ШЫМКЕНТТЕ «АҚЫЛДЫ ҚАЛА»ЖОБАСЫ НЕГІЗІНДЕ КӨШЕЛЕР ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласының инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылуда. Көше жарығы диспетчерлік орталық ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын.
Орталық арқылы әзірше қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйелері толықтай басқарылуда. Яғни, істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматты төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
Бүгін аталған орталыққа қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, операторлардың диспетчерлік жұмысы мен бірегей жобаның мүмкіндіктерімен танысу барысында, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында басқа да жаңа технологияларды зерттеп, қала өміріне енгізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы барлық көшелерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.
Қаратау ауданына қарасты Достық шағынауданын сапалы электр қуатымен қамту құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталған болатын.  Құрылыс жұмысы барысында 1206 электр бағанасы мен трансформатор орнатылып, 47 шақырымнан астам электр желісі тартылды. Тұрғындардың сұранысы бойынша, қосымша жобадан тыс көше бойына әр 3 үйге бір электр бағанасы орнатылуда.
Елді мекен тұрғындары электр энергиясына әр киловатына 25-30 теңгеден төлеп келген. Алдағы уақытта абоненттеу жұмыстары толық аяқталып, тариф құны 17,9 теңгені құрайтын болады.  Айта кетейік, мердігер мекеме есебінен электр энергиясы тұрғын үйдің алдына дейін жеткізіледі. Әрі қарай кабельді қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіріп, тұрғындар өз есебінен жүргізетін болады.  Қазіргі уақытта абоненттеу жүргізілуде. Жұмыс толық аяқталған соң Достық мөлтек ауданындағы 2686 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика