Жуырда Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазіргі жаһандық мәселелерге жастардың ғылыми көзқарастары» атты ғылыми конференция өтті. Аталмыш іс-шараға Нұрсұлтан қаласындағы Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлтты оқу орнынан, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінен, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік оқу орнынан және колледждерден студенттер келді. Әрі қаладағы орта арнаулы мектептерден оқушылар қатысқанын да айта кеткен жөн.
Конференция шымылдығын химиялық инжинерия биотехнология жоғары мектебінің деканы Ә.Анарбаев сөз сөйлеп ашты. Ә.Анарбаев мінберге шыққан соң:
– Құрметті студенттер, құрметті ұстаздар, бүгін жаратылыстану, техникалық, әлеуметтік, экономиалық ғылымдар бойынша ХХІІІ республикалық конференция басталды. Сіздер білесіздер, бұл оқу орны көп салалы болып келеді. Сондықтан, университет әдебиет, филология, саясаттану, агроөнеркәсіп, химия, техника салалары бойынша бүгінгі іс-шарада қамтиды. 2018 жылы бізде 9 мың студент ғылыммен айналысқан болса, 2019 жылы ол көрсеткіш 10 мың 350-ге жетті. Оқу орнында «Мұнайшы», «Технолог», «Механик», «Автомоболисть» сияқты үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, тәлімгерлер арасынан ұйымдастырылған студенттік конструкциялық бюролар қызмет жасайды. Ол жерде тәлімгерлердің ғылыми жұмыстары талданады, – деп одан ары қарай да атқарылып жатқан тірліктерді айтып өтті.
Келесі кезекте бірінен соң бірі шыққан студенттер өздерінің жыл бойы жасаған ғылыми жұмыстарын баяндама түрінде жеткізді. Оқу орнында конференция 4 жерде қатарынан ұйымдастырылды. Әр бағыттағы ашылған жаңалықтар өз салаларына орай түрлі секцияларда таныстырылды.
Ал университеттің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Уланбатор Сүлейменов журналистерге төмендегідей сұхбат берді.
– Оқу орнымызда екі күн қатарынан студенттердің практикалық конференциясы өтеді. Бұл жылда өткізілетін дәстүрлі іс-шара. Биылғы конференция 23-ші басқосу. Шара аясында шамамен мыңға жуық ғылыми еңбектер тыңдалады. Секциялардың барлығы негізгі ғылыми приоритеттік бағыттарға арналған. Мақсаты университеттің кәсіпкерлік оқу орнына айналуына қатысты. Барлық ғылыми баяндамалар аталған бағытқа сүйенген. Шара соңында студенттердің ғылыми еңбтері талқыланып, олар бірінші, екінші, үшінші деген секілді орындарға ұсынылады, — деді.
Келесі кезекте М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың заң факультетінің деканы Жамбыл Орынтаев:
– Оқу орнында 96 университеттік үйірмеге заң факультетінің студенттері де өзінің үлестерін қосуда. Атап айта кететін болсақ, оның ішінде заңгерлердің «Сивилис» атты үлкен үйірмесі жұмыс жасайды. Қазіргі таңда, ұрпақтарымызды осындай үлкен студенттік үйірмелерге және олимпиадаларға, ғылыми конференцияларға қатыстыру қажет. Олар өздерінің ойын айта білу, үлкен мінберлерден сөйлеу білуді үйренеді. Біз жастарды қазіргі болып жатқан жаһандық мәселелерге дұрыс бағытта қарауға тәрбиелеудеміз, – деп өз ойын білдірді.
Конференцияда баяндама жасаған аталған оқу орынның ІІ-курс студенті Жазира Өмірзаққызын сөзге тартқан едік. Ол:
– Мен ғылыми жоба бойынша саңырауқұлақтың бес түрін өсірдім. Бұл еңбек үй жағдайында атқарылды. Оған мақтаның шұлқасын пайдаландым. Саңырауқұлақтың өсіп жетілуіне 3-4 апта уақыт кетті. Саңырауқұлақты мол алу үшін бөлмені жиі дизенфекциялап, әрі желдетіп тұру қажет. Әрі бөлме темпертурасы +25 градустан аспауы тиіс. Биылғы «Жастар жылында» бұл жобаны бизнестік бағытта дамыту жоспарымда бар. Жобамды жүзеге асыруға, тәжірибе арттыруға университет тарапынан көмек жасалуда. Алдағы уақытта үй жағдайында лимон өсіру ойда бар, – деп сұхбат берді.
Екі күнге созылған конференция тәлімгерлердің кәсіптік біліктілігін арттырып, көкжиегін кеңейтті. Лайым, бүгінгі студенттер ертеңгі ғалымдарға айнала бергей!
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Leave a Reply