Шымкент қаласы , Абай ауданына қарасты Гагарин көшесінде орналасқан 96,102 үй тұрғындармен кездесу өткізіліп, реновация бағдарламасына қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Онда Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы бастамашы болып, Абай ауданы әкімдігі және «Shymkent» ӘКК» АҚ-ның мамандарымен бірлесіп, инвестор ұсынатын шарттармен таныстырды.
Реновация бағдарламасының талап шарттарына сәйкес, жиналысқа тұрғын үй пәтерлері меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, жиналыс заңды деп есептеледі. Жиналыс шешімімен келісім берілген жағдайда, авариялық тұрғын үйлердегі тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер беріледі. Сондай-ақ пәтер беру кезінде — пәтерлердің техникалық төлқұжаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құрылыс нормаларына, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес, пәтердің жақсартылған әрлеуде болуы, көп пәтерлі үйлерде азаматтардың аз мобильді топтары үшін, оның ішінде пәтерде жағдай жасалуы сынды бірқатар талаптар сақталады.
Реновация бағдарламасы әкімдіктің қаулысымен бұған дейін бекітілген болатын. Бүгінде аталған бағдарлама жаңа редакцияда қайта қаралуда. Осының аясында тұрғындардың келісімімен түбегейлі жаңартылатын тұрғын үйлердің тізбесі анықталып, іске асыру көзделген.
Айта кету керек, қазіргі таңда көппәтерлі тұрғынүйлерді реновациялау мақсатында «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-мен әлеуетті инвестор «KazSMU» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандум (келісім) түзілді.
Анықтама үшін: Реновация дегеніміз – тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасы. Шымкент қаласында 2 236 көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 70%-ынан астамы Кеңес заманынан бері келе жатқан тұрғын үйлер. Соған байланысты жақында Samruk-Kazyna Construction АҚ және Shymkent ӘКК мен қалалық тұрғын үй басқармасы арасында осы бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде меморандум түзілді.4 аудан бойынша 107 тұрғын үй ұсынылған. Бұл 107 үйдің 56-ы Абай ауданында, 43-і Әл-Фараби ауданында, 8-і Еңбекші ауданында орналасқан. Қазіргі таңда сол тұрғын үйлерге сараптау жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұрғын үйді бұзбас бұрын ең әуелі міндетті түрде тұрғындардың келісімі алынады. Тұрғындардың үштен екісі келісім берген жағдайда тұрғын үй сүріледі. Ал егер тұрғындар келіспесе, онда тұрғын үй бұзылмайды.
Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының есепке алу, тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы: «Бұл жерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Үй сүріліп, салынып жатқан кезде инвестор тұрғындарды басқа жайға орналастырылады, және сол кездегі шығын да инвестор тарапынан өтеледі. Тағы бір айта кететін жайт – үй салынып болған соң, жаңа үйден пәтер алуына болады. Шаршы метрі бұрынғы үйінің шаршы метрінен кем болмайды. «Басқа жақтан пәтер аламын» десе ақшасын береді».
Leave a Reply