2022-09-29

Онкологиялық орталықтарда тегін қабылдау өткізіледі

Бүгін, 17 қыркүйек күні еліміздегі мемлекеттік онкологиялық ұйымдарда гинекологиялық қатерлі ісік ауруын ерте анықтау және алдын алу бойынша ашық есік күні өтеді.
Ашық есік күні аясында әйелдерге онкогинекологтардың тегін кеңесі мен тексеруінен өтуге болады.
Ескерте кет ейік, жасы мен тұрғылықты жері маңызды емес.
Ашық есік күні гинекологиялық ісік туралы хабардар ету айлығы аясында ұйымдастырылады.
Шымкент қаласында Байтұрсынов көшесі №85 мекенжайында орналасқан «Қалалық онкологиялық орталық» мекемесінде сағат 09:00 — 13:00 аралығында өтсе, Түркістан облысы бойынша қабылдау 24 қыркүйек күні Шымкент қаласындағы Құрманбеков көшесі 2/6 мекенжайы бойынша орналасқан «Облыстық клиникалық ауруханасының» онкологиялық диспансер емханасында сағат 09:00 — 13:00 арасында жүргізіледі.

234 МЫҢНАН АСТАМ ПАЦИЕНТКЕ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстанда 2022 жылдың 7 айында жедел жәрдем шақыртуларының жалпы саны – 4 746 633. Бұл ретте шұғыл медициналық көмек көрсетуді қажет ететін ауыр жағдайдағы пациенттерге жеделдіктің 1 санаты бойынша 234 065 қоңырау қабылданды.
2 санаттағы жеделдік бойынша 1 310 279 шақырту, 3 санаттағы жеделдік бойынша — 1 407 344, 4 санаттағы жеделдік бойынша 1 794 945 шақырту қабылданды.

Өз кезегінде, тамыз айында COVID-19 белгілеріне байланысты шақыртулар саны 3209-ды құрады, 1476 адам ауруханаға жатқызылды.

Қоңыраулардың жалпы санының 4,3%-ға өскені байқалады. Жедел жәрдемнің 2022 жылы 7 ай ішінде келуінің орташа уақыты 13,1 минутты құрады.
Жалпы, Қазақстанда жедел медициналық жәрдем қызметі 18 дербес станциядан, 121 қалалық қосалқы станциядан және 291 аудандық бөлімшеден тұрады.

Облыстық / қалалық станцияларда бір ауысымда 1483 көшпелі жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмыс істейді, оның ішінде 279 (18,8%) мамандандырылған (дәрігерлік) және 1204 (81,2%) фельдшерлік бригада бар.

Бүгінгі күні ЖМЖС балансында 2 249 бірлік санитарлық автокөлік бар, оның ішінде 1 392 бірлік қалада және 857 бірлік ауылда орналасқан.

Сондай-ақ, ҚР ДСМ Шұғыл медицинаны ұлттық үйлестіру орталығының құрылымында Ахуалдық орталық тәулік бойы жұмыс істейді, оның мамандары 2022 жылдың тамыз айында ауыр науқастарға 2044 консультация жүргізді.
Күрделі ота жасалды

Оқиға 21 тамыз күні орын алған. Жедел жәрдем қызметі Асардағы балалар ауруханасына ауыр жағдайда 5 жасар баланы жеткізген. Ол келген кезде жансақтау бөліміне жатқызылған. Пациентте оң тізе астынан қан кету, аяқтың тізеден төмен бөлігінің көгеруі, мұздауы сынды белгілер болған.
Пациентті жедел түрде тексерген мамандар оң тізе асты артериясы мен венасының толықтай кесілген жарақатын анықтаған. Науқас балаға шұғыл түрде ота жасалмаса, аяғындағы жарақаты асқынып мүгедек болып қалу қаупі басым еді. Осыны ескерген тәжірибелі ангиохирург,анестизиолог дәрігерлер Олжас Шынтасов, Мақсат Умирбаев, Тотиков Берик пациентке жедел ота жасады.
Хирургтар науқас баладағы тамырларының диаметрінің кішкентай болуына байланысты, микроскопиялық LEICA ONX аппарат көмегімен ота жасаған. Операция кезінде мамандар үзілген тізе асты артериясын ұшпа-ұш жалғап тігіп берді.
“Отадан кейін, аяқтың төменгі бөлігіне қан барып, жылып, тобық аймағында пульс пайда болды. Баланың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық, үйге шығуға дайындалып жатыр. Тамырдың жарақатына дер кезінде жоғарғы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеген жағдайда, көбіне дистальды бөлігі өкінішті жағдай ампутациямен аяқталуы мүмкін. Ата-аналар балаларна коңіл бөліп жүруге және жарақаттың алдын алуға шақырамыз”-дейді бөлім меңгерушісі Олжас Шынтасов.

 

Психолог кеңесі

Оқырмандардың сұрағына, практик –психолог Ләззат Қалқайбекқызы жауап береді.

Сұрақ: Жаңа туған нәрестенің мінезін қалай қалыптастыруға болады?
Жансұлу Төлепберген.

Жауап: Бала өмірге келгенде пәк болып дүние есігін ашады. Алйда, өсе келе оның мінезі қалыптаса бастайды. Жалпы, бала мінезі ана құрсағында пайда болғаннан қалыптасады деп жатады. Бұл сұрақта бала дүниеге келгеннен кейінгі қалыптасуы болып тұр. Бала ана құрсағанда бар болғанан бастап тәрбие басталады. Бұл дегеніміз, ананың дұрыс тамақтануы, оның жақсы көңіл күйде болуы, жерік асын қажетті мөлшерде жеуі, міне осының бәрі нәрестенің ана құрсағында 9 ай 9 күн бойы дұрыс дамуына септігін тигізеді. Ана құрсағында жатқан балаға ата-анасының, әсіресе анасының көңіл-күйі беріліп отырады. Ал, енді перзенттің дүниеге келуі өте үлкен қуаныш. Шілдехана тойы өтеді. Бала туылған соң оның бойында биологиялық тілде айтсақ рефлекс қалыптасады.Баласы жылаған кезде анасы жүгіріп келеді. Немесе асты суланса тағы да анасы жетеді бірінші. Яғни балада жыласам анам, қажетті адам қасыма келеді деген рефлекс алғашқы айларда қалыптасады. Бұдан кейін бала 1-1,5 жасқа келгенде алғашқы қадамын жасай бастайды. міне сол кезде әрнәрсеге құмар болады, бар нәрсені көргісі келеді. Көрсем, білсем, өзім істесем деген ұмтылыс болады. Осы тұста баланы сақтандыру қажет. Себебі ол ыстық-суықты басқаны да біле бермейді. Дүниеге жаңа келген бала өзіне жағымсыз, зиянды нәрселерді білмейді. Мұның бәрі үлкендердің тарапынан болуы керек. Үлкендердің ескерту жасауынан балада бір-бірте ой, сана, түйсік қалыптаса бастайды. Әрине, бұл кезеңде бала бәрін түсіне қоймайды. Бала 3 жасқа шыққанда жас ерекшелігі дағдарысы басталады. Ол кезде отбасында екінші бала туылуы мүмкін. Бұл кезеңде бала өзіне ерекше көңіл бөлгенін қалайды. Осылай ол өзіне үлкендер тарапынан назар аударуын қажет етеді. Және баланы осылай тәрбиелеу барысында оның қалаған нәрсесін алып беріп, қалаған ісін бірлесіп жасауда баланың мінезі қалыптасады. Сонан соң бала 7 жасқа келгенде мектепке баратын кезде өзгеріс болады. Бұл кезеңде бала ойын баласы болғандықтан мектепке баруға дайын болмауы мүмкін. Міне осындай жағдайда ата-ана баланың өзімен сойлесе отырып оның қажеттіліктерін анықтап мінезін қалыптастырады. Көп жағдайда ата-ана тыйым салып, мынаны істеуге болмайды, олай істеме деп айтқан сайын балада байқасаңыздар қырсық мінез пайда болады. Көбіне бала 3-5 жаста ата-аналар психолог мамандарға жүгініп жатады. Не себепті? Себебі, баланың өзіне ұнамайтын мінез-құлықтары болғанда тоқтамға келуге немесе ескерту айтады. Балада осы тұста мінездің жағымсыз жақтары қалыптаса бастайды. Бұхар жыраудың айтқаны бар: бала 5 жасқа келгенше патшаңдай сыйла, 15 жасқа дейін баланы құлыңдай жұмса, ал 15 жастан соң досыңдай сырлас деген. Яғни, бала 5 жасқа келгенше оның айтқанын бірлесе отырып орындауға болады. Ал, 15 жасқа дейін құлыңдай көр дегені оны еңбекке тәрбиелеу. Осы арқылы баланың мінезі қалыптасып, ол шыңдала түседі. 15 жастан кейін бала – бала емес. Мәселен, болар бала 15-інде баспын дейді, болмайтын бала 15-інде жаспын дейді.

Сұрақ: Баламның бар айтқан өтінішін орындаймын,тіпті мүмкін емес нәрсені де орындауға тырысамын. Ал, ол менің айтқаныма көнбейді, істемейді. Мен не істесем болады?
Ақерке Жанысбек

Жауап: Бұл жағдайды көбіне ата-ана мен бала арасында орын алатын қақтығыс деп айтуға болады. Бұл ата-ананың баланы кішкентайынан қорғаштауынан туындайтын жайт. Мәселен, бала өздігінен бір іс жасағысы келсе ата-анасы, қой, қолыңды былғап аласың, сен әлі кішкентайсың, болмаса ауыр затты көтергенде өзім көтере саламын, өзім істей саламын деп ана өз мойнына алғаннан болады. Қазақта баламның табанына батқан шөңге менің маңдайыма кірсін деген сөз бар ғой. Бұл арине балаңызды жақсы көргендіктен, шаң жуытқыңыз келмеді, ауыр жұмыс істемесе екен дедіңіз. Соның салдарынан балаңызда анам мен үшін бәріне де істеуге міндетті деген ой қалыптасып, сөйтеді де балаңыз ешнәрсе істегісі келмейді. Сондықтан, баланы кішкентай күнінен еңбекке тәрбиелеуіңіз керек. Сізге өзіңізді бағалай жетіспеген, өзіңізді емес балаңызды бағалайсыз. Балаңызға еш қиындық келтірмейін деп оны алақаныңызға салып, ал балаңыз сізді солай аяламағанында сіз ренжіп жатасыз. Алдымен сіз өзіңізді бағаламай тұрып балаңыз да сізді бағаламайды. сол үшін өзіңізді бағалауды бүгіннен бастаңыз дегім келеді.

Сұрақ: тез ашуланшақтық мінезді қалай тәрбиелеуге болады? Отбасында осы мінезімнің кесірінен береке кетеді.
Н.Асылбек

Жауап: Сіздің ашулануыңыздың белгілі бір себебі болуы мүмкін. Мен сіздің өміріңізді білмеймін. Белгілі бір стресс жағдайы шығар, сіз ойлаған ісіңізге жете алмауыңыз мүмкін. Стресс дегеніміз ол күнделікті тіршілікте жиі кездесетін нәрсе. Сондықтан, сізде қиын бір жағдай орын алуы мүмкін. осыдан кеп адамда ашушаңдық мінез қалыптасады. Ал, енді оны қалай жеңуге болады? Одан қалай арылуға болады? Бұл қазіргі таңда көп айтылып жүрген өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан сізге айтқым келетіні, алдымен өз бойыңыздағы бар нәрсеге қанағат жасау. Яғни, өз бойыңыздағы жақсы қасиеттерді көре білу. Ал, енді ашуланшақтық мінезіңізден сізге келер пайда бар ма? Әлде зияны көп пе? Осы жағын қарастыру, сонан соң өзіңізге ұнамайтын мінезіңізді қабылдай білу. Оның да тиімді жақтары бар, демек жақсы нәрсені іздей білу. Ашуланшақтық мінезді бірте-бірте жеңуге болады. Таңертең ұйқыдан тұрғанда қуана білу. Таңертең мына жарық дүниені көргеніңізге, он екі мүшеңіздің сау екеніне қуану. Сонан соң көбіне жақсы нәрсені ойлау. Менің байқағаным, осы ашуланшақ адамдар біреумен ренжіскен кезеңдерді немесе өмірінде болып жатқан проблемаларды ойлау арқылы адамның жүйкесі жұқарып, ашулана беретін болады. Жағымсыз емес жағымды нәрселерді, өзіңіз қуанатын жайттарды көбірек ойлау немесе болашақта болатын жақсылықты ойлау, жамандықты емес жақсыны қабылдау арқылы сіздің жүйкеңіз тынышталады. Және уақытылы демалу да маңызды. Бойыңызға жақсы энергияны қабылдап, ойыңыз бен сөзіңіз арқылы,мен сабырлымын,менің мінезім күннен-күнге жақсарып келеді деген сияқты сөздерді үнемі қайталап жүрсеңіз өз септігін тигізбек. Өз-өзіңізді қолдау, тек жақсы сөз айту, ашу дегенді ұмытыңыз. Ашуланған жағдайда оған өкінудің қажеті жоқ, мүмкін сіздің ашуыңыз орынды шығар. Тек жақсы нәрселерді ойлау арқылы сіз бірте-бірте сабырға келесіз.

Яндекс.Метрика