Әлеумет Медорталық филиалы ашылды

Осыдан екі жыл бұрын жекеменшік емханалар қала халқының 25-30 пайызына қызмет көрсетсе, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 50 пайызға жетті. Медицина саласында жекеменшік сектор қарқынды дамып келеді. Әрине, бұл орайда сапалы қызмет атқару керек. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Шымкент қаласының Еңбекші ауданы аумағында “Қазығұрт клиникасы” медорталығының екінші филиалы ашылу салтанатында осылай деді.
Тәулігіне 80 адам қабылдай алатын медициналық мекеме заманауи құралдармен жабдықталған. Орталықта кардиолог, хирург — ортопед, уролог, гематолог, эндокринолог, гинеколог, офтальмолог мамандар қызмет атқарады. Орталықта жалпы 95 адам жұмыс істейді.
Емдеу орталығы тұрғындардың денсаулығының жақсаруы мен өмір жасының ұзаруын арттыруға өз үлесін қосатын болады.

БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ТҮЗЕТУ КАБИНЕТТЕРІ
арнайы құралдармен жабдықталады

Балалар жылында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (ПМПК) және психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталады. Сондай-ақ психикалық ауытқулары бар, есту, көру және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған оңалту орталықтары мен арнайы мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базасы жаңартылады.
–Қазіргі ПМПК, түзету кабинеттері мен арнайы білім беру ұйымдарының жабдықтары ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған және ескірген. Олардың кейбіреулерінде балаларға қажетті түзету және дамыту ортасын құруға арналған арнайы құрал-жабдықтар жоқ. Сондықтан министрлік қолданыстағы түзету кабинеттері мен орталықтарын жаңғырту туралы бастаманы қолға алды. Өңірлерде ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін жаңа арнайы заманауи жабдықтар мен қажетті техникалық құралдар сатып алынады. Бұл көрсетілетін психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдаудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде балалардың дамуындағы бұзушылықтар аурудың ерте сатысында анықталып, оларға уақытылы психологиялық-медициналық және педагогикалық көмек көрсетіледі», — деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.

КОВИД
ЖАҢА ТОЛҚЫНҒА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шаһарда вакцина қоры жеткілікті. Ендігі ретте тұрғындар екпе алып, жауапкершілікті сезінуі тиіс. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қаладағы бірқатар медициналық мекемелердің дайындығын тексеріп, жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында КВИ жұқтырған 32 науқас ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы тұрақты. КВИ жұқтырған азаматтарды емдеуге барлық жағдай жасалған. Дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар. Ш.Мұқан ауруханадағы жаңадан салынған оттегі тарату стансасының жұмысымен танысып, дәріхана қорын аралап көрді.

Қалалық №5 емханада тиісті жұмыстар атқарылуда. Онда күніне 50-ден астам адам ревакциналаудан өтеді. Шыңғыс Жұмабекұлы мекемедегі вакциналау бекетін және ситуациялық орталықтың жұмыс барысын бақылады. № 3 қалалық емханада да вакциналау қарқынды жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында да коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталып отыр. Қалада вакцина қоры жеткілікті. Қажетті төсек-орындар дайындалды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары медициналық мекеме басшыларына вакциналау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды. Екпені халыққа дұрыс түсіндіріп, тұрғындардың өз еркімен егу керек. Вакциналау жұмыстары құқық қорғау органдары тарапынан қатаң тексерілуде.

Баспанаға –бір қадам
Шымкент қаласының Әкімшілік іскерлік орталығында 9 қабатты 8 тұрғын үй салынуда. Бүгінде оның төртеуі пайдалануға берілді, қалған төрт үйде құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 432 пәтердің жалпы аумағы 23 820 шаршы метрді құрайды.

Бүгінде тұрғын үйлердің инженерлік желілері 75 пайыз, лифт – 10 пайыз, ішкі әрлеу 95 пайызға, сыртқы әрлеуі 90 пайыз жұмыстары аяқталған.

Құрылыс жұмыстарының барысын қадағалаған қала әкімі құрылысты осы айдан кешіктірмей аяқтауды және абаттандыру жұмыстарында орын алған олқылықтарды реттеуге тапсырма берді.

27 адам жұмыспен қамтылады

Қаладағы 18 шағын ауданда орналасқан №38 орта мектепте 1,9 га жерге қосымша ғимарат салынып жатыр. Жобаға сәйкес нысанда 375 оқушы орны, спортзал, 76 орындық асхана қарастырылған. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталса 27 адамға тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады.
Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.
Бетті дайындаған Дина ХАЙТМЕТОВА.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика