2022-09-29

Патриоттық сабақ отансүйгіштік қасиетті қалыптастыра ала ма? (Жалғасы, басы өткен сандарда)

 

Бала тәрбиесінде үлкендердің ролі басым

–Серікбай аға, үнемі игі істердің басы-қасында өзіңізді көреміз. Әсіресе, балаларға патриоттық тәрбие беруде «жарғақ құлағыңыз жерге тимейді». Білуімізше, бұл ешқандай ақы төленбейтін қоғамдық жұмыс…
–Иә, бұл қоғамдық жұмыс. Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жанынан «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Сол қоғамдық бірлестіктің Шымкент қалалық филиалының төрағасымын. Шымкенттіктер бір жылдың ішінде 411 іс-шара өткізіп, республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатырмыз. Енді сол өткізілген іс-шаралардың мәні мен мазмұнынына тоқтала кетейін. Біз барлық мемлекеттік және басқа да мерекелерді, мәселен, Тәуелсіздік күнінен бастап, музейлер күні, кітапханашылар күнін де елеусіз қалдырмаймыз. Сонымен қатар, 15-ақпан Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні, 26-шы сәуір Чернобыльдың апаты күні сияқты даталарды жеткіншіктер санасына сіңіріп, ата-бабамыздың, алдыңғы буынның жүріп өткен жолдарын түсіндіруге тырысамыз. Жас ұрпақ біздің басымыздан нендей қиындықтар өткенін біліп өскені жөн. Опат болған өрендерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоямыз. Бір датада бірнеше мектепте, кемінде 10-11 кездесу өткіземіз. Шымкент қаласында Ауған соғысы ардагерлері, Тәжік-Ауған соғысы, Таулы Қарабах, Қарулы Күштер ардагерлері, Шекара қызметінің ардагерлері және Чернобыль апатының ардагерлері, Семей сынақ деген құрылды қазір, енді Герман соғысы ардагерлері қосылып жатыр, барлығы 9 қоғамдық бірлестік бірігеміз де, әрқайсысының 2-3 мүшесі кездесуге қатысады. Мұндағы мақсат -жасөспірімдерді достыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, бастысы, патриотизмге тәрбиелеу. Бұрын октябрь, пионер, комсомол деген ұйымдар болушы еді. Әр мектепте коммунистік құрылысшылардың кодексі ілулі тұратын. Сол кездегі ұрпақтың бойына «біріңді-бірің бауыр санап, дос көр, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет» деген сияқты тәрбиені өмірлік қағида ретінде қалыптастырды. Одан бері заман өзгерді, жүйе де өзгерді. Бірақ, менің бір білетінім, бала тәрбиесінде үлкендердің ролі басым. Жастар да үлкенді тыңдаудан, сыйлаудан қалған жоқ. Сондықтан біз, ардагерлер оларға үлгі-өнеге көрсетіп, дұрыс бағыт беруіміз керек. Жасыратыны жоқ, «бесіктен белі шықпаған» жеткіншектер жат ағымға ілесіп, қысқа балақтылардың, қауға сақалдылардың жетегінде кетіп жатыр. Бұған бірден жастарды кінәлауға асықпайық. Жастарды сол жат ағымдағылардағыдай қызықтырып, тәрбиелей алмаған өзіміздің осалдығымыз. Егер бала ес білгеннен ұлттық тәрбиені санасына құйып, темірдей тәртіпке үйретсек, оның келешегі жарқын болары сөзсіз. Осыдан 75 жыл бұрын Б.Момышұлы атамыз «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтқан екен. Ал, тәрбие талбесіктен басталады. Талбесік демекші, Жамбыл облысында Б.Момышұлы (бұрынғы Бурное) ауылы бар. Аядай ауылдан 14 генерал шыққан. Бауыржан атамыздың «Армансыз адам тамыры өлген ағаш» деген сөзін кішкентайынан құлаққа құйып өскен өрендер өскенде батыр атамыздай офицер болуды армандапты. «Талаптыға нұр жауар» деген 2 Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, басқа да генералдар сол топырақтан түлеген. Естуімше, сол ауылдағы мектептің директоры неміс әйел болған екен. Заманында жер аударылып келген. Ал колхоз төрағасы соның күйеуі. Ауылда төрт-ақ көше бар екен. Сонда әр үйден 1-2 генералдан шығып отыр… Меніңше, балалар жақсыға еліктеп, бала армандарына жету жолында аянбай тер төккен сияқты. Біз де әр мектепте кездесу өткізгенде батырлардың ерліктерін көбірек баяндағанды жөн көреміз.
«Қара майормен қызметтес болдым»

–Қара майор деген кісі бар. Мен сол кісімен 8 жыл қызметтес болдым. Екеуміз жақын дос болдық. Алматыдағы Ұзынағаштан тауға қарай жүргенде Шиелінің ар жағында Прудкий деген елді мекен бар. Қара майор сол жерде дүниеге келген. Қазақтың қара баласы. Бірақ орыс мектебінде оқыған. 1980-1983 жылдары Ауған соғысына қатысып арнайы тапсырмаларды орындайтын мұсылман батальонының командирі болды. Сауатты басшылықтың арқасында батыр командирдің сарбаздары аз шығынға ұшырап, көбінесе жеңіске жетіп отырғанын жұртшылық жақсы біледі.Негізінен тәжік, қазақ, өзбек, қырғыз жігіттерінен тұрған батальон ашық алаңдарда ұрыспен, барлау жұмыстарымен айналысқан.
Ал, 1982 жылы Кеңес әскері Панжер шатқалын босатып кеткенде, оны 1 ай бойы жау қолына бермеу Қара майордың батальонына тапсырылған.
Борис Төкенұлы небәрі 500 адамымен осы үлкен аңғарды ұстап қалуы тиіс болыпты. Сол кездегі белгілі Ахмад Шах Масуд қолбасшының әскеріне тойтарыс беру өте қиын болатын.
Қара майордың командасы 1 ай емес 1 жыл бойы Панжер шатқалын ұстап қалумен қатар жау әскеріне оқтын оқтын соққы беріп тұрған.
Осы уақыт аралығында оның командасынан 45 адам көз жұмған. Кейін Ахмед шах Масуд қара майорды ұстаған адамға 1 млн. афгани тіккен. Борис Төкенұлының батальоны ең шығын аз батальон деп саналды.
Оның ерлігі аңызға айналып «Қара майор» деген лақап аты күллі аймаққа жайылды. «Спецназ ГРУ СССР» деген кітаптағы тізім бойынша төртінші орынды нық иеленген қазақ жігітін сол кездегі кеңестік саясаттың өзі осылай жоғары көтеріп мойындаған. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты. Батыр туралы «Қара майор» фильмі түсірілді.
–Аға, осындай аңыз адамдардың қасында жүрген сіз де тегін адам емес сияқтысыз. Біз алтынның кенін тапқандай күйде отырмыз, ал сіздерді оқушылар қалай қабылдайды?
-ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай, Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен 30 игілікті іс-шара өткіздік. Соның бірі, Сәуле шағын ауданындағы әскери бөлімімен бірлесе отырып Шымкенттегі әуе базасының әскери бөлімінде әскери тікұшақтар, ұшақтар, дистрибьюторларды оқушыларға көрсеттік. Мен №72 мектепте «Жас сарбаз» сыныбын ашқанмын. Сыныпта 24 бала бар. Сол балаларды өзімнің жеке көлігіммен әуебазаға апардым. Сәуледегі мектептен оныншы сыныптың балаларын тасыдым. Балалардың риза болғаны соншалық, «бізге естен кетпес әсер сыйладыңыздар» деп рақметтерін жеткізіп жатты. Небір әскери техникаларды, әскери қаруларды ұстап көргендеріне мәз. Мектеп директорлары әскери сабақтардың нәтижесінде 7 оқушы жоғары әскери оқу орындарына оқуға түскендерін айтты. Бұл біздің еңбегіміздің еш кетпегені… Білесіз бе, мен осылардың бәріне шығынды өз қалтамнан шығарамын. Зейнетақымды жартысын жұмсаймын десем өтірік емес. Ы.Алтынсарин атамыз «Ұстаз үшін ең бақытты кезең, ол өзінен шәкіртінің озғаны» деген екен. Шәкірттеріміз оза шауып, Қазақстанның Қарулы Күштерінің нығаюына өз үлестерін қосып жатса, ұстаз үмітінің ақталғаны, арманының орындалғаны.
Біз еңбекпен жетілген ұрпақпыз

-Ұлттың қамын жеп, ұрпақтың келешегіне алаңдап жүргеніңіздің өзі үлгі. Зейнетке дейін көрген бейнетіңіз де бір атанға жүк боларлықтай… Ендігісін демалып жата берсеңіз де болар еді ғой?
-Ия, демалыс деген жақсы ғой. Бірақ, білгенімізбен бөліспесек, айтар жерде ауыз ашпасақ–қарттығымызға сын емес пе? Мені жатқызбайтыны –бір атақ-даңқ, құрмет-қошемет емес, жастардың ертеңі, келешегі. Бала тәрбиесіндегі кемшіліктерімізді ойласам көз ілмеймін. Кездесулерде жалындаған жастарды көремін де, солар тура жолдан таймай, бағытынан адаспаса екен деп тақымымды қысып отарамын… Мен осы бір алаңдаушылық бір сәт те отырғызбайды. 95 жаста анам бар. Менің жасым 70 -ке таяса да анама баламын ғой… Ол кісі де «денсаулығыңды күтіп, демалшы» дейді.
Буынымыз бекігеннен еңбекке баулыды. Біздің заманымызда түске дейін ұйықтап, кешке дейін телефон шұқылап, теледидар қарайтын бала болған жоқ. Ойынымыздың өзі еңбек еді. Содан болар, қазір де таңғы сағат 5.00-де тұрамын. Күніге 4 шақырым жаяу жүремін. Жұмысқа жаяу келіп-кетемін. Менің қатарластарымның бәрі дерлік осындай режимге үйренген.
Өзімшілдік, өркөкіректік те өрге сүйремейді
– «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейді. Біз бір-бірімізге қолғабыс жасап, көмектесіп, біріміздің тірлігімізді екіншіміз атқарып кете беретін едік. Тіпті, көршінің шөбін шауып, ауласын тазалай салатынбыз. Өйткені, үйде ата-әже, әке-шешеміз солай үйретті. Негізі ата-әженің қолында өскен бала ерекше мейірімді болады. Көпбалалы отбасыдан шыққан балалар да қамқор боп жетілді. Ал, шаңырақта бір ғана бала болса, ол балада өзімшілдік басым болады. Айналысында не болып жатқанына көңіл аударғысы келмейді, өзіне ыңғайлысын ғана реттеп алады. Ал, тек өзім үшін деп өмір сүру-көптеген нығыметтен қаға ма деп қорқамын… Өзімшілдерге ұлттық рух, Отанды сүю, мектепте сыныптың алда болуы, достық дегендеріңіз кейінгі орында тұрады. Бірақ, өзімшілдердің арасында да сынып үшін, топ үшін жаны күйетін, патриоттар да бар. Бізде, әсіресе балаларда өзімшілдік дендеп кетті. Бұл ол «Өзін өзі тану» деген пәннің кері әсері деп білемін…
-Ол пәннің кейіннен бағыты өзгерді емес пе? Оқушыларға патриотизмді бір оқытса, сол пәнді оқытқан сияқты.
-Оның да тиімді тұстары бар шығар, білмеймін. Біздің ұйым тек әскери тәрбиеге көбірек көңіл бөлеміз. Сол арқылы жеткіншектердің рухын көтергіміз келеді. Мен 18 мың адамға командир болғанмын. Армияда түрлі қиын жағдайлар болып жатады ғой. Танкілер жарылып, адамдап қайтыс болады. Снаряд жарылып, гранат жарылатын жәйттер де орын алады. Адамның бөлшектелген сүйектерін теріп жатқанды көзіммен көргенмін… Мен де тікұшақпен 300 метірлік биіктіктен құлағанмын. Сол апатта Генерал-лейтенант Тараканов қайтыс болды. Сондай апаттан аман қалғанмын.
–Аға, балалармен кездескенде олар да өздерін қызықтыратын сұрақтарын қоятын болар?
-Биылғы іс-шарамызды 7 ақпанда генерал Сабыр Рахимовтың 120 жылдығын атап өтуден бастадық. Шымкент қаласында 5 салтанатты жиын ұйымдастырылды. Бірінші мектепте кездесу өткізсек, одан кейін Жеңіс саябағында ескерткіші жанындағы музей ішінен бұрыш аштық. «Қызыл Жұлдыз» иегері Қауымбай Тоғанбаевқа арналған бұрыштың да лентасын қидық. Одан кейінгі кездесулердің тақырыбын ұшқыш Талғат Бигелдинов, Мәншүк Маметова, Мадина Оспанова аналарымызға арнадық.
-Сонда сіздер ерлік сабақтарын өтесіздер, солай ма?
-Ия, бір жарым-екі сағат бойы ерлік сабақтарын өткіземіз. Оқушылар әңгімемізді ұйып тыңдайды. Сабақ аяқталған соң да жеке қалып, сұрақ қойып, өз ойларын айтып жатады. Кей балалар әскери болуға кәдімгідей талпынады. Одан кейін қыз балалардың ішіндеде әскери қызметке қызығатындары бар.
(Жалғасы бар)
Сұқбаттасқан Дамира МОЛДАНАЗАРОВА.

Яндекс.Метрика