Шымкенттік өнертапқыш тазартылған сумен жұмыс істейтін 2 қондырғы ойлап тапты, деп хабарлады 24.kz сайты. Дәнекерлеу аппараты мен қозғалтқыштарға арналған шағын электролизер электр қуаты мен жанар-жағармайды 20%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мәселен, әдеттегі аппарат жұмыс істеу үшін карбид пен оттегі қажет болса, жаңа қондырғыға 100 грамм бензин мен 1,5 литр тазартылған су ғана керек. Бұл бір айға жетеді. Мұнда 220 вольттық жүйеге де қосылуға мүмкіндік бар. Ал екінші қондырғы автокөліктердің қозғалтқышына ар-налған. Ол да осы тәсілмен жұмыс істеп, көліктерден шығатын улы газдарды 70 пайызға дейін тазалауға ықпал етеді. Жанар-жағармайдың едәуір үнемделгені өз алдына, қозғалтқыштың қуаты мен жылдамдығы артып, қоршаған ортаға келетін зиян көлемі азаяды. Хурьят Ирисметовтың айтуынша, Канададағы тура осындай қондырғының құны 15 мың АҚШ доллары тұрады. Ал елдегі жаңа туынды одан 15 есе арзан болмақ. Бұл жаңалығын өнертапқыш жергілікті автобустар мен жүк көліктерінде сынап көрген. Жақында патент алуды жоспарлап отыр. Бұл жобаға қазірдің өзінде қолдау көрсетуге ынталылар табыла бастады.
– Біз бұл жобаны «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін қажетті құжаттарды жинап, грантқа ұсынбақшымыз, дейді жергілікті серіктестіктің инновациялық жобалар бөлімінің басшысы Әділет Пірімқұлов.
Leave a Reply