2023-02-09

ШЫМКЕНТТЕ КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІН ЖАҢАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Spread the love

Үшінші мегаполисте кәріз жүйесін жаңарту жұмыстары толастаған емес. Қаланың 54 пайызы кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60 пайызға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізілді.
2022 жылы Шымкентте 7 шақырымға жуық су және кәріз жүйесі жаңартылған. Ал жоспарланған жұмыс 103 пайызға орындалған. Ескірген су құбырын ауыстыру нәтижесінде нормативтік-техникалық шығын 0,18 пайыз төмендеп, құбырлардың тозу деңгейі 0,5 пайызға азайған. Сондай-ақ, биыл 7 млн. теңгеге жуық қаржы кәсіпорынды материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалған.
Жыл соңына дейін Самал-3, Ұлағат, Солтүстік-шығыс, Солтүстік- батыс, Жұлдыз елдімекендері мен Айша бибі және Хлопзавод-Шолохов көшелерінің тұрғындары кәріз жүйесіне қосылады деп жоспарланған .
Бүгінгі күнге дейін 2 магистралды кәріз коллекторының, 1 кәріз сорғы станциясы және 1 нысанның Хлопзавод құрылысы аяқталды. Яғни 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады.
Айсұлу Әлібекова, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы: «2021-2026 жылдарға біз су құбыры және канализация басқармасына барлығы 750 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырып, инвестициялық бағдарламасын бекіттік. Оның ішінде 2022 жылға тиесілі 110 млн. Бүгінгі таңда 7 шақырымға жуық су жүйесі мен кәріз жүйесі жаңартылды. Қосымша 7 млн теңге қаражатқа негізгі құралдар сатып алынды. Насостар, су реттегіштер секілді біраз материалдар алынып, олар жаңартылып отыр».
Мемлекет басшысының халықтың тұрмыстық әл ауқатын жақсарту туралы берген тапсырмасына орай Шымкентте осындай толымды тірліктер атқарылуда. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.
Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбековтың мәліметінше, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен.
Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Биыл барлығы 16 нысанда құрылыс жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі.

Яндекс.Метрика