tories/_dsc0025_968x645.jpg» border=»0″ width=»230″ height=»141″ align=»left» /> Қарашаның қара суығы әп сәтте қыстың алғашқы қаһары мен лебін таныта келді. Былайғы көпшілік қауым үшін бұл кез – суықтанып қалудан сақтанып, бар жақсысын қымтанып үстіне жапсыра киінуге бекінген шағы екені анық. Бұл ретте біздер көбіне елей бермейтін, әйтсе де, көз алдымызда қыс аязын сезінбей, салауатты өмір салтын қатаң ұстанып жүрген жандар да баршылық. Олардың өзгелерден басты ерекшелігі – қыс аязында да суға шомылатындығы. Әрине, бұл ретте ақырған аязда суға түсу, сырт адамға еріккенің ермегі секілді көрінетіні рас. Бірақ бұны әдет қылған жандар үшін қысқы шомылудың қызығы енді басталады. Сақылдаған сары аязда суға түсетіндер тіпті отыз градус аяздың да сынғанын күтіп, аялдай қоймайды. «Мұзды су — тәнді ғана емес жанды да сергітеді. Шыныққан тән күннің ыстық-суығына бірдей, шыдамды», — дейді бұл жөнінде олар өздері. Сұрап білгеніміз, суық суға сүңгіп шыққан адамның көңіл-күйі керемет көтеріңкі болатын көрінеді.
Шын мәнінде, қыстың сары аязында суға шомылу – жай әншейін даңғазалық па, әлде расымен де оның денсаулыққа тигізер пайдасы бар ма? Сырт қараған жанға, әрине бәрі де жұмбақ. Ал, мұндай сауалға жанына суық судан дәру іздеген жандардың айтар жауабы аз емес. Олардың пікірінше, дертін көп ретте дәрі–дәрмекпен басқанды қалайтындар мықтап қателеседі. Облыс орталығындағы қаланы қақ жарып өтетін Қошқарата өзенінің бастау бұлағына жиналған көпшіліктің пікірі осыған келіп саяды.
Бұл ретте, қысы-жазы үстіне спорт жейдесін, аяғына кроссовкасын киіп, желе шоқытып жүгіріп келе жататын алпыстың асқарына шыққан кісіні Шымкенттегі тән саулығын ұстана білетін тұрғындардың біразы жақсы біледі. Бүгінде облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қызмет атқаратын Әбдімәлік ағамыз «деннің саулығы жанның да саулығы» екендігін әркез назардан шығарған емес.
— Несін жасырайын, осында тұрақты түрде шомылумен айналысып жүргеніме 5-6 жыл уақыт өтіпті. Тізем қақсап, буын – буындарымнан суық ұстай берген соң білетіндердің айтуымен салқын суға үйірсектей бастадым. « Сынаны сынамен шығарады» деген рас қой, осы салқын суға тұрақты шомылудың нәтижесінде денемдегі бар суықтан мүлдем құтылдым десем де болады. Ал, қазыр қысы – жазы суға шомылу менің ең сүйікті ісіме айналып кетті. Негізінен мұнда көп жағдайда жанына шипа іздеген жандардың ізгі тілекпен келіп жататыны да жасырын емес. Бұл бұлақтың өзіндік ерекшелігі де баршылық. Қатарлас, бір сарында ағып жатқан мына екі бастаудың бірі қарапайым ғана болса, ал, баба мазаратынан бастау алған мына өзен суы мөлдір әрі жанға жайлы леп сезіледі, денеге жұмсақ тиеді. Кейде көпшілік бұл жерді бір мезгілдік демалыс орны ретінде қарайды. Яғни, жаздың шуақты бір күндері қыздырына жатып, демалғанды тәуір көреді. Осындағы қолы ашық азаматтарға рахмет! Тұрақты түрде келушілерге арнап шомылуға ыңғайлы бөгет жасап, пайдалануға берді. Енді Алла қаласа, алдағы күндері бір кәсіпкер азамат көлік аялдамасы, киім ауыстыру кабиналары секілді тұрақ орындарын салып беруге уәде етіп отыр. Ал, мұндай әрекеттер жанына шипа іздеген жандар үшін таптырмайтын игі іс болар еді, — дейді ол.
