2024-07-27

КЛИМАКС КЕЗІНДЕГІ ҚАН ҚЫСЫМЫ неге жоғарылайды?

       

       Жылдан –жылға еліміз көркейіп, Қазақстан халқының тұрмыс деңгейі артып келеді, қуанышты жәйт. Себебі, мұның халқымыздың орташа өмір сүру көрсеткішінің артуына өзіндік әсері бар. Десе де көңіл аударарлық мәселелер де бар.

       Мәселен, халқымыздың арасында  әлеуметтік – экономикалық жағдайы аса жоғары және жоғары дамыған елдерде кездесетін денсаулыққа кері әсері бар сырқат түрлерінің артуы белең алып келеді. Ол аурулардың қатарына атеросклероз, семіздік, артериалды гипертония, қант диабеті, жүректің ишемия ауруы сияқты сырқат түрлерін жатқызуға болады. Ер және  әйел адамдардың жас ерекшеліктеріне орай аса жиі байқалатын кейбір сырқат түрлері бар.Мысалы ер адамдарға қарағанда, әйел адамдар семіздікке 2,5 есе жиі ұшырайды. Олар орта жасқа жетіп, климакс кезеңіне  жеткенде аса жиі кездесіп,  атеросклерозбен қатар зат алмасуының бұзылуы болады.Осы факторлардың әсерінен  қан қысымының жоғарылауы — гипертония ауруы дамиды.

        Артериалды гипертония ауруы кең таралған, әрі көп факторлы ауру болып табылады. Атай кетсек, оларға — генетикалық бейімділік, аз қозғалу, ас мәзірінде аса жоғары калориялы майлы, көмірсулы тағамдар, ас тұзын артық қолдану, тағамды көбірек жеу, алкоголь ішімдіктерін ішу, темекі шегу сияқты зиянды әдеттер, артық салмақ жатады.

       Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, ерлердің 37,1 пайызы артериалды гипертония  ауруы барын біліп, олардың 21,6  ғана ем қабылдайды екен, ал әйелдердің 59 пайызы осы сырқаты бары жайлы біліп, 45,7 пайызы ем қабылдайды .

       «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан халықты скринингтік зерттеу артериалды гипертония ауруының климакс жасындағы әйелдерде жиі кездесетінін анықтап отыр. Ересек адамдарда қан қысымының жоғары болуы 140/90 мм сынап бағанасы деңгейінен бастап есептеледі.

       Бұл ауру түрінің әйел адамдарда жиі кездесуінің себептеріне олардың қан тамырының ерекшеліктері қолқа диаметрінің тарлығы, тамыр ұзындығының айтарлықтай қысқалығы, қосалқы метаболикалық зат алмауының бұзылуы – дислипидемия (қанның құрамындағы майлардың арақатынасы), атеросклероз, семіздік, инсулинорезистенттілік кезінде оралді контрацептивті дәрілерді қолдануы, менопауза жатады.

        Аурудың белгілеріне мазасыздық, ашушаңдық, ұйқысыздық, бас ауыру, айналу, құлақтың шулауы, қызынып кету, тершеңдік, ентігу, жүрек қағуы сияқты белгілері жатады. Ауру дер кезінде емделмеген жағдайда мидың , көздің, жүректің , бүйректің қан тамырларына әсер етіп, осы мүшелер де ауру зардабын тартады.Соның әсерінен жасы 55-тен асқан әрбір бесінші әйелде артериалды гипертония ауруы емделмей, асқыну салдарынан ми тамырларының қан айналысы бұзылып, инсультке ұшырау қатері артады.

       Гипертония ауруына ұшыраған адам үнемі дәрігердің бақылауымен қан қысымын қалпына келтіретін дәрілерді үзбей қабылдағаны абзал. Күнделікті үйде қан қысымының деңгейін өлшеп, тамыр соғу жиілігін санап тұрғаны жөн. Медикаментозды ем ғана емес, еңбек ету, тынығу режимін, ас мәзірін қайта қарап, төмендегі талаптарды орындағаныңыз жөн.

       Егер сізде гипертония ауруы анықталса…

        Гипертония ауруы анықталған адамды мүмкіндігінше түнгі ауыспалы жұмыстан, қосалқы жұмыс атқарудан, іс-сапарлардан босатқан дұрыс. Сырқаттың түнгі ұйқысы 7 сағаттан кем болмауы абзал. Түнгі ұйқы алдында серуендеу, аяққа жылы сумен былау жасау, аса қажет болған жағдайда тыныштандыратын дәрі қабылдау керек.  Қан қысымының жоғарылығы анықталған адам күніне кемінде 30 минут жаяу жүруі қажет.  

       Сырқаттың алдын алу үшін түнгі ұйқының қанық болғаны, кешкі асты ұйқы алдында 2 сағат бұрын ішкен, кешкі серуендеуге шыққан жөн. Бұл жүйкенің жұмысын қалыпты ұстайды. Сондай-ақ, салмақтың артып, қандағы холестерин деңгейінің қалыпты болуын қадағалап, дене қимылын шектемеу керек. Дене қимылының маңызы жайлы XVI ғасырда белгілі дәрігер Тиссо «Қимылдаудың пайдасы өз әсері бойынша кез-келген дәрідей, ал кез-келген дәрінің әсері қимылдаудың пайдасындай болмайды» деген.                                                                                                                                     

       Темекі шегу, темекі шеккендердің қасында түтінін жұтып, пассивті шегуші болу да зиянды. Ас мәзірінде майлы, тұзды сүрленген ет, тұздалған, қуырылған балық, ми, бауыр, уылдырық, сиыр, шошқа, қой майлары, қаймақ, пломбир, кондитерлік тағамдар, тұзды, майлы тіскебасарлар, майонез, кофе, ащы шай, какао, шоколад, ішімдік қабылдамаған дұрыс.

        Ас мәзірінде кебек қосылған қара бидай наны, көкөніс қосылған сорпа, жармалар, майсыз ет, балық (қайнатылған, буға пісірілген), аптасына 2-3 рет жұмыртқа, асқабақ, қырыққабат, қызылша, қияр, қызанақ, алма, шпинат қолдану керек. Тәулігіне қабылданатын майдың мөлшері 80-85 г аспай және үштен бірі өсімдік майы болсын. Тағамда калий, магний, кальций микроэлементтері мен С, В6, В12, Р, Е, РР дәрумендері жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. Ұлы Сократ «Біз тамақты ішу үшін өмір сүрмейміз, өмір сүру үшін ішеміз» деген сөзін есте сақтаған дұрыс.

       Санаторлық-курорттық емді мейлінше климакс кезінде өзінің үйренген климатына жақын жерден таңдаған дұрыс.

Алтынай АЗИЗОВА, Оңтүстік Қазақстан  мемлекеттік фармацевтика академиясының терапия бакалавриат кафедрасының ассистенті, жоғары санатты дәрігер

Яндекс.Метрика