Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шымкент -еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналу керек»

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентті  еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын жұртшылықпен кездесуінде айтты. Шаһарды өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталды. Ең алдымен, Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, индустриялық аймақтарды жетілдіру үшін  қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді.

Президент ауыл шаруашылығын өркендетуге де тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.Сондай-ақ, қаланың бас жоспары оның экономикалық әлеуетіне сай болуы қажеттігін ескертті. Мұнда әлемдегі ірі мегаполистерде болатын мәселелер түгел ескерілуге тиіс екенін айтты.

 – Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын, – деді Президент.

 Сонымен қатар тұрғын-үй құрылысын жандандыру мәселесіне де назар аударуды ұмытпады.

– Биыл 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Соның арқасында 9 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлайды. Тұрғын-үй құрылысының қарқынын бәсеңдетпеу керек. Ең бастысы, оның бағасы жұртқа қолжетімді болуы қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін айтты.

– Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын айтқан Президент Шымкентте Оқушылар сарайы және Балалар шығармашылық орталығы салынып жатқанына тоқталды.

– Қаланың демографиялық өсімін ескере отырып, әкімдікке 2025 жылға дейін тағы бір Оқушылар сарайын салуды тапсырамын. Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысып жатыр. Қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Осы өңірдің кәсіпкерлері көптеген мектеп салып, білім саласына зор үлес қосып жатыр. Әкімдік алдағы жылы үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласы да мемлекеттің басты назарында екенін жеткізді.

 – Қазір қалада ауқымды іс-шаралар өткізетін мәдениет ошағы тапшы.  Менің тапсырмам бойынша 2 мың орындық Конгресс холлдың құрылысы басталды. Бұл нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қалада Опера және балет театры бар. Алайда, оның ғимараты талапқа сай емес. Сондықтан, Үкіметке Шымкентте Опера және балет театрын салуды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамыту да негізгі міндеттің бірі екенін айтып, заманауи стандартқа сай перзентхана қажеттігін жеткізді. Осыған орай, Әкімдік пен Үкіметке перзентхана салу жұмысын жеделдету туралы тапсырма берді.

Халықты жұмыспен қамту мәселесін жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі ретінде атап, қазір Шымкент тұрғындарының үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғанына тоқталды.

– Биыл кемінде 24 мың адамды жұмысқа орналастыру керек. Мен жергілікті өзін-өзі басқару ісін дамыту туралы нақты тапсырмамды бердім. Қазір тиісті Заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді әкімдіктер мен мәслихаттардың өкілеттігі біршама кеңейетін болды. Соған сәйкес жауапкершілік те  күшейеді. Мұның бәрі қала экономикасын дамытып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент. 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика