Қала әкімі Мұрат Әйтенов Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысын аралап, жұмыс барысын тексерді.
Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрық магистралының ені 80 метрден 4-6 жолақты құрайды.
Жобаға сәйкес, жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады.
Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығының құрылысы былтыр басталды. Нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
Жолайрық құрылысы аталған көшелердегі көлік өткізгіштік қабілетін арттырады. Мысалы, 2016 жылы жасалынған өлшеулерге сәйкес, аталған қиылыстағы Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалу жиілігі тәулігіне 24,3 мың авто, 2019 жылы 33,4 мың автокөлікке көбейген.
Арғынбеков көшесінде тәулігіне 22,6 мың авто, 2019 жылы 31,9 мыңға артқан. Жолайрық құрылысын пайдалануға берген жағдайда екі есеге дейін, яғни Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі 60 мың авто/тәулікке, Арғынбеков көшесі арқылы 55,6 мың авто/тәулікке көбеймек. Десе де көлік кептелісінің алдын алады деп салынып жатқан құрылыс қарқын алды. Қазіргі таңда бір жақ беткейін ашып, көлік қозғалысына жағдай жасалды.
Жұмыстарды тексеру барысында қала әкімі құрылыстың сапалы әрі мерзімінде бітуін жауапты басқарма басшыларына қадағалауды тапсырды.
Қазіргі таңда, Бәйдібек би даңғылының негізгі көпір өткелінің конструкциясы, екінші және үшінші оң жақ өткелдердің тіреу қабырғаларын орнату және Арғынбеков көшесінің жол негізін дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Арғынбеков көшесі арқылы өтетін бірінші деңгейдің жолдарын гранитті тақта таспен әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Leave a Reply