Әрине, қыс ауасында ашық суға шомылудың өзіндік талап, ережелері де баршылық. Яғни, алғаш осы тәжірибені жүзеге асырып көруді ойға алған азаматтар үшін бірден суға шомылуды бастау өз денсаулығына кері әсерін тигізуі де ғажап емес. Бұл үшін ең алдымен, ұзақтыққа жүгіріп, денені барынша қыздырып алу барынша тиімді.
– Алғашқыда әрине, таңертеңгілік уақытта 20-30 минут денешынықтыру жаттығуларын жасап, аздап жүгіріп жүрдім. Содан, әбден етім үйреніп алғаны сонша, таңартең дене жаттығуын жасап, жүгірмесем бойым құрысып, өзімді біртүрлі сезінемін, – дейді бұл жөнінде кеңес берген ағамыз.
Таңертең 15-20 минут дене жаттығуын жасайтындар қай жерде де жетіп артылады, ал, енді Әбдімәлік ағаның олардан ерекшелігі, ол күн сайын 30 шақырымға дейін жүгіреді. Иә, 30 шақырым желе жортып жүгіріп, содан кейін біраз дене жаттығуларын жасау оның қанына сіңген әдеті. Жүгіргенде спорт костюмімен емес, шолақ дамбалдан басқаның бәрін шешіп, жалаңаш қалпы жүгіреді. Алғашқы қар түскенше осылай жүгіретін ол қыста жұқа спорт киімін киеді.
Жыл мезгілдерін талғай бермейтін ол қыстың қақаған аяздарында да қаладағы Қошқарата өзенін жағалауды әдетке айналдырған. 30-35 градустық аяздарда суға шомылып, көк мұздың үстінде буы бұрқырап біраз тұратын оны көргендердің шошитыны бар. Қыстың қақаған аязында тастай суға шомылып, көк мұздың үстінде жалаңаяқ екі иығынан демалып, бүйірін таянып тұрған ақсақалдың кейпі жылы тон мен күрте киіп, бүрсең қаққан жандарды қалай шошытпасын. Ауру дегеннің не екенін, ауруханаға баратын жолды ұмытқан Әбдімәлік аға салауатты өмірдің адамға не беретінін өте жақсы біледі.
Денсаулыққа ең пайдалы нәрсе жүру деп есептейді ол. Жылдың қай мезгілі болмасын күн сайын ондаған шақырым жүруді берік әдетке айналдырған. Жүріп келе жатып, желе шоқытып жүгіріп кететін кездері көп. Көшеде жедел басып жүріп немесе желе шоқытып жүгіріп келе жатқанын үнемі көретін жергілікті тұрғындар үшін ол салауаттылықты санасына берік сіңірген ерекше адам.
Ет пен сүйектен жаратылған пенде болғасын қанша салауаттылық өмірді ұстанғанмен кейде ауырып-сырқайтын кездерің болмай қалмайды. Өмірі аузына дәрі салып көрмеген Әбдімәлік ағамыздың сондайда қолданатын өз емі бар. Дене температурасы 39-ға барып, шекесі солқылдап ауырған ол ойыққа келіп, тастай суға сүңгіп шығады. Содан дене қызуы қайтып, ауруының ізі де қалмайды. Кейде дене қызуы көтеріле қалса, ол осы әдісті қолданады екен.
Таң алагеуім сәтте дәстүрлі әдетіне сай өзеннің бастау бұлағына келіп суға шомылуға кіріскен жандардың арасында қала тұрғыны Айша Баққараева да жүр. Біз ол кісінің де пікірін біле кеткенді жөн көрдік.
— Мына Әсел құрбым екеуіміз үш жылдан бері тұрақты түрде үзбей шомылып келеміз. Шомылу уақытын жаздың күндері таңсәріде сағат алтылардың кезіне белгілесек, мына қыс ауасында таңғы сағат жетіде келіп жүрміз. Көбіне мұнда түрлі дертке дауа іздеген жандар ағылып келіп жатады. Ал, өз — өзіне сенімділік болған жерде Алла қаласа кез — келген дерт жазылады. Бұлақ суының ерекшелігі осы емдік қасиетінде. Судың қасиетін сезінгендіңтен болар, көп ретте мұндағы кісілер жаяу келгенді ұнатады. Ал, бұлардың қатарында қаладан шеткері жерлерде тұратын тұрғындар да баршылық. Жыл он екіай суға шомылу — қызық қуғандық емес, денсаулық күтіміне ден қойғандық деген болар едім, — дейді ол.
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ.
«Қызмет» ақпарат.
{jcomments on}
Leave a Reply