2024-07-14

Кітап бұл руxани байлықтың кілті

«Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» деген ұлылардан қалған сөз бар. Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, идеология мәселесіне көп көңіл бөлу керектігін баса айтты. Сондай-ақ, балаларды ұлттық құндылық негізінде тәрбиелеу үшін сол бағыттағы кітаптарды оқытып, жалпы кітапқа деген қызығушылығын оятудың маңызын атап өтіп, арнайы тапсырма берді.  «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен шұғылдану керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», деді Президент. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасында «Балалар кітапханасы» бағдарламасына ұсынылатын кітаптардың тізімі жасақталды. Оған қазақ әдебиеті тарихының барлық дәуірі мен кезеңін, жанрлық бағытын қамтитын 1770 шығарма енді. Оның 76 пайызы отандық, 24 пайызы әлем әдебиетінің таңдаулы еңбектері. Отандық шығармалар қатарына Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Бердібек Соқпақбаев сында қаламгерлердің шығармалары енді. Ал әлем әдебиетінің тізімінде Эрнест Хеменгуэй, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Александр Островский, Вальтер Скот, Михаил Лермонтовтың еңбектері бар. Тізімді жасақтау үшін арнайы құрылған комиссия қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушылары, мектеп кітапханашылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін ескерді. Жасақталған тізім ішінде көне классикалық әдебиет, тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиет, әлемдік әдебиеттің үздік үлгілері бар. «Балалар кітапханасы» бағдарламасының басты мақсаты мектеп кітапханаларын маңызды балалар әдебиетімен қамтамасыз ету. Балалар әдебиеті тізімін қалыптастыру және ұрпақтың кітапқа құштарлығын ояту.

Қызмет ақпарат

2000 символ

Яндекс.Метрика