ЖҮРЕГІМІЗ ҰЛЫ ДАЛА ДЕП СОҒАДЫ

Жүрегіміз Ұлы дала деп соғады

 

Олардың әнін танымал «Қазақстан дауысы» жобасындағыдай теріс қарап отырып тыңдасаңыз отанын шексіз сүйетін қазақтың бір баласы болды ғой деп қабылдайтыныңыз ақиқат. Бұрылып кеп қарасаңыз өзбектің ұлын, орыс пе кәрістің қызын көресіз. Тілінде бір кемістік жоқ, ал әнінде…

Шымкент қаласындағы опера және балет театры сол күні жігеріңді жанып, намысыңды қамшылайтын, жаныңды отаныңа деген мақтаныш сезімі тербететін әндерге тербеліп тұрды.  Түрлі этнос өкілдерінің арасында патриоттық әндер байқауын ОҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-і ұйымдастырды. Бұл  Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған тарту еді.

Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағын және достығын нығайту, Отанға адал еткен қазақстандықтардың есімін мәңгі есте сақтап, ұрпақтар сабақтастығын  жалғастыру, жас ұрпақтың бойына адамгершілік, патриоттық қасиеттерді сіңіруді мақсат тұтқан  әнші, сазгер Құралай Сәтмұхамбетова, республикалық «Елім менің» патриоттық әндер байқауының лауреаты Батырхан Рыспанбетов, әнші, компазитор Алтай Бағдаттар қазылық жасады.

Шымкент қаласының намысын қорғаған Ким Маргарита «Көк тудың желбірегені» әнін әуелете шырқады. Ұлы даланың үнін жеткізген ән құлақтан кіріп, бойды алды. Ал, сайрамнан келген Миркамал Саттарханов «Туған жерім тамаша» әнін өзіндік мақаммен, табиғатын болмысына сіңіріп орындауы көптің көңілінен шығып, құрметіне ие болды. Шардара ауданының атынан өнер көрсеткен Анна Морьева қазақтың ұлттық костюмін киіп сахнаға шыға келгенде мынадай әсемдікті мұра етіп қалдырған ата-бабамыздың талғампаздығына таңдай қақтық. Жүректі тағы мақтаныш сезімі кернеді. Алғашқы ән орындаған қазақ қызы етегін жабар-жаппас көйлегінің орнына осы киімді киіп шыққанда ғой, мейманасы тасар еді… Әттең. Орыс қызының орындаған  «Оңтүстігім киелім» әніне көрермен асқан ықыласпен қол соқты.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы димломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары да табысталды.

 Ә.Әбішқызы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика