Қымбат Нүсіпжанова – мүмкіндігі шектеулі егіздерді өсіріп отырған жалғызбасты ана. Бүгінде Алматы облысында пәтер жалдап тұратын ол күйеуінің бірнеше жыл бұрын тастап кеткенін айтады. Балаларының денсаулығына байланысты тұрақты жұмыс істей алмайды екен. Ал егіздердің күтімі мен еміне қомақты қаржы керек дейді. Сондықтан қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүр. Stan.kz тілшісі жалғызбасты анамен тілдесіп, мән-жайды сұрап көрді.
Қымбат Нүсіпжанова тұла бойы тұңғышы балалардың церебральді сал ауруына шалдыққанын айтады. Алайда 5 жасында шетінеп кетіпті. Қазір егіздерге, ұлы Айдын мен қызы Толқынға да дәл осы диагноз қойылған.
«Ұлымның басына бастапқыда дренаж (ред. жараның іріңін шығаруға арналған түтік) қойылған еді. Кейін дәрігерлер дренажды алған соң жағдайы ауырлап, тырыспасы ұстап қалды. Шұғыл ота жасалып, басына толықтай шунт қойылған. Қазір қозғала алмайды, сөйлей алмайды. Ал аяқ-қолы бүгілмейді. Ешқандай аурухана «Жүрегі ғана соғып жатыр» деп қабылдамайды», – дейді ол.
Ал қызының туғалы бері құлағы естімейді екен. Сондықтан несиеге есту аппаратын алғанын айтады.
«Қызым мүлдем естімейді. Ол да балалардың церебральді сал ауруына шалдыққан, аяғының ұшымен ғана жүреді. Басымда бірнеше несие бар. Кейде балалар ауырып қалады, емі мен дәрілеріне қомақты қаржы керек. Осылайша 4 миллион теңгеге жуық қарыз жиналып қалды. Арасында ата-анам көмектеседі. Қазір Қонаев қаласында тұрамын», – деп қосты Қымбат Нүсіпжанова.
Егіздердің мүгедектігі туралы анықтамасы
Жалғызбасты ананың айтуынша, жақында қызымен бірге жол апатына түсіпті. Салдарынан өзінің миы шайқалған, ал қызы қолын жарақаттапты. Оның үстіне ұлының жағдайы нашарлағандықтан үш күннен бері ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Емделуге және тексерілу үшін Алматыға барамыз. Барып-келгеніміз, ауруханалардың барлығына қомақты қаржы кетеді. Сондықтан көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүрмін. Қазір туысымыздың бос тұрған саяжайын жалға аламын. Алайда іші ылғал болғандықтан балалар жиі ауырып қалады», – деді ол.
Сөзінше, пәтерге ай сайын 30 мың теңге төлейді. Мемлекеттен төленетін жәрдемақы ем-дом мен дәрі-дәрмекке жетпейді дейді.
«Несиелерімді жабу үшін арасында жұмысқа шығып, ыдыс-аяқ жуамын. Бірақ балаларға күтім қажет болғандықтан тұрақты жұмыс істей алмаймын. Балаларды толық тексерістен өткізуге, еміне қомақты қаражат керек. Сондықтан қайырымды жандардан көмек сұрауға мәжбүрмін», – деп аяқтады Қымбат Нүсіпжанова.
Егер Қымбат Нүсіпжановаға көмек қолын созғыңыз келсе, төменде реквизиттері мен байланыс нөмірі көрсетілген.
Kaspi Bank
+7 775 867 3780 – Қымбат Нүсіпжанова
Leave a Reply