«Ұлттық кодты ұрпаққа беру – бала бақшадан басталады»

Фатима ТІЛЕУБЕРДИЕВА, «Гаухар» жеке бала бақшасының меңгерушісі, зейнеткер:

«Ұлттық кодты ұрпаққа беру – бала бақшадан басталады»

– Фатима Сманқызы, келе жатқан мерекеңіз құтты болсын!

– Рақмет!

tories/0ba.jpg» border=»0″ />

«Абысын-ажын асарлатып, түшек, жастық тіктік»

– Кәсіпті зейнет жастан кейін бастапсыз. Жалпы, кәсіп ашу туралы ой қайдан келді? Зейнеткерлікке шыққасын зейнетақыңызды алып, демала берсеңіз болар еді ғой, бала тәрбиесіне араласуға не себеп болды?

Мен бұл кәсіпті ашқанға дейін де білім беру, ағарту саласында еңбек еткенмін. Бұл салада 40 жыл еңбек өтілім бар. Бірінші мамандығым бастауыш сыныптарының мұғалімі болса, екінші мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мектепте бастауыш сыныптары және қазақ тілінен дәріс бергенмін. 2013 жылы зейнетке шыққанмын, қазір зейнеткермін. Зейнеткерлікке шыққасын, үй-ішімізбен ақылдасып, жекеменшік бала бақша ашуды ойластырдық. Бақшада бала кешке дейін қарны тоқ болса болды деген мақсатта емес, бала тәрбиесі, баланы жаңашылдыққа үйрету, олардың білімін жан-жақты етіп тәрбиелеуді басты мақсат еттік. Ол үшін заңнамалық талаптарға сәйкес бағдарламалар түзіп, соған сәйкес жұмыс істедік.

Жаңадан іс бастаған сәтте келіндеріміз, абысын-ажындарымыз, көпшілік болып бәріміз жабылып, көрпе тіктік, балалардың жатын жабдықтарын әзірледік. Асарлатып, матрац, түшек, жастыққа дейін екі тігін мәшенесімен жасап шыққанбыз. Ісімізді осылайша бастадық.

– Кәсіпкерлік ісіңізді бастағанда қандай қиындықтар болды? Бала бақшаға бала тарту мәселесі, олардың санын толтыру, материалдық-базалық немесе қаржылық қиындықтар болмады ма?

Жоғарыда атап өйткендей, зейнеткерлікке шыққасын бала бақша ашу туралы үй ішімізбен ақылдастық. Жұмыс істеп үйренген адамға қол қусырып қарап отыру қиын болады екен. Зейнеткерлік демалыс деген аты болмаса, құры қарап шаршайсың. Балаларым демеушілік жасап, үй-жай, қажетті материалдық көмектерін алып беріп, осы жерде ісімізді бастадық. Кез келген істі бастаған сәтінде өзіндік қиындықтары болады ғой, әрине. Дегенмен, еш жерден несиеленіп қаржы іздемедім. Төрт балам төрт жағымнан көмектесті.

Бала тарту мәселесі де соншалық қиындық туғыза қоймады. 2013 жылы мектептерде шағын орталықтар жаңадан ашыла бастаған кез еді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін ашу жұмыстары қолдау тауып жатқан шақ. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 75 баланы қабылдайтын болсақ, алғаш ашылған кезімізде бала саны тіпті көп болып, коридорға дейін жатқызған кезіміз болған. Ол жылдары баланы бала бақшаға орналастыру үшін қалалық білім басқармасында ұзақ сонар кезек, айқай-шу болып жататын. Қазір ғой, электронды түрде үйде отырып-ақ кезекке жазыла береді, жақсы болып қалды.

– Қазір бала бақшада қанша балаңыз бар? Неше жастан бастап қабылдайсыздар? Ата-аналар төлемінің мөлшері қандай?

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 75 баламен жұмыс жүргізіп отырмыз. Қазір электронды тіркеу жүйесі арқылы тіркеліп, тапсырыс қабылдап жатырмыз. Бала бақшамызда бір жарым жастан бастап, 7 жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істеп отырғандықтан мемлекет қаржысын пайдаланып жатырмыз. Ата-аналар тек тамақтану шығындарын ғана төлейді. Балаларды күніне үш мезгіл тамақтандырамыз. Сол шығын үшін ата-ана күндігіне 528 теңге жарнасын төлейді.

«Мінез деген жеген асына да байланысты қалыптасады»

– Тамақтану деп қалдыңыз, балаларды тамақтандыру мәселесі қалай шешілген?

Біз бала бақшаға баланы қабылдаған сәтте ата-анаға ең бірінші мекемеміздің тәртібін түсіндіремін, екінші, баланың білімі мен тәрбиесін ғана емес, сонымен қатар, денсаулығы мен дұрыс тамақтану мәселелерін де қоса түсіндіремін. Академик Т.Шармановтың сөзін ұдайы ескеріп отыратындықтан, тамақ мәзіріне сиыр мен қойдың етін емес, жылқы және күркетауық етін тұрақты пайдаланамыз. Сиыр мен қой еті тез тоңады. Балаларға тамақ ыстықтай емес, суытыңқырап берілетіндіктен тоңып қалған етті жей алмайды, оның сорпасын да іше алмай жатады. Жылқы мен күркетауық еті тоңбайды, бұл – бір. Екіншіден, баланың тісіне жұмсақ болса, үшіншіден, сіңімді. Атамыз қазақта еттің сіңімділігіне қатысты «жылқының еті – төсек салып жатқанша, сиыр еті – ертеңіне түс қайтқанша» деп жататын сөз бар емес пе? Төртіншіден, қазақты жылқы мінезді деп жатамыз. Мінез деген жеген асына да байланысты қалыптасады ғой. Біздің бақшадағы қазақтың баласы түгілі, өзбектің, орыстың, басқа ұлт балалары қазыны жақсы көреді.

Сондай-ақ, балалардың ас мәзірінен ақ өнімдерін: айран, сүт, қаймақ, құрт, ірімшікті үзген емеспіз. Мына Төле би ауданындағы Зертас деген ауылда сиыр бағатын өзіміздің саяжайымыз бар. Сол саяжайдан сүт өнімдерін жеткізіп, осында айран ұйытып, ірімшік сығып, құрт жасап, балаларға береміз. Артылғанын осы маңдағы ел сұрап жатады. Балалардың ағарған ішуіне көп көңіл бөліп, қадағалап отырамын.

– Жылқы етін өзге ұлт өкілдерінің балалары да сүйсініп жейтінін айтып қалдыңыз. Балалар тілдік категорияға байланысты топтарға бөлінген бе? Неше тілде тәрбиеленеді? Жалпы, тіл үйрету жолға қойылған ба? Кадрларыңыз бен олардың білім жетілдіруі туралы да қоса айта кетсеңіз.

Тілге байланысты, ата-аналардың талабына орай тәрбиеленуші балалар екі топқа бөлінген: мемлекеттік тілде және орыс тілінде жүргізіледі. Бала бақша орналасқан Тельман бөлімшесінде бірнеше ұлт өкілдері аралас тұрады. Оның үстіне базар маңы болғасын, «Алаш» базарында сауда жасайтын қырғыздар да осы мөлтекауданда тұрады. Сондықтан, тәрбиеленушілер қатарында қазақ, өзбек, орыс, әзірбайжан, түрік, қырғыз балалары қатар тәрбиеленуде. Баласын орыс тобына беретіндер негізінен түріктер мен әзербайжандар. Солардың талаптарына орай, орысша бір топ ашқанбыз.

Елбасының бастамасына сәйкес, бала бақшамызда қазақ және орыс тілдерінен өзге ағылшын тілінің алғы шарттары үйретіледі. Ол үшін тіл мамандарымыз бар. Мамандардың біліктілігін арттыру жағы жолға қойылған. Әр 5 жыл сайын біліктілігін көтеру бойынша салаларына сәйкес Шымкент, Алматы, Астана қалаларына семинарларға қатыстырып отырамыз. Сондай-ақ, қазіргі дамыған техниканың көмегімен онлайн және көшпелі сабақтарға қатысуға мүмкіндіктеріміз бар. Психологтарымыз, медбикелеріміз, педагог мамандарымыз білімдері мен біліктіліктерін жетілдіру, тәжірибе алмасу жағынан шет қалып жатқан жоқ.

Қазір негізгі маман қызметкерлеріміз бен техникалық персоналдарымызды қосқанда 19 адам жұмыспен қамтылған ұжымбыз. Олардың ең төменгі жалақысы 43,0 мың теңге болса, педагог мамандарымыз еңбек өтілдеріне қарай 80,0 мың теңгенің үстінде жалақы алады. Мен өзім ұжымда кадрлардың бірі кетіп, бірі келіп жататын тұрақсыздықты ұната бермеймін. Мамандарымыздың дені бала бақша алғаш ашылған кезден бері қызмет етіп келеді. Тәжірибесін жинақтап, біліктіліктерін арттыруға барлық жағдай жасалып отыр.

tories/00ba.jpg» border=»0″ />

«Сырнай, дауылпаз, домбыра, пианино аспаптарымен қамтығанбыз»

– Жаңа ғана осы бала бақшаға келгенде «Ертеңгіліктің» үстінен түстік. 8-наурыз әйелдердің халықаралық мерекесіне арналыпты. Ұжымыңызда неше әйел қызметкер бар?

Жалпы бала тәрбиесі деген әйел затына жақын болғасын, ұжымда негізінен әйелдер құрайды. Ер кісілер шопыр, қарауыл және музыкант секілді қызметте.

– Осындай ертеңгіліктер мен іс-шараларда музыкалық сүйемелденуі міндетті, иә. Бала бақшаның музыкалық жабдықтармен қамтылу жағы қалай?

Міне, осы отырған бөлмеміз музыкалық бөлме. Мұнда балалар ән айтып, би билейді. Кейде дене шынықтыру жаттығуларын да өткіземіз. Музыкалық аспаптардан пианино, сырнай, дауылпаз, домбыра, қоңырау секілді аспаптармен қамтығанбыз. Сондай-ақ, қазақтың мың әні, мың ертегісі басылған «Электронды киіз үйлеріміз» бар. Қазақтың ертегісі мен ән-күйін тыңдап өскен бала ұлтжанды болып өспей ме?

Айтпақшы, осы келе жатқан Наурыз мерекесіне балалардан құралған ұлт аспаптар оркестрін дайындап жатырмыз. Ол оркестрде домбыра, дауылпаз, қоңыраулар ойнайтын болады. Жоғарыда айтып өткендей, біздің бала бақшамыз мемлекеттік тапсырысқа сәйкес нормативтерді орындайды, сонымен қатар, мүмкіндігінше этнопедагогикаға баса назар аударып келеді. Оркестр құрып жатқан себебіміз де сол. Әлі мектеп қабырғасына бармаған балғын балалар керемет музыкалық білім алып кетпесе де, ұлттық музыкамен тыныстаса, әуенді құлағына сіңіріп, үнін тыңдап өссе, ұлттық аспапты қолына ұстап шала білсе, соның өзі де үлкен тәрбиелік мәні бар нәрсе ғой. Қазір біз тәрбие құралы ретінде ұлттық ойындарды, әсіресе, асықты көп пайдалана бастадық. Елбасымыздың «Ұлттық кодты жаңғырту» идеясы да осы емес пе? Ұлттық кодты ұрпаққа беру – осылайша бала бақшадан бастау алса деген ой менікі. Менің басты кредом да осы. Баяғыдағы қазақтың бала тәрбиесінде «Әжелер институты» деген дүние болған болса, соны зейнеркерлікке шыққан қазіргі әжелер осылайша қайта қалпына келтіріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Наурыз мерекесі қарсаңында бізге келетін болсаңыз, арнайы дайындалған ұлттық мерекелік шарамызға куә бола аласыз.

«Әжелер институтын» «Ене институтына» жалғау ойымда бар»

– Бала бақша ұстаудың жауапкершілігі қалай екен?

Бала бақша меңгерушісі болғанмен, «бастықпын» деп кабинетте шіреніп отыра алмаймын. Жауапкершілік көтергесін, тыныш отыра алмайды екенсің. Баланың тамағы, денсаулығы, тәрбиесі, көлікпен тасымалы, білім үйретуі, олардың ұйқысын қадағалануы дегендей шапқылайсың да жүресің. Өзімнің тіпті жеке кабинетім де жоқ. Төменгі қабатта, дәлізде жүремін. Келген ата-ана мен келушілер болса, сол дәлізде қабылдаймын. Жоғарғы қабаттағы ересектер тобы мен төменгі қабаттағы кішкентайлар топтары арасында құлақ түремін де жүремін.

– Әңгімеңізге қарап отырсақ, этнопедагогиканы дәріптейтін бала бақшаңыз шынында да керемет екен. Осындай ұлттық тәлім-тәрбиеге баса назар аударған ұлттық форматтағы кәсіпкерлік ісіңізді бұдан ары дамытуды, қанат жаюын ойластырдыңыздар ма? Жалпы бала бақшаңыздың филиалдарын басқа да мөлтекаудандардан ашу жағына қалай қарайсыз?

Қазір осы бала бақшамызды қалыптастырдық. Құдай қаласа, филиал ашып, өркен жаю да болар. 2-3 бала бақша ашып отырған әйелдер көп. Болашақта филиал ашып жатсақ, оған мүмкіндігіміз де, материалдық жағдайымыз да жетеді деп ойлаймын. Жоғарыда айттық қой, «Әжелер институтын» ақырындап оятып келеміз деп. Өзімнің 4 балам, 4 келінім бар. Келіндерімнің екеуі Астанада болса, екеуі осы бала бақшада қызмет етіп келеді. Алла бұйыртса, «Әжелер институтын» «Ене институтына» жалғап, екі келініме екі бала бақша ашып, осы ісімнің екі филиалын ашсам деп ойлаймын. Жаңадан ашылатын бала бақшаларға да осындағы іс-тәжірибемді бөлісіп, қазақтың этнопедагогикасын ендіруді қолға алсам деймін.

«Көпқабатты үйлердің бірінші этажын бала бақшаға бейімдеп салса екен»

– Фатима Сманқызы, бала тәрбиесі мен білім беру саласында 40 жылдан астам еңбек өтіліңіз бар, мектепке дейінгі бала тәрбиесі саласында кәсіпкерлік ісіңіз де 6 жылға қадам басыпты. Осы саланы жақсы білесіз. Бұл салада шешілмей жатқан нендей мсәелелер бар? Не ұсыныс айтар едіңіз?

Осыдан бірнеше жыл бұрын орта білім беретін мектептер жанынан шағын орталықтар ашылды. Ол – сол кезде балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамту үшін тиімді шешім болған шығар. Бірақ, бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алмай жатады. Шағын орталықтарда баланы тек түске дейін ғана тәрбиелейді. Ал түстен кейін балаға кім қарайды? Жұмыстағы ата-ана үшін тиімсіз. Баланың ата-әжесі ауылда, ата-анасы жұмыста, ал мұнда қарайтын ешкім жоқ, үйге қамап кету тіпті қауіпті. Мүмкін, сол шағын орталықтарды жауып, оларға бөлінетін қаржы мен мүмкіндіктерді балалар бақшасына берсе, біз секілді мектепке дейінгі бала тәрбиелейтін мекемелер бұдан да көркейіп қалар еді. Өйткені, қазіргі шағын орталықтарда мектепке дейінгі бала тәрбиесінің мүмкіндіктері тым шектеулі. Немесе, сол шағын орталықтарды бала бақшаға айналдырып, мектептерді «мектеп-бала бақша» форматындағы білім мекемесіне өзгертсе, ол да жақсы. Жас ата-анаға ол да ыңғайлы болар еді. Болашақта осыған келетін сияқты.

Және бір ұсынысым – жаңадан салынып жатқан көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарын бала бақшаға бейімдеп салса деген ұсыныс. Мәселен, осы Шымкенттегі Нұрсәт мөлтекауданындағы Қ.Төлеметов көшесі бойында бірнеше көпқабатты үйлер салынуда. Сол үйлердің бірінші қабаттары коммерциялық мақсатқа бейімделіпті. Өткенде сол жаққа жол түсіп, қарап шықтым. Тұрғын үйлердің бірінші қабаттарына бала бақша жоспарлау туралы ой сол кезде келген. Мәселен, таңертең жұмысқа шығып бара жатқан жас ата-ана өздерінің подъезінің бірінші қабатындағы бала бақшаға бүлдіршіндерін қалдыра кетеді де, кештетіп жұмыстан келгесін сол жерден баласын алып, өз пәтеріне көтеріле салады. Ыңғайлы емес пе, былайша? Тұрғын үй жоспарлағанда осыны да ескерсе деп сәулетшілер мен осы салаға жауапты мемлекеттік қызметшілерге құлаққағыс еткім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Ұлттық кодты бүлдіршіндердің бойына сіңіретін өзіңіздей әжелер аман болсын. Зейнеткерлікке шықсаңыз да ұлт болашағына осылайша еңбек ете беріңіз. Мерекеңізбен тағы да құттықтаймыз!

Сұхбаттасқан – Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика