Шымкент мұнай өңдеу зауыты ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарлы

Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты ішкі нарықты қамтасыз етуге қауқарлы. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары аясында айтылды. Мемлекет басшысы мұнай өңдеу зауытында болып, өндірістік қуатымен танысты.

Зауыт қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен «Петро Қазақстан Ойл продактс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Ерболат Қожабаев таныстырды. Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндап берді.

Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. «Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі. Сондықтан болар, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырмыз деп айта аламыз»- деді «Петро Қазақстан Ойл продактс» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Ерболат Қожабаев.

Зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды. « Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жұмысшылармен әңгіме барысында Шымкентті оңтүстік өңірдегі хабқа айналдыруға болатынын айтты. Мұнда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі және құрылыс саласын дамытуға мүмкіндік мол екенін ескертті. «Осы орайда «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Көлік-логистика аймағын кеңейту маңызды міндеттердің бірі. Қазір қалада аумағы 90 мың шаршы метр болатын 6 қойма бар. Шымкент өте қолайлы жерде орналасқан. Мұны тиімді пайдалансақ, қаланы оңтүстік өңірдегі хабқа айналдыруға болады. Әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, осы мәселені пысықтауды тапсырамын», — деді ҚР Президенті  кездесу барысында.

Айта өтейік, еліміздегі ірі мұнай өңдеу зауытының бірі Шымкент қаласында орналасқан. Кәсіпорынның қолайлы географиялық орналасуын және жоғары техникалық мүмкіндіктерін есепке алса, ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізілімдерді жүзеге асыру үшін барлық алғышарттар бар. «ПетроҚазақстан» компаниясының өнімдерінің сапасы жоғары болып келеді. Мұнайды өндіріп, және жоғары сапалы мұнай өнімдерінің кең ауқымды сұрыпталымын шығара отырып, «ПетроҚазақстан» компаниясы өзінің өнімдерін Қазақстанда да, сондай-ақ республикадан тысқары жерлерде де сатып өткізеді. Құмкөл мұнайы халықаралық нарықта жоғары бағаланады және сапасы жағынан халықаралық «Брент» мұнай эталонына сай келеді.

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика