2024-09-08

ЖОЛДАУДАҒЫ БАСТАМАЛАР – ШЫМКЕНТ ДАМУЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде түпкілікті өзгерістер жасау, саяси, құықтық және экономикалық жүйені жаңарту арқылы ұлттық модернизацияны жүзеге асыру бағытында еңбектеніп келеді. Мемлекет басшысы биылғы наурыз айындағы Жолдауында саяси реформаларға басымдық берген болатын. Сонда айтылған бастамаларды жүзеге асыру үшін маусымда конституциялық реформа жүзеге асырылғаны баршаға мәлім. Ал қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау негізінен экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды. Демек, бұл Жолдауды жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы ретінде бағалауға болады. Ол отандық экономикадағы ең өзекті мәселелерді қамтып, стратегиялық мақсаттар мен қысқа және орта мерзімді перспективадағы міндеттерді айқындап беріп отыр. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған жаңа экономикалық саясаттың ең маңызды, басым бағыттарының бірі – шағын және орта бизнесті жүйелі әрі жан-жақты қолдау. Жолдауда бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетуді жетілдіру, осы саладағы заңнамалық құжаттарды ретке келтіру, кәсіпкерлікті несиелендіру ресурстарының тапшылығын жою секілді мәселелер қозғалды. Президенттің бұл тапсырмаларының орындалуының халыққа қандай пайдасы тиетініне тоқталып өтсек, біріншіден, өзгерістердің нәтижесінде бизнес пен оған мемлекеттік қолдау көрсету саласындағы заңнама қарапайым, көпшілікке түсінікті етіп қайта жазылады. Бұл бизнесмендердің өз құқығын қорғауына, мемлекеттік қолдауды шараларын мейлінше тиімді пайдалануына жол ашады. Екіншіден, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылады. Қолдау инвестиция көлемі мен жалақы қорын арттырған компанияларға бірінші кезекте көрсетіледі. Бұл – барлық азаматтарға теңдей мүмкіндіктер ұсыну арқылы әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыратын қадам. Үшіншіден, ендігі жерде бизнесті несиелендіруге екінші деңгейлі банктер де атсалысады. Ұлттық банктің дерегі бойынша, Қазақстан азаматтарының екінші деңгейлі банктердегі депозиттерінде 23 триллион теңгеден астам қаржы бар. Ал бұл банктердің несиелік портфелі 7 триллион теңгені құрайды. Оның басым бөлігі – тұтынушылық несиелер. Демек, екінші деңгейлі банктер бизнесті несиелендіруге құлықсыздық танытып отыр. Президенттің Үкімет пен Ұлттық банкке берген тапсырмасы орындалған кезде жағдай түбегейлі өзгеруі тиіс. Нәтижесінде бизнес өкілдері тек мемлекет пен шағын несие ұйымдарынан ғана емес, екінші деңгейлі банктерден де арзан әрі қолжетімді несиелер ала алады. Бұл Шымкент қаласында тіркелген 100 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінің айналым қаражатын көбейтуіне, өндірістік қуаттарды арттыруына және жаңа жобаларды жүзеге асырып, дамуына жол ашады.

 

Қызмет ақпарат

2000 символ

Яндекс.Метрика