ТАНЫСЫҢЫЗ, ЖАҢА АЙДАР!!!
Редакциядан: Бүгінде төрткүл дүниеде болып жатқан жаңалықтың бәрі алақаныңдағы телефонға сыйып тұр. Не іздесең, соны табасың. Жамандық, жақсылық, ізгілік… Жаның нені қалайды, ақтарасың да ала бересің. Үнімді қосамын, пікір-ұсынысымды айтамын десең де ешкім қой демейді. Еркіндік. Бірақ осы еркіндіктің де пайдалы және зиян тұсы бар. Біреу жанның қалауымен жазса, ал біреу тәннің қалауымен жазады.
Ұлы Абай қырық үшінші сөзінде «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, ұшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» дейді.
Осы тұста еске сала кететін бір жәйт ӨЛШЕУ туралы ұмытпау керек. Фейсбук парашасын ашып жанның қалауын қанағаттандырмақ ниетте отырғанымызда белгілі қаламгер Роза Мұханованың төмендегі жазбасы алдымыздан шыға келді. Жазушының психологиялық тақырыпта жазған әңгімелерін тұшынып оқып жүрген оқырмандарының бірі едік. Отбасы, ошақ қасындағы тіршілігі, әңгімесі қалай өрбиді екен деп ынтыға түстік. Тәлімді, тәрбиелі екен. Мұны біздің оқырмандарымызда оқуға тиіс деген ой түсті. Автормен байланысқа шығып басылымға шығарсақ бола ма, деп келісімін алдық. Енді сұхбатқа айдарлап, ат қою керек болды. ЕКЕУДІҢ ӘҢГІМЕСІ дедік.
Қалың оқырман мойындаған қаламгерлер Әкім Тарази мен Роза Мұханованың әңгімесін қаз-қалпында жариялап отырмыз.
ӘКІМ ТАРАЗИ, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: «Заман қандай болса адамы сондай»
Мынау омикрон деген бәлемен екі аптадай жан таласып, жан беріскен арпалыс сәтті бастан кештік. Әкім Тарази вакцина алмаған еді… Барынша сақтанып, қорғанып-ақ жүрген едік. Вакциналанған менің де халім оңайға соқпады. Бүгін сәл сергігендей болған соң ТАРАЗИЫМДЫ әңгімеге тарттым. Шаршаңқы болса да менің көңілімді қимады. Сүзіліп бір қарады да иегін көтерді. «Не қалайсың, айт!» -дегені . Екеуара әңгімеміз жарасып қалғандай, біраз гәпләштық. Бірақ жарытып дәм татпады. Ағаларың ауырып жатқанда мүлдем сөйлемей қойған еді. Бүгін менің қойған сұрақтарыма жауап қатып қуантты. Менің мұңайған көңілімді жадыратқысы келді ме екен, ӘЙЕЛДЕРДІ мақтаудан жалықпады))
Екеуара шәй үстіндегі әңгіме тартпамда жатқанда не ұтады. Әкім ағаларыңның ойы маған да қызықты көрінді.
Р.М: Қазақта әйел адам ер азаматын қорған көреді, азаматын өзінен биік қояды. Расында солай ма?.. Еркек пен әйелді салыстырғанда қайсысы мығым?
Ә.Т: Ер азаматтың алдына шықпай өзін төмен ұстауы, құрмет көрсетуі – әйелдің табиғатындағы сыпайылығы ғана. Қазақ әйелі осы мінезімен ұтып келеді.
Р.М: Бақыт деген не?
Ә.Т: Татулық!!!
Р.М: Қанша пайыз адам бақытты, тату болады?
Ә.Т: 2-3% ғана. Басқалары тату сияқты, бақытты сияқты көрінеді.
Р.М: Әйелге көз қарасыңыз қалай?
Ә.Т: Ана деп қараймын. Ана билей білген отбасы –бақытты. Еркегі қодаңдаған отбасында бейбіт өмір болмайды. Еркек әйелге өз билігінінің 90% беріп қою керек. Бірақ сол 90% бергенін әйеліне білдірмеуі керек.
Р.М: Ондай өмір әйелді қажытпай ма?
Ә.Т: Жоқ. Ақылды әйел еркегіне бағынып жүргендей болады, бірақ жаңағы 90 % ауыртпалықты өзі ғана көтереді. «Қыздың қырық жаны бар» деп бекер айтпаған.
Р.М: Бала тәрбиесінде ер мен әйелдің қайсысының ролі басым?
Ә.Т: Әкенің беделі, ананың ролі басым.
Р.М: Әйелдерге көзқарасыңыз өте жоғары екен.
Ә.Т: Өте жоғары. Әйел деп емес, АНА деп қараймын. Еркек өтірік айтуға, алдауға ыңғайлы. Ал әйел ешуақытта өтірік айтпайды.
Р.М: Өтірік айтатын да әйелдер бар ғой.
Ә.Т: Маскүнем әйел ғана өтірік айтады. Ондай отбасы міндетті түрде күйрейді. Өтірікпен құрылған отбасы да жалған болады.
Р.М: Ұл бала мен қыз баланың айырмашылығы қандай?
Ә.Т: Қыз бала ұтымды. Бәрін ақылмен істейді. Қыз өзіне жар таңдайды, өзі таңдайды. Ұл бала –аңғал. Әйел алыстан ойлайды, еркек бүгінгі күнді ғана ойлайды. Сен де сондайсың, алыстан ойлайсың…
Р.М: Жоқ, келіспеймін. Мен керісінше алыстан ойлай алмаған адам шығармын. Алыстан ойлаған адам СІЗ болып шықтыңыз ба деймін. Себебі, менің жастығымнан қорықпай, тәуекелге бел будыңыз. Осының өзін алыстан ойлағандық деп білемін.
Ә.Т: Оның да дұрыс…
Р.М: Өмір… Тіршілік дегенге көзқарасыңыз?
Ә.Т: Заман қандай болса адамы сондай. Билік АДАМНЫҢ өз қолында.
Р:М: Бұрынғы адамдар мен қазіргі адамдардың айырмашылығы бар ма?
Ә.Т:Айырмашылық жоқ.
Р.М: Әйел қу ма, еркек қу ма?
Ә.Т: Әйел қу… Әйел отбасын ойлайды, еркек қоғамдағы орнын ойлайды.
Р.М: Күннің шыққаны жақсы ма, батқаны жақсы ма?
Ә.Т: Адам ретінде күннің шығып келе жатқаны жақсы.
Р.М: Ал кеш кіргенде не ойлайсыз?
Ә.Т: Күн батқанда қандай жақсы адам болса да мұңаяды. Кеш мұңайтады.
Р:М: Қарттық жайлы не айтасыз?
Ә.Т: Қарттық деген сенің тағдырыңды айқындайды.Бала-шағаңмен, ұрпағыңмен бақытты болдың ба? Ұттың ба?.. Ұтылдың ба?..
Р.М: Осы жасқа келгенде үнемі есіңе түсіп қайталана беретін қандай сәт? Ұмытқың келмейтін, ұмыта алмайтын сәтіңізді сұрап отырмын.
Ә.Т: Өзіңді БАҚЫТТЫ сезінген сәтің ешқашан ұмытылмайды.
Р.М: Саясат туралы айтар ма едіңіз?
Ә.Т: Саясат – ойын.
Р.М:Бұл ойын түрі соғысқа да апарады ғой…
Ә:Т:Егер жер шарында әйелдер болмай тек еркектер ғана болса адамзат баяғыда құрып кеткен болар еді.
Р:М: Қызық пайым… Сенім деген не?
Ә.Т: Отбасының татулығы.
Р:М: Сіз отбасы құндылығын бәрінен биік қойып отырсыз.
Ә:Т: Мен сенің тіліңді таптым.
Р:М: Қалай таптыңыз?
Ә.Т: Оны өзім білемін, айтуға болмайды. Егер сенің тіліңді таппасам 2-3 айдан кейін-ақ ажырасып тынатын едік.
Р.М: Ажырасу дегенге көзқарасыңыз қалай?
Ә.Т: Иттік!!! Ақылы жоқ жігіт жар таңдай алмайды. Жар таңдай алмаған жігіттің өмірі қорлықпен өтеді. Махаббат қолдан жасалмайды…
Р:М: Махаббат бар ма?..
Ә:Т:Махаббат –әйелдің тілін таба білу. Не болса соны айтып, әр жерде түнеп жүрген еркекте қасиет болмайды.
Р.М: Жаман әйелден құтылу керек пе? Әлде онымен өмір сүре беру керек пе?
Ә.Т: Егер оның бала-шағасы көп болса, онда сол жаман әйелдің тобығында тапталып қала береді. Өкініш деген сол…
Leave a Reply