метептен өтуге шақырады.
Статистикалық зерттеулерге сүйенсек, елімізде соңғы 10 жылда жетекшілік орындарда отырған әйелдердің қатары екі есеге өскен. Әсіресе, аудан әкімдері орынбасарларының дәрежесінде нәзікжандылар басым. Бірақ, бұл мәліметтер Қазақстанның cолтүстік аймақтары мен шығыс бөлігіне ғана тән. Қыз-келіншектердің басшылық қызметке араласуынан Түркістан облысы көш соңында. Сондықтан күнгейдің іскер әйелдеріне қолдау қажет. Жаңадан орталықты ашқан мамандардың сөзінше енді нәзік жандыларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру да жоспарда бар. Дегенмен сала мамандары аудандағы әйелдердің көшбасшылық қабілеті артатынына сенімді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика