ОТБАСЫН САҚТАП ҚАЛУ ҮШІН НЕ ҚАЖЕТ?

Психолог кеңесі

Отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірінен іргесін бөлек салуы аяқ астынан бола салатын дүние емес, ол жылдар бойы екеу арасындағы қордаланып қалған мәселелердің жиынтығынан туындап жатады. Егер шаңырақ құлаудың аз-ақ алдында тұрса, не істеу керек? Қандай шешім қабылдар едіңіз? Бәлкім, жанұяңызды сақтап қалудың жолдарын қарастырған боларсыз. Шын мәнінде мұның қандай амалдары бар? Мейлінше, жауабын бірлесіп іздеп көрейік.
Алдымен, ойыңызды нақтылап алыңыз. Сізге не қажет, жұбайыңыздың арасындағы қарым-қатынасты өзгертіп, басқа қырынан жаңа деңгейге көтерілгіңіз келе ме, әлде «сол бұрынғы қалыпты» сақтағыңыз келе ме?
Егер сіз алдыңғы жауапты таңдаған болсаңыз, онда ұзақ уақыт өзіңізбен оқшау жұмыс істеуіңізге тура келеді, себебі, төтесін айтқанда сыңарыңыз салған жерден «өзгере» бастамайды. Бұл өте баяу, әрі қиын қозғалыс, дегенмен, түбінде нәтижесі де болмай қоймайды. Ал, егер екінші жауапқа иек артсаңыз, сізге айтарымыз: «сол бұрынғы қалыпты» сақтап не керегі бар? Бұрынғыша деген сөз – тағы да бастан-аяқ ұрыс-керіс, кикілжіңнен тұратын «одақ». Мұндай жағдай сізді бір рет ажырасуға дейін итермеледі ғой. Оны қайталаудың қажеті бар ма?
Сондықтан өзіңізге айтар кеңесіміз, бар назарыңызды бірінші нұсқадағы жауапқа аударыңыз. Сіз отбасыңызды қайтадан қалпына келтіруге іштей дайын болсаңыз, біз жұбыңызбен жарасу мақсатында бірнеше қадамдарды атап көрсеткен болар едік. Көбінде жұбайлар бір-бірінен сезімдері салқындағанда, екінші басқа бір адамның жетегінде кеткенде, не болмаса тым ерте бас қосудың салдарынан, отау құрған алғашқы жылдары, ішкілікке салынғанда, отбасылық жылдардың дағдарысты кезеңі басталғанда ажырасуға бел буады. Бұл айтып отырған себептеріміздің әрқайсысы бөлек тақырып. Дегенмен, дәл қазір бізге бұл мәселенің қайсысы өміріңізден орын алғаны маңызды болып тұрған жоқ, маңыздысы – Сіздің шешіміңіз!

1. Бастысы – шешім қабылдай біліңіз!
Үйлі-баранды көп отбасылар кейде тіпті «шаңырағын сақтау» үшін қандай да бір қадамдарға барып тұрып та ажырасып кетеді. Мұндай сәттің туындау себебі, олар өз ошағын не үшін сақтап қалу қажет екенін байыбына барып түсінбегендер. Ең ауыры – өмірді жаңадан бастауға деген қорқынышы! Ұдайы қорқыныш құшағында болу – бәрінен сорақысы осы! Яғни, отбасын қалай сақтап қаламын деген үміт пен үрейден гөрі, әрі қарай қалай жалғыз өмір сүремін деген сауал адамның ойын сан-саққа жүгіртеді. Мұнан былай отбасының жоқ болуы, онсыз өмір сүру қалай болатынын елестете алмау, бір сөзбен айтқанда осының барлығы қорқыныш болып табылады.
Сіздің бойыңызда осындай қорқыныш бар ма? Не болмаса, жанұяны сақтап қалғыңыз келетін қалауыңыздың түбінде әлдебір қорқыныш бұғып жатқан жоқ па? Кейде адам отбасы құрған алғашқы жылдардағы құштарлық сезімнің кейінгі кезде бәсеңдеп қалғанын, оған өздерінің де кінәсі бар екенін мойындайды. Демек, сіз тек сол адаммен әрі қарай ұзақ жылдар бақытты ғұмыр кешкенді қалайсыз ба? Ол қандай жан болса да ма?
Міне, осы сұрақты өзіңіздің жүрегіңізге ашық қойып, сосын барынша шынайы жауап беруге тырысып көріңіз. Бұл жұпты, немесе одақты неліктен сақтап қалғыңыз келеді? Өміріңіз осы сұрақтың жауабына байланысты екенін біліңіз. Ал, егер ол адамнан біржола кеткіңіз келетін сезінсеңіз, түйсігіңіз өздігінен дұрыс жол сілтей алады. Қалай етсеңізде, шешім қабылдау өз қолыңызда!

2. Жұбайыңызбен ашық сөйлесіңіз
Екеуіңіздің қарым-қатынасыңыз тұрғысында не нәрсеге көңіліңіз толмай жүр? Отбасыңызды қай жағынан қалай көргіңіз келеді? Оның не істегенін қалар едіңіз? Тіпті, екеуара әңгіме кезінде біржақты мінеп-сынау, ақталу болмас үшін параққа тізім етіп жазып алыңыз. Мұны екеуіңіз де орындағандарыңыз дұрыс. Сосын бетпе-бет ашық әңгімелесіңіздер. Бұл бір-біріңіздің ойыңызды бөлмеу үшін керек. Біреуіңіз сөйлеп жатқанда аяғына дейін ойын ашық айтуға, толық сөйлеуге мүмкіндік беріңіз. «Балық» деп аталатын ереже бар. Онда бір адам сөйлеп жатқанда, екінші адам қанша жерден сөзін бөлгісі, сауал бергісі, нақты түсінгісі келсе де, аяғына дейін үн-түнсіз мұқият тыңдап отырады. Содан соң әлгі бірінші адам сөйлеп болғанда ғана қажет сұрақтарын қояды. Міне, осы ережемен жұмыс істесеңіздер болады.
Мәселен, былай деп сұрақ қойылды: Сен маған кешкі тамақты уақытылы пісіріп бергеніңді қалаймын.
Дұрысы: Мен тіпті түнгі ауысымға шықсам да, сен тамақ пісіріп бергенімді қалайсың ба? (әрі қарай жауаптың шешімін екеуі бірдей ойланады).
Дұрыс емесі: Сонда мен әрі жұмыс істеп, әрі тамақ пісіріп отырсам, ал сен теледидар алдында аяғыңды аспанға көтеріп жатпақсың ба? (тағы да ұрыс-керіс, эмоцияға берілу белең алады).
Бастысы жұбайыңызбен бір шешімге келу үшін асықпай, аптықпай әңгімелесе біліңіз. Мұның пайдасы үлкен. Осылай бірте-бірте мәселені екеуіңіз де ортаға салып шешетін әдет қалыптастырасыз. Сонда ғана керісуге жол қалмайды.
Салтанат Сайлауова, отбасылық психолог,
Шымкент қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика