ШЫМКЕНТТЕ 3 МЫҢҒА ЖУЫҚ АНА ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

 

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысында «Бақытты жанұя» орталығының басшысы А.Қалымбет мәлімдеді.

Комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.

Отырыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп келетін көмектің жай-жапсарын баяндаған «Бақытты жанұя» орталығының басшысы 4 269 ана жұмыспен қамту шараларына тартылғанын, 1225 ана қоғамдық жұмыспен қамтылғанын және 2 882 ана тұрақты жұмыспен қамтылғанын атап өтті. Сонымен бірге, 373 ана кәсіптік тегін оқу курсынан өтіп, 162 ана мемлекеттік грант алған.

Бұдан бөлек, жиында «Әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау: ана мен бала өлімінің проблемалары туралы» денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Асылбеков, «Қиын өмірлік жағдайға тап болған, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері туралы» №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Н.Асанов баяндама жасады.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.

Ел саясатының негізгі ұстанымы да осы. Сондықтан бұл бағытта жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде. Атап айтқанда, «Кедейлік және жұмыссыздықпен күрес», «Өңірлерді дамыту», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарламалар жүйелі жүзеге асып, жыл санап жұмыссыздар саны азайып келеді.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Шымкент қаласында жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жетті. Статистикаға сүйенсек, 2011 жылы шаһарда 1941 азаматқа жұмыс ұсынылған. Ал 2020 жылы 39 623 азамат жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш 20,4 есеге көбейді. 2021 жылдың қаңтар айынан бері қалада 16 768 адам мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, жұмыс тапқан. Тағы бір дерек, Шымкентте 2013 жылы 60 тұрақты жұмыс орны құрылса, 2021 жылдың қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін 3599 жаңа тұрақты жұмыс орны  ашылып, 60 есеге көбейген.
Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте әлеуметтік сала толыққанды цифрлы жүйеге өтті. Бұл бағыттағы кез келген қызмет көрсету электронды түрде жүзеге асады. Соның ішінде жұмыс іздеген азаматтар бұрынғыдай табанынан тозбайды, портал арқылы қай мекемеде бос орын бар екенін көріп отырады.
– Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады. Басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 26 түрі автоматтандырылған. Яғни, кез-келген адам «Egov» порталы арқылы өзіне керек қызмет түрін электронды түрде ала алады. Оның ішіне азаматтық хал актілер бойынша қызметтер, жұмыссыз ретінде тіркелу, қандас мәртебесін беру және тағы басқалары кіреді. Сонымен қатар, басқармаға қарасты «Жұмыспен қамту орталығы» халыққа қызметті «Open Space» форматында көрсетеді, – дейді қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова.
Тарихқа шегініс жасасақ, 1990 жылдардағы елдегі экономикалық дағдарыс Шымкенттің де өндіріс орындарының тұралатқаны мәлім. Жаппай өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық жайлап, бұл халықтың күнкөрісінің нашарлауына әкеліп соқты. Ең қиын кезеңде халыққа кәсіппен айналысып, нәпақа табу тығырықтан шығатын жалғыз жол болды.

Жас та тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіп саласын қайта құрып, ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру міндеті тұрды. Мұндай күрделі міндетті жүзеге асыруға кейінгі он жылдықта қабылданған реформалар өз ықпалын тигізді. 2000 жылдан бастап Қазақстан экономикалық өрлеу жолына түстi. «2000-2002 жылдары кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес» жөніндегі бағдарлама қабылданып, ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика