Іссапар Денсаулық сақтау министрі шымкенттіктермен кездесті

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Шымкент қаласына іссапармен келді. Ол бірқатар медицина мекемелерін аралап, жұмыстарымен танысты. Министр алдымен қаладағы Жүрек орталығы, емхана мен перзентханадағы медициналық қызмет сапасын бақылап, медицина қызметкерлерімен сұхбаттасты. Жүрек орталығының кардиохирургия бөлімшесінің ота жасайтын мүмкіндіктерін көріп шықты. 158 төсекке есептелген қалалық жүрек орталығы алғашқы медициналық көмек көрсесетін нысандардың бірі. Орталық стационарлық түрде мамандандырылған. Жоғары технологиялық кардиологиялық, кардиохирургиялық, аритмологиялық, эндоваскулярлық медициналық көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері мұнда 3 мыңға жуық науқас емделіп, жүрекке 306 ашық операция жасалған.
Одан кейін №4 емханаға ат басын бұрды. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымда 39970 халық тіркелген. Сапар барысында қалалық перзентханы да аралап, ана мен балаға көрсетілетін медициналық қызмет барысымен танысты. Соның ішіндегі босану палатасы мен жансақтау бөлімшесін аралап шықты.
Айта кетейік, қалалық перзентханада жыл сайын 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнда жылына 12 мыңнан астам ананың босануына жағдай жасалып отыр.
Шымкент қаласы демографиялық өсу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Ұлттық статистиканың мәліметінше, демографиялық өсім жағынан Шымкент мегаполистер арасында көш бастап тұр.
Денсаулық сақтау ұйымдарын аралаған Ажар Ғиният Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясының залында тұрғындармен кездесті. Басқосуда елімізде денсаулық сақтау саласының жетістіктерін, қолға алынып жатқан жобаларды саралап, Қазақстан Республикасының әрбір азаматын сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістерді баяндады.
Ажар Ғиният бастапқы буын ұйымдарындағы, яғнни алғашқы көмек көрсету, пациенттерді емдеу мен диагностика жүргізу мекемелерінде медициналық қызмет сапасын арттыру, дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз ету, білікті дәрігерлермен толықтыру,ммедициналық көмекті қаржыландыруды ұлғайту, ана мен баланы қорғау сияқты басым бағыттарға назар аударды.
Биологиялық қауіпсіздік қауіп-қатерді болжауға мүмкіндік береді
Министр Президенттің тапсырмаларын іске асыру барысы туралы да жұртшылықты хабардар етті. «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау мақсатында «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бекітілгенін, соынмен қатар биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заң қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ, пациенттердің құқықтарын қорғауды және сақтандыру қаражаты есебінен олардың денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді көздейтін медициналық қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру туралы заң жобасын қабылдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Жиында дәрігерлердің жалақысын арттыру, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жаңғырту, елімізде медициналық және фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де айтылды. Ажар Ғиният республика бойынша алдағы үш жылда медициналық-санитарлық алғашқы көмек көресететін 500 нысан салу жоспарланғанын мәлімдеді. Айта кетейік, Шымкент қаласында бүгінде 76 МСАК нысаны қызмет көрсетеді. 2025 жылға дейін тағы 15 нысан пайдалануға берілмек.
Бүгінде тұрғындарды көп толғандыратын мәселелердің бірі –жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз арнайы мамандарға қол жеткізу. Министр тұрғындарға мүмкіндіктерді тізбелеп айтып берді.
– Сондай-ақ, онкологиялық және гематологиялық ауруларға күдік болған кезде тексеру мен емдеуді жеделдету үшін «жасыл дәліз» енгізілген, оның шеңберінде онкологиялық ауруға күдікті пациенттер 18 жұмыс күні ішінде консультация алып, тексеріледі, – деді ол.

Дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін кеңейту және қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын да жеткізді. Бүгінгі күні қаланың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін амбулаториялық деңгейде 9,5 млрд.теңгеден астам, стационарлық көмек үшін 19,3 млрд. теңгеден астам қаржыға дәрілік заттар сатып алынды.
Туу шыңы: Шымкентте 33 мыңнар астам бала дүниеге келді
Аналар мен балалардың денсаулығы қашанда басты назарда. Ана мен баланың денсаулығын сақтау мәселелеріне баса назар аудара отырып, министр 2021 жылы туу шыңы тіркелгенін жеткізді. Өткен жылы Ел Тәуелсіздігінің тарихында алғаш рет бір жылда 450 мыңнан астам бала туылыпты. Ал, оның 33 мыңы шымкенттіктерді үлесінде.
«Аңсаған сәби»
Былтырдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы іске қосылған болатын. Онда 2026 жылға дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 7000 квота бөлу көзделген. Оның ішінде Шымкент қаласына 400-ден астам квота бөлінген. Мемлекеттік бағдарламаны пайдалана отырып, 41 әйел жүкті болып, 90 отбасы балалы болу бақытына ие болды.
Кадр: Гранттар саны артты
Кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне қатысты министр жыл сайын сұранысқа ие медициналық мамандықтар бойынша білім беру гранттарының саны артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2025 жылға қарай республикалық бюджет есебінен гранттар саны 2000-ға дейін ұлғайса, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 1500-ден астам грантқа көбейетін болады.

Медицина кадрларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде Шымкент қаласына 2022 жылы резидентураның 6 мамандығы бойынша 87 білім беру гранты бөлінген. Бүгінгі таңда оңтүстік мегаполистің денсаулық сақтау жүйесінде 4 964 штаттық бірлік жұмыс істейді. Оның 3,5 мыңы тәжірибеші дәрігер.
МӘМС: балама тәсіл енгізу ұсынылады
МӘМС бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналды. Халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту мәселелерін қозғаған Денсаулық сақтау министрі «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға толықтырулар енгізу туралы хабарлады. Ол МӘМС жүйесіне 12 ай бұрын МӘМС жарналарын төлеу арқылы кірудің балама тәсілін енгізуді, өткен кезеңдегі берешекті жоюды ұсынады. Бұл норма жоспарлы медициналық көмектің кең тізбесін кедергісіз алуға мүмкіндік береді.
Қала тұрғындары мен қоғамдық белсенділер министрге қала емханаларындағы арнайы мамандарға қол жеткізу, мүгедектікті тағайындау, МӘМС жеңілдік санаттарын қамту, балаларды емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселелер жайлы айтты.
Солардың бірі, мүмкіндігі шектеулі жас жігіт МӘМС аясында оңалту көмегінің қолжетімділігі мәселесін көтерді. Сондай-ақ, қала басшылығына мүгедектер үшін кедергісіз орта құруға қатысты бірқатар сұрақтар қойды.
Министрдің жүгінген азаматтың диагнозы негізінде қалпына келтіру емі мүмкіндігін қарастыру бойынша жедел тапсырма берді. Сонымен қатар, жас жігіттің тыңғылықты сөзін мұқият тыңдаған Ажар Ғиният оны денсаулық сақтау министрінің мүмкіндігі шектеулі адамдарға медициналық көмек көрсету мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі лауазымына орналасуға шақырды.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау, атап айтқанда, бұл ақпараттық жүйелерге қол жеткізуге қатысты мәселелер көтерілді.
–Денсаулық сақтау жүйесіндегі белгілі жетістіктермен қатар, бірлескен күш-жігермен шешуді қажет ететін міндеттер де бар. Біз бәріміз қоғамдағы медиктер рөлінің маңыздылығын түсінуге, өз денсаулығымыз үшін ортақ жауапкершілікті танытуға, сол арқылы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға тиіспіз, — деп сөзін түйіндеді Денсаулық сақтау министрі.
«Қызмет»-ақпарат
Штаб отырысы
Карантиндік режимге өтпес үшін…
Жуырда қала әкімінің төрағалығымен коронавирустық инфекцияның ықтимал толқынына дайындық бойынша штаб отырысы өтті. Басқосуда ковидке қарсы дайындық жұмыстары пысықталды.
Шаһар басшысы қаладағы эпидахуалды қатаң бақылауға алудың, қайтадан карантин режиіміне өтпес үшін азаматтардың жеке жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті. Коронавирустың ықтимал толқынының алдын алу мақсатында қала тұрғындары арасында ревакцинациялау және қоғамдық орындарда сақтық шараларын сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстарын көптеп жүргізуді, мобильді топтардың жұмысын жүйелеп, олардың санын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Шымкентте жыл басынан бері инфекциямен ауырғандар саны – 7474. Оның 6912-і жазылған. 67 адам қайтыс болған. Соңғы 1 айда КВИ-дің 572 жағдайы тіркелді. Олардың 13 пайызы жазылып шықса, 32 адам стационарда, 463-і үйінде ем қабылдап жатыр. Науқастарды 100 орындық қалалық инфекциялық аурухана қабылдап жатыр, дәрі-дәрмек қоры мен вакцина жеткілікті. Коронавируспен күрес жөніндегі іс-шаралар кешеніне сәйкес мединицалық құрал-жабдықтар, дәрігерлер мен қосымша ПТР орталықтары дайындалып жатыр. 74 мобильді топ жұмыс істеуде, 137-сі резервте.
Тұрғындарды КВИ-ге қарсы вакцинациялау бойынша: 1 компонент – 619 490, 2 компонент – 607 859; ревакцинация 3 компонент – 354 719 (жоспардың 55 пайызы орындалды), 4 компонент – 15032 адам алған.

76 МОБИЛЬДІ БРИГАДА ЖАСАҚТАЛДЫ
Шымкент қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырып жатқанбар бар. Эпидемиялогиялық жағдайға байланысты қаладағы емханалар жанынан 76 мобиьлді бригада жасақталды. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, емхана жанынан құрылған мобильді бригада шақырту бойынша науқастарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді. Қазіргі таңда 43 емханадан 76 мобильді бригада жасақталса, 137 мобилді бригада резервте тұр.

Ал эпидемиялогиялық жағдай өршіген тұста қаладағы инфекциялық стационарлар қайтадан жасақталып, медициналық көмек көрсетуге дайын.
–Ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий дайындалған. А – ағымдағы жағдай, 803 төсек-орын. В –эпидемиологиялық жағдай нашарласа төсек-орын санын 1763-ке дейін артады. С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса 2 513төсек-орын ашылады. Ковидке қарсы вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қалада 45 екпе нысаны бар. 1-ші компонент 619 490 адамға, 2 – ші компонент- 607 859 адамға егілді”-дейді С.Дүйсенбаева.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика