ҚАРАУЫЛТӨБЕ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛЕДІ

Өткен аптада Түркістан облысының Ордабасы ауданы орталығы Темірлан ауылына кіреберіс жол бойындағы Қарауылтөбенің үстін қазып жатқаны туралы әлеуметтік желіде мәселе көтерілді. Бұл Қарауылтөбе еліміздің ерекше қорғалатын тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енген Қола дәуірінің жәдігері болып саналады. Естеріңізде болса, былтыр ғана «Ордабасыны дәріптейміз деп, бабалар сүйегін көмусіз қалдырамыз ба?..» («Қызмет» республикалық қоғамдық газетінің 2019 жылғы 15 ақпандағы №5-6 саны) деген тақырыппен осы ауданда дәл Қола дәуірінің ескерткішін қиратып жатқанын жазған едік.

Бұл жолы да сол аудан, сол дәуірдің жәдігерлері. Сонда, Ордабасы ауданы бабасының қураған сүйегімен ойнауды әдетке айналдырып алған ба? Түркістан облыстық Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану орталығының басшысы Ж.Керімұлы аталған ескерткіштің қазіргі жай-күйін көзбен көріп, мүмкіндігінше қазу жұмыстарын тоқтату қажеттегін айтып, бірге жүруімізді өтінгенде бізді осы бір сауал мазалап, қуана келістік.

Қарауылтөбеге келгенімізде ескерткіш үстін тегістеп, қазып, құрылыс жүргізіп жатқан мердігер компания өкілі қарсы алды. Ол өзін Марат Исаев деп таныстырғанмен, мекеме атын атағысы келмеді. Оның айтуынша, мұнда «Рәміздер алаңы» орнатылады екен. Яғни, Қарауылтөбенің үстінде биіктігі 30 метр болатын үлкен байрақ желбірейді, оның екі қанатында ту туралы мәлімет пен аудан атауын үлкен әріптермен жазу жобаланған екен. Ал, төбе етегінде кең автотұрақтың сұлбасы байқалады. Автотұрақ пен төбе басындағы тегістелген алаңқай арасын бетонды баспалдақпен жалғауды жоспарлаған секілді. Жобаға тапсырыс беруші Ордабасы ауданы әкімдігі, қаражат аудан бюджетінен бөлінген дейді Марат шебер. Үлкен байрақ орнатылатын тұғырды орнату үшін төбе үсті тегістеліп, тереңдігі 3-4 метр тереңдікте шұңқыр қазылған, бетонмен бекіту үшін арматуралармен тірек-қаңқа құрастырылған. Мердігер өкілінен жоба басталмас бұрын археологиялық сараптама жасалған-жасалмағанын сұрағанымызда одан бейхабар екенін айтты.

Екі мың жылдан астам тарихы бар бұл бүлінген ескерткіштің қазіргі күйін көру, оның жоғарғы қабатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын тоқтату және тез арада қайта қалпына келтіру үшін түсіндіру мақсатында арнайы келген комиссия құрамында Түркістан облысының мәдениет басқармасы, Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталықтың басшылығы және Ә.Марғұлан атындағы археология институтының өкілдері болды. Комиссия нысан басында Ордабасы ауданы әкімдігі және құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеме қызметкерлеріне жолығып, ескерткішті қорғау жөнінде әңгіме қозғады. Тиісті сала мамандарының және академик Бауыржан Байтанаевтың сөзінен кейін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев мырза Қарауылтөбе үстіне салынып жатқан құрылысты тоқтатып, ескерткішті қайта қалпына келтіретінін жеткізді.

«Бұл Қарауылтөбе жалғыз емес. Арыс пен Бадам өзендері аумағында үлкенді-кішілі осындай 53 оба-қорған бар. Мына Қарауылтөбе сол жүйенің бір бөлшегі ғана. Анау көрініп тұрған ортағасырлық Шұбар қалажұрты, оның арғы жағындағы Боралдай қалажұртынан бастап, мына шеті Отырарға дейінгі аралықты қамтитын тізбекті қарауылтөбелер жүйесі бар. Мына біз тұрған Қарауылтөбе сол жүйедегі ең ірілерінің бірі, биіктігі 15 метр. Кейінгі ұрпақ алдында да, қазіргі әлем археологтары алдында да қарабет болмауымыз үшін мұны қорғауымыз керек» деді академик Б.Байтанаев.

Облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталық басшысы Ж.Керімұлының айтуынша, көп жағдайда аудан, қалаларда салынуы жоспарланған құрылыс жұмыстарын бастаған мердігерлер заңнамалардан бейхабар болатын жағдайлар көп кездеседі екен. «Өкінішке қарай, салдары осындай жағдайға алып келеді. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңының 30 бабына сәйкес жерді игеруден алдын тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жұмыстары жүргізілуі тиіс» дейді орталық директоры.

Алдағы уақытта мұндай заң бұзушылықтар қайта орын алмас үшін, Түркістан облысының Мәдениет басқармасы жанынан тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мақсатында ақылдастар алқасы құрылып, онда ұдайы кеңес өткізіліп тұратын және аудандарға тиісті әдістемелік көмек берілетін болды.

С.Қаржан

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика