2024-07-27

ЖАЛБЫЗТІКЕН

       Дәрілік жалбызтікен – Алтей лекарственный – Althaea officinalis

       Құлқайырлар тұқымдасы – Семейство мальвовые – Malvaceae

tories/althaea-officinalis.jpg» width=»200″ height=»189″ alt=»althaea-officinalis» style=»float: right;» />

       Қалай танимыз?

        Биіктігі 50-150 сантиметрге жететін өн бойын түк басқан көп жылдық шөптесін өсімдік. Сабағы тік, жұмыр, аздап қана бұтақтанған, жапырақтары ұзын сағақты, сағағының ұзындығы 2-4см, жапырағының ұзындығы 2,5-14см, ені 3-11см, жұмыртқа пішіндес, өркен бойына кезектесіп орналасады. Гүлдері 2-3-тен жапырақ қолтығынан шығады, тостағаншаның астыңғы жағындағы қаптай орналасқан жапырағының ұзындығы 6-12мм, ұш жағы үшбұрыштанып тілімденген. Жемісінің диаметрі 7-8(10)мм, әр қайсысы 15-25 жемісшеден біріккен, тұқымы бүйрек пішіндес, ұзындығы 2-2,5мм, ені 2мм, қоңырқай түсті, сырты жылтыр. Маусымнан бастап қыркүйекке дейін гүлдейді.
       Медицинада дәрілік жалбыз тікенмен армян жалбызтікенінің тамыры мен тамырсабағын пайдаланады.
       Қайдан табамыз?
      Қазақстанның барлық аудандарында кездеседі.
       Далалы аймақтар, ылғалды сортаң шалғындықтарда, өзен арнасы, көл жағасы, тоғайлы жерлер, бұталар мен шилердің арасында өседі. Қалың болып тұтасып өспей, әр жерде топтанып өседі.
Басқа түрлері. Армян жалбыз тікені өзен арналарында, сортаңды шалғындықтарда, көл, арық жағаларында, кесілген ағаш орындарында өседі. Мойынқұм, Балқаш, Алакөл аудандарында, Іле, Күнгей Алатаулары, Шу-Ілетауы, Қаратау, Тянь-Шаньның батыс жағында кездеседі.
       Қоры. Зерттелмеген. 
       Құрамы қандай?
       Тамыры мен тамырсабағында көмірсулар, сілемейлі заттар, органикалық қышқылдар, илік заттар, майлар болады.
Қолданылуы. Дәрілік жалбызтікеннен жасалынған препарат мемлекеттік фармакопеяға енгізілген. Ұнтақ, тұндырынды, сұйық, экстракт, сироп түрінде тыныс жолдары қабынғанда, іш өткенде, асқазан, бауыр ауруларына қарсы қолданады. Басқа өсімдіктермен қосып қақырық түсіру үшін шайға салып ішеді.
      Қалай дайындаймыз?
       Қайнатындысын әзірлеу үшін 2 шай қасық ұсақталған шикізатқа 1 стакан ыстық су құйып 30 минут қайнатады, суытады, сүзеді. Күніне 1/3-1/4 стаканнан 3-4 рет тамақтың алдында ыстық күйінде қабылдайды.
       Тұнбасын суық күйде әзірлейді. Ол үшін 20 г шикізатқа 1 стакан суық суды құйып 9 сағат тұндырады. Күніне ас қасықпен 4-5 рет ішеді. 
       Өнеркәсіпте жалбызтікеннің тамырының құрғақ экстрактысынан  “Мукалтин” таблеткасын, сироп жасайды. 
       Тыныс алу, ас қорыту мүшелерін және бүйректі емдейтін қоспалардың құрамына кіреді.
Ж.С.ТОҚСАНБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясы, фармакогнозия және химия кафедрасының профессор м.а., фарм.ғ.к.
Яндекс.Метрика