Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылау мақсатында актив жиыны өтті. Аталған шараны өңір басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, Жолдауда көрсетілген 10 басымдықты айшықтап айтып берді.
tories/aj.jpg» border=»0″ />
«Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бар күш-қайратымызды жұмсайтын боламыз. Бүгінгі күнде мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген бағыттарды облысымызда іске асыру бойынша нақты іс-шаралар мен міндеттер айқындалды. Бірінші бағыт бойынша облысымыз Қазақстанның индустриаландыру және технологияларды енгізу үрдісіне белсенді қатысып, өңір азаматтарының жаһандық бәсеке қабілеттілігін арттыруы қажет. Облысымызда индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда, онда 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады. 2018 жылы облысымызда «Индустрияландыру картасы» шеңберінде жоғарғы заманауи 9 жоба іске қосылады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сонымен қатар облыс әкімі өңір аграрлық аймақ болғандықтан өткен жылда атқарылған істерді айта келе, «қазіргі таңда Сауд Аравия, БАӘ мен Ирак мемлекеттеріне қой етін экспорттау бойынша алдын-ала келісімдер жасалып отыр. Жалпы 2021 жылға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет. ҚР Ауыл шаруашылығы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктері, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі арасында түзілген үшжақты іс-шаралар жоспарында бекітілген 75 индикаторлық көрсеткіш 158 бірлікке немесе 2,1 есеге орындалды. Биылғы жылы 3000-нан кем емес үй шаруашылықтарынан біріктірілген 102 кооператив құратын боламыз» деп, алдағы жоспарларды да атап өтті.
Жарыссөзге шыққан Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Розақұл Қалмұратов, Мақтарал ауданының құрметті азаматы Тойым Жүнісов және облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Марина Лимаренко Жолдауда жүктелген міндеттерді айтып, өз пікірлерін ортаға салды. Ал белгілі жазушы, публицист Мархабат Байғұт арнайы қарар жобасын оқып, қарарды жиналған қауым қолдады.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының» ғимаратында өткен жиынға басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстағы зиялы қауым, қоғамдық ұйым және БАҚ өкілдері қатысты.
«Қызмет» ақпарат
Leave a Reply