ЖИЫРМА ЖЕТІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ

Кеше бір кісімен сұхбат құрып, нағыз мейірім мен адамдықтың биігін көрдім. Дәл бүгінгі Халықаралық әйелдер мерекесі күнінде сол аяулы ана жайлы жазғым келді. Мүмкін, сіздер тақырыпты оқып, таңырқап отырған боларсыздар?.. Иә, расымен де 27 ұл-қызы бар. Ол өмірін өзіне емес, тағдырдың тауқыметін тартқан жандарға арнаған. Яғни, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға аналық махаббатын беріп, бауырына басқан.

Өзі өте байсалды, көп сөйлемейді. Бірақ ол кісінің өмірі сөйлеп тұр. Ширатып жазсаң, талай жанның жүрегіне мейірім құярың сөзсіз. Осы ниетпен Роза Қадырқызы істейтін облыстық «Бауыржан» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына» арнайы ат басын бұрдық.

tories/0a.jpg» border=»0″ />

Кейіпкеріміз қыздары мен немерелерін шығарып салып, аналық қимастық сезімнің жетегінде отыр екен. Олай дейтініміз – Роза апайдың жақында ғана алпыс жылдық мерейтойы өтті. Бұл кешті өз бауырынан түлеп ұшып, бүгінде отбасылы болып отырған төрт қызы мен күйеу балалары өткізген. Қонақтардың алыстан келгендері сағынышын басып, ауылдарына енді аттанған кезі екен.

«Туған күнімді тойлауға қолқа салған бес қызым ғой. Одан бөлек, үш ұлым келді. Жалпы, есептеп отырсам, он алты ұл-қызды өсіріп, өмір жолына салыппын. Бүгінде қыздарымның көбісі бір үйдің түтінін түтетіп отыр. Ал ұлдарым әлі үйлене қойған жоқ. Бұйыртса, осы наурыз мерекесі кезінде бір балам отбасы құрады. 21-і құдалық, 22-cі ұзату, 23-і беташар. Дәл қазір директор бәріміз тойға дайындалып жатқан жайымыз бар» – деп, Роза апай қуанышты жаңалығын жеткізді.

Аталған отбасылық негізіндегі балалар үйі 2002 жылы ашылған. Кейіпкеріміз содан бері осында істейді. Аяулы ана сол алғашқы жылдарды еске алып, осы арада мерейтой кезіндегі әсерлі сәттермен бөлісті.

«Мұнда келмей тұрып, №33 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруші ем. Жасым қырықтан асқан кез. Тұрмыс құрмағанмын. Сол арада осы отбасылық балалар үйіне конкурс болып жатқанын естіп, қатыстым. Аталған конкурстан өтіп, осында келдім. Кеше бір балам: «Бізге ана керек болды, сізге бала керек болды», – дейді. «Иә, мен өзімде жоғымды сендерден таптым», – дедім. Яғни, бұл жерге келгеніме мүлде өкінбеймін. Керісінше, өзімді өте бақытты ана ретінде сезінемін!

Келген кезімде балаларымның алды 1989 жылғы еді. Одан кейінгілер 7-5-3-сыныптарды оқыса, бірі төрт жас, бірі тым кішкентай (1 жас, 2 ай), еңбектейтін еді. Есімі – Ұлданай. Әне тұр (суретті нұсқап). Ал бүгінде солар жаныма жамау болып, туған күнімді өткізіп берді. Асаба мені ортаға шақырып, балапандарымның бәрі гүлмен шығып, қасыма келген сәтте қатты толқыдым. Одан бөлек, ертең үйленейін деп жатқан баламның: «Анашым, кезінде сізді талай ренжітіп, жылатып ем…» деген сөздері жүрегімді тербетті. Тіпті, тойға жиналғандардың бәрі жылады-ау деймін. Ол бала кезінде бұзықтау, ауыл балаларымен төбелесіп қала беретін еді».

tories/0an.jpg» border=»0″ />

Осы ретте мейірімді жүректің иесінен «бүгінгі балаларыңыздың мінезі қандай және оларды қалай тәрбиелейсіз?» деп сауал қойдық.

«Психолог Ләззат апай: «Балаларды жақсы көріп өсіріңіз. Сонда ол балалар сізді де жақсы көреді» деп айтатын. Кейде мен оларды тіптен қатты жақсы көріп кеттім-ау деп ойлаймын (күлді). Өз бауырларым бар ғой. Бірақ балаң болмаған соң, бәрібір жалғызсырайсың. Кішкентай кездерінде «осылардың барлығы менің балаларым болып, мейіріммен өсіп, өрісім кеңейсе екен!» деп, Құдайдан тілеуші ем. Өзің мейірім берсең, олар да сенен ешнәрсесін аямайды екен. Бұл күндері осыған көз жеткізіп отырмын. «Анашым, сізді бүгін түсімде көрдім, ауырып қалмадыңыз ба?!» дегенде, «ойпырмай, соны білдіріп жатқанын қарашы!» – деп, көз жасымды бір сығып алам. Иә, менің өмірден ұтқаным осы – бала-шағам.

Балалардың барлығы мейрам сайын жиналып тұрады. Кіші қызым «үлкен отбасы болсақ!» деп айтушы еді. Сол арманымызға жеттік. Әрқайсысы үш-үштен бала-шағасымен келгенде, тіпті, үйге сыймай кетеміз. Аллаға шүкір деймін.

Ал сұрағыңызға келсек, тәрбие барысында ішкі жан-дүниенің тазалығына қатты мән беремін. Шыншылдық пен адамгершілікке, адал еңбекке баулимын. Мақтанғаным емес, өзімнің болмысым сондай. Сол себепті шығар, балаларым да осылай болып өсті. Өз күштерімен оқып, қазіргі таңда әрбірі өздерінің сүйікті істерімен айналысып жатыр. Өйткені, мамандықтарын қарым-қабілеттеріне қарай таңдатқанмын.  Ал бүгінгі кішкентай балапандарым жайлы айтсам, 4 ұл, алты қызым бар. Бұлардың ішінде ұлдарыма қарағанда, қыздарым бұзықтау (күлді). Бұзық болғанда, өз ақысын жібермейді».

Өткенге көз жүгіртіп, көңілдегі көп естеліктерді есіне түсірген Роза апай назарымызды қабырғада ілулі тұрған суреттерге аударды. Ол сүгіреттердің әрбірі әсерлі әрі айтары бар естелік. Кішкентай кездері мен балалық шақ. Мектептегі шуақты күндер. Шаңырақ көтерген кездегі бақытты сәт. Арасында өз балаларын бауырына басқан суреттер де жоқ емес.

«Жоғарыдағы Ақтамақ қызымның тұрмысқа шыққан кезі. Ақтамақ демекші, бірде осы үшінші қызымның ата-енесі: «Осындай керемет қызды тәрбиелегеніңізге рақмет!» деп, алғысын білдіргені бар еді.

Мына сурет – балалардың кішкентай кезі. Бәрі де мектепті бітіріп кеткен. Еркебұлан ғана мектеп қабырғасында оқып жатыр. Оның өзі 11-сыныпта. Еркебұланның да бала кезінде Азамат секілді дүлей мінезі бар еді. Ештеңеге қарамай, төбелесе кететін. Ал қазір ондай емес. Ақылды, салмақты ойлайды. Ұйымдастырушы педагог мамандығына түсуді ниеттеніп отыр. Өнерлі, домбыра тартады. Спортты да қатар алып жүр. Мына сағаттағы суреттегі де осы балам ғой.

Ал анау қолмен салынған суретті Көкшетаудағы кадет корпусында оқитын Жандос балам салдырып әкелді.

Мынау – Азамат деген үйленейін деп отырған балам. Сосын күйеу бала. Мұндағы Ұлданайдың кішкентай кезі мен мектеп бітірген сәті. Мына жақтағы балалар бөлмесінде де суреттер бар. Бұл да балалардың мектеп бітірген кезі. Еркебұланның ағасы – Нұрлыбек. Сосын Жандос. Солардың кішкентай кезі ғой. 2005 жыл-ау деймін…» … Осылай аяулы ана қабырғадағы біз білмейтін естеліктермен таныстырды. Ол кісінің нендей күй кешкенін білмедік, ал біздің көз алдымыздан өмір белестері киноның лентасындай бір сәтте өте шықты.

tories/00ana.jpg» border=»0″ />

Аталған отбасылық балалар үйінде бұрын 2 тәрбиеші болған. Бүгінде олардың қатарына бір педагог қосылыпты. Осы орайда кейіпкеріміздің әсерлі әңгімелерінен соң, жүрегін селт еткізіп, есте қалған сәттерін сұрадық.

«Бала кезінде Азамат: «Анашым, мен оқуға кеттім» деп айқайлап тұратын. Олай дегені – ақша дегені. Осындай сәттерді бәріміз бас қосқанда айтып, күліп отырамыз.

Жалпы, қызықты күндермен қатар, аздап қиындықтар да болды. Ата-анасы болмаған соң, іші үңірейіп тұрады ғой. Біреудің іздеп келгенін қалап тұратындай. Кейде жылайды. Жұбатасың. Тағдырын ешкім сұрап немесе қолдан жасап алмайды. Осыны біз және психологтармен бірігіп, түсіндіреміз. Дегенмен, бір қуанарлығы – бұрынғы балалар үйіндей бөліп-бөліп жібермейді, бәрі бір жерде өседі. Кішкентай бауырларын қасына алып жатады, жылап қалса, көтереді. Осылай бір отбасында өмір сүріп, бір-бірін жетектеп өсті. Ал қыздарым бойжеткен соң, басында толық отбасылы жерге тұрмысқа шығуға қорқатын. Оларға: «Сендер ешкімнен кем емессіңдер. Адамдардың бәрі бірдей. Тек тағдыр әр түрлі… Кейін балалы болған соң, үлкен отбасы боп, сіңісіп кетесіңдер», – дедік. Расымен де, бүгін тұрмысқа шыққан жеті қызым барған жерлерінде сіңісіп кетті. Естелік болсын деп, бір-бір айтқан дүниесін әперіп қоямын. Тек мен ғана емес, олардың құдалық, той-томалағы кезінде осындағы жұмыстағы кісілер, директорымыз бар, бәріміз жабылып бірігіп көтереміз. Ешбірінің де көңілін жарым қылмауға тырыстық».

Сөз соңында кейіпкерімізден ата-анасы және бауырлары, туып-өскен жайында білгіміз келетінін жеткіздік.

«Бәйдібек ауданы, Бөген совхозының тумасымын. Әкем Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ ауылында алғаш ұстаз болған кісі еді. Өмірден ерте өтті. Анамның тәрбиесінде өстім. Шешем қарапайым, салмақты, көп сөйлемейтін. Қазір ауылға барсам, бәрі тура анаңызға тартыпсыз дейді. Енді өскен соң, біреуіміз әкеміз, біреуіміз шешеміз боламыз да қоямыз. Оны өзімнің балаларымнан көріп жатамын. Кей мінездері дәл өзімді қайталап тұрады.

Отбасылық балалар үйіндегі тіршілігім қым-қуыт болғандықтан, туысқандарыммен жиі араласа алмай, бастапқыда олар маған ренжитін. Кейіннен менің өмірім – осы екенін, бұларсыз өмір сүре алмайтынымды түсінді ғой…».

Қоштасар сәтте ардақты ананы мерекесімен құттықтап, аяулы қолынан ас ішіп, мейірімді жүрегіне шомып, рухани сусындап қайттық.

Авторы – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика