«Сөз өнері арқылы бүкіл басқа өнердің қызметін жасап беруге болады»

Абай Батырұлы Қалшабек – ақын, аудармашы, әдебиеттанушы:

«Сөз қадірі – өз қадірің» деп дана халқымыз тауып айтқан. Бірақ, қазіргі қоғамда сөздің қадірі кеткендей көрінетін кездер аз емес. Мәнісіне бармаймыз, астарын ұқпаймыз. Бәлкім сөздің қадірін білмегендіктен шығар. Осындай ортада бабалар аманатын жалғап сөзінің қадірімен, өзінің қадірін іздеген кім бар деген бір сауал ойымнан шықпай қойды. Ойлана келе іздеген адамымды тапқандай болдым. Абай Қалшабек.

Әдебиетті жілікше шағатыны бір бөлек, шешен сөйлеп, тыңдаған адамын әңгімесіне ұйыта қоятын керемет бір қасиеті бар Бартыұлының. Л. Толстойдың шығармашылығын талдап, Лермонтовты Пушкиннен жақын көретін, бірақ Абайды олардан биік қоятын Абай ағамыздың талғам таразысына таңырқамау әсте мүмкін емес.

Әңгіме-дүкеніміздің кіріспесін оқыдыңыз, ары қарай әдебиеттің қазіргі ахуалы жайлы сұрап көрелік.

Прозадан поэзияға өтіп кеткен адам жоқ

– Ассалаумағалейкум, Абай аға. Қазіргі әдебиетте прозаның өңі жұқарып кетті деген сын-пікірлер көп. Осы сын орынды ма? Қазіргі прозаиктерден кімдерді білесіз?

– Уағалейкумассалам. Иә, жалпы, проза деген поэзиядан жоғары жүретін дүние. Оған бір дәлел, ХV ғасырда Тарази деген мықты әдебиет теоретигі шыққан. Сол кісінің теориялық еңбегінде «проза мен поэзияның қайсысы мықты?» деген кезде, прозаны жоғары қояды. Мен де осы пікірге ұйимын. Көп адамдар прозаға өлең жазу арқылы келеді. Ал енді прозадан поэзияға өтіп кеткен адам жоқ. Бұл да прозаның жоғары екеніне бір дәлел. Сондықтан, қазір мықты прозаиктер жоқ дегенмен мен мүлде келіспеймін. «ХХ – ХХІ ғасырдағы 100 үздік әңгімені іріктеп ал» десе, Ұларбек Нұрғалымның жазған «Дайағашшы» деген әңгімесін мен соның қатарына ұялмай қосатын ем. Классикалық шедевр туындылар қазір де жазылып жатыр. Бірақ, мәселе мынада:

Әдебиет Кеңес дәуіріндегідей емес, тағынан түсіп қалды. Кеңес дәуіріндегідей дәріптелмейді, олай құрметтелмейді.

Мен осылай түсініп жүрмін. Одан кейін Дәулетбаева деген жазушы қыз бар. Есімін ұмытып отырмын. Атын ұмытқаныммен «Операция» деген прозалық шығармасын ұмытқам жоқ. Міне көрдіңіз бе, әдебиеттің құдіреті қайда жатыр! Шығарманы оқып шықтым, шедевр! Әдеби туындылар жазылып жатыр. Бірақ бұрынғыдай әдебиет соншалықты танымал емес, оны таныту мәселесі тұралап жатыр. Жалпы прозаның өңі жұқарып кетті деген нәрсеге келісуге де келіспеуге де болады.

Форманы мазмұннан жоғары қоятын бір бағыт пайда болды

– Поэзия туралы да пікіріңізді білгім келіп отыр. Қазіргі поэзияның қуаты төмен бе, әлде оқырман талғамы төмен бе?

– Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқышта» өнерді жіктеп келіп, былай деп айтады. «Дүние екі бөліктен тұрады: жаратылған және жасалған. Жаратылған деген Алла Тағала жаратқан аспан, тау, мұз, мұхит деген сияқты. Ал, жасалған деген, адамның қолымен жасағанының бәрі». Көріп отырсыз, Еуропа әдебиетін шарласаңыз таппайтын, орыс әдебиетінің теориясында жолықпайтын ғажап бір ережені Ахмет Байтұрсынов ұсынады.

Ол кісі тағы былай дейді: «Адамның ақылынан, қолынан шыққан нәрсенің барлығы – өнер». Өте қарапайым ғана түсінік былай қарап тұрсаңыз. «Өнердің барлығы бірдей емес, оны екіге бөлеміз», — деп көрсетеді сосын. «Ол тірнек және көрнек. Адамның тәніне керек болса – тірнек өнері. Жанына керек болса – көрнек өнері. Көрнек өнерінің 5 түрі бар: сөз, саз, сәулет, кескін, сымбат өнері», — деп келеді -дағы, «– осының ішінде ең мықтысы сөз өнері»,-дейді.

«Неге?

Өйткені сөз өнері арқылы бүкіл басқа өнердің қызметін жасап беруге болады, ал басқа өнер сөз өнерінің жасағанын жасап бере алмайды».

Енді айтайын дегенім, атам заманнан келе жатқан осы өнерге қазақ халқы мынадай талап қойған. Ол талап қара өлеңде бар. Қара өлеңде былай деп айтады: «Іші алтын өлеңнің, сырты күміс».

Ол не деген сөз?

Мазмұн деген бірінші орында тұрады, форма екінші деген қағида. Осы дәстүрді Абай жалғастырды. Абай былай деп айтады:

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?».

Тура жаңағы қара өлеңге келе ме? Келіп тұр. Міне, атам заманнан қазақ баласы осы қағиданы ұстанып келді. Мазмұнды бірінші орынға қойды — дағы форманы екінші орынға қойды.

Енді еліміз тәуелсіздік алғалы бері форманы мазмұннан жоғары қоятын бір бағыт пайда болды. Оны «модернизм» дейміз бе, «постмодернизм» дейміз бе, атай беруге болады. Бірақ олар форманы мазмұннан жоғары қойып жіберді. Осы жерде әдебиетте кішкене мазмұндық жағынан тоқырау байқалды. Бірақ сол кешегі Абай, Махамбет, Бұқар жырау ұстанған дәстүрмен жазып келе жатқан, жалғастырып келе жатқан ақын – жазушылар да жоқ емес. Мысалы, олардың қатарында Бақытжан Алдияр, Қалқаман Саринді атауға болады. Осы ақындар қазақтың мың жыл бойы көбесі сөгілмеген, іргесі бұзылмаған дәстүрін жалғастырып келе жатыр. Поэзияның кішкене тоқырап, әлсіреп көрінетін себебі – форма қуалаушылық бізде белең алып кетті.

– Қазіргі поэзияда «ақ өлең», яғни «верлибр» деген бағыт бар. Бұған көзқарасыңыз қалай?

– «Ақ өлең» деген әдебиет тарихында бар нәрсе. Бүгін пайда болған нәрсе емес. ХVIII – XIX ғасырларда да бар. Ақ өлеңнің де ақ өлеңі бар. Ұйқас деген өлеңнің бір талабы деп алатын болсақ, ол жерде ұйқасқа қатты мән берілмейді. Дегенмен, өлеңнің ішкі үйлесімі тамылжып тұратын, іш пен сырт қабысып, жымдасып тұратын ғажап ақ өлеңдер бар. Ондай өлеңдер Мағжанда да кездесетін. Қазақтың дәстүрлі қара өлеңінде де кездесетін тұстары бар осының. Табиғи саф жүреткен ағып шыққан ақ өлеңдер бар да, құрама, не мағынасы жоқ, не формасы үйлеспейтін жеңіл ақ өлеңдер де бар.

Соңғы кездері түсініксіз, қойыртпақ ақ өлеңдерге қарағым да келмейді, оқымаймын да. Жалпы, «ақ өлеңге» мен қарсы емеспін.

– Сіз неге орыс әдебиетінің, классиктерінің ішңнде Толстойдың еңбектеріне тереңінен үңілдіңіз? Неге басқа емес?

– Табиғатымнан көп авторларды оқи беретін емес, бір авторды дендеп, ақжем қылып оқитын қасиетім бар. Ең бірінші Толстоймен таныстығым «Исповедь» деген шығармасынан басталды. Шығармаға 19 жасымда, кітапханада кездейсоқ жолығып қалдым. Содан кейін Толстойды біршама зерттедім, талдадым.

Толстой несімен ұнады?

Шындық сүйгіштігімен, әділет іздегіштігімен қатты ұнады. Қиял, ойдан шығару, фантастика дегенді менің табиғатым қабылдай бермейді. Ал Толстойдың 1879 жылдан кейінгі принципі – шындыққа қатты дендеген. Өзі көрген, өзі сезінген нәрсеге қатты басымдық берген. Толстой маған осы тұрғыдан жақын. А. Чехов, Достаевскийлер мені қатты тартпады. Өйткені, жаңағы менің критерийлеріме тура келмеген шығар. Бұл Достаевский, Чехов жарамсыз деген сөз емес, тек менің табиғатыма Толстой жақын. Пушкиннен гөрі Лермонтов жақын деген сияқты. Таңдау адамның жеке талғамына қатысты қалыптасатын болу керек.

Мен Толстойдан Абайды жоғары қоямын

–Осы «Қазақтың Пушкині», «Қазақтың Гетесі» деп айтып жатамыз. Неге өзіміздің өр тұлғаларымызды бір кісінің көлеңкесінде қалдырып, шәкірті сынды теліп қоямыз?

– Бұл кеңес дәуірінде белең алған «еуропацентризм» деген көзқарастың жемісі. Еуропаны Шығыстан жоғары қою, Еуропаға қатты еліктеу, өркениеттің, білімнің, ғылымның бәрі сол жақта деген қате көзқарастың нәтижесі бұл. Мысалы, Толстойды Абайдан жоғары қою, Пушкинді Абайдан жоғары қою, Есенинді Мұқағалиден жоғары қоюдың бәрі – осы «еуропацентристік» көзқарасты тексермей, жасанды түрде қабылдай салудың жемісі.

Ал енді мен қалай қараймын?!

Жаңа сіз қатты бағалап отырған Толстой өзінің ең мықты шығармаларын Шығысқа бет бұрғаннан кейін берген. Шығысты қатты мойындаған. Мысалы, Гете. Еуропа әдебиетінде Гетенің қасына қойылатын ақындар некен-саяқ. Сол Гете: «Шығыста жеті ақын бар. Соның ең әлсізінің жанында мен түкке тұрмаймын», — дейді. Қазіргі мына заманауи Еуропаның бүкіл өркениеті шығыстан, мұсылманшылықтан бастау алады.

Мұсылмандық Испаниядан бастау алады. Қазір мен айтқан фактілерді тексеріп көрсеңіз болады. Алғаш монша салуды, көшеге жарық шамдарын қоюды, асфальт төсеуді, су жүйесін, құбырды, әжетхана соғуды, жуынуды, университет соғуды бүкіл Еуропа мұсылмандардан алған. Бұған тарих дәлел. Қазіргі технологияның бүкіл жетістігінің теориялық негіздерінің бәрі мұсылмандарда жатыр. Мысалы, Заһарауи деген ғалымды қарасаңыз, тек қана медицинадан 30 томдық теориялық еңбек жазған. Сол кісі кітапқа суретін салып, атын жазып, сипаттамасын беріп кеткен хирургиялық құралдардың 200-ден астамы дәл қазір қолданылады деген дерек бар. Гиппократты «медицинаның атасы» деп айта береміз. Гиппократта 10 том еңбек жоқ. Еуропаның ғалымдары «Қазіргі бүкіл Еуропаның медицинасының іргетасы ол – Заһарауи еңбектері» деп айтады. Бұл мойындау.

Біз шығысты өзіміз жете білмейміз, сондықтан жаңағы кісілерді жоғары қоямыз. Мен өзімнің бір сұхбатымда айтқанмын:– Мен Толстойдан Абайды жоғары қоямын. Неге? Өйткені, Толстой ақиқатты таба алмай жылап жүр. Абай ақиқатты тауып, танып, біліп, соған халықты шақыра алмай жылап жүр. Қайсысы мықты болады? Ақиқатты таба алмай жылап жүрген адам ба, әлде, ақиқатты тауып, танып, соған шақыра алмай жүрген адам мықты болады ма? Әрине, Абай мықты.

Біздің жаттан ұран сұрайтын, жаттан ақыл іздейтін жағдайымыз жоқ

– Біз поэзияда, прозада тым күрделі сөздер жазып, түсініксіз тұжырымдар жасап, әдебиетті тіл байлығын көрсететін алаңға айналдырып алған жоқпыз ба?

– Бұл мәселені тарқатып айту керек. «Әдебиетте өзі екі мектеп бар» — дейді теоретиктер. Біріншісі, «Словесный аскетизм Толстого» деген. Бұл мектептің мәні неде? Бұл мектептің өкілдері идеяны беруге қатты мән береді. Сөздің көркемдігіне емес. Мысалы, Толстой былай айтады: «Менің сөзімнің сұлулығы оқырманды идеядан алдап алып кетіп қалмау керек». Түсіндіңіз бе?! Бұл мектептің басты идеясы – ойды, идеяны жеткізу. Сөздің сұлулығы екінші орында тұрады.

Екінші бір мектеп бар «Игровой филологизм Лескова» деген. Ол Лесковтың мектебі. Бұл мектеп сөздің сұлулығына қатты мән береді. Асқар Сүлейменовтің мынадай бір сөзі бар: «Сөйлемдегі өмір бар және сөйлемнің өз өмірі бар». Яғни, сөздің құрылымы, оның үйлесімділігі, әсемдігі, осының бәрінің қалай тізбектеліп үйлесуіне қатты мән беретін мектеп бұл. Осы

мектептің біздегі бір өкілі Оралхан Бөкей. Сөзбен сурет салады. Ал жаңағы алғашқы мектепке Бердібек Соқпақбаевты жатқызсақ болады. Сөздері қарапайым болып көрінеді. Бірақ идея деген буырқанып, бұрсанып жатады.

Тағы бір мәселе бар. «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Ахмет Байтұрсынов Абайдың шығармашылығы туралы мынадай бір анықтама береді. «Абайдың кей өлеңдерін түсінуге оқырманның шамасы жетпей қалады. Бұл Абайдың кінәсі емес, біздің кінәміз» дейді. Кейбір оқырманның өресі, ойы жетпей қалатын биік, түсініксіз, күрделі идеялар болады. Ол әдебиетте бар. Барлығы оқырманға бірдей түсінікті болу керек деген дұрыс емес. Абай ол жерде әдейі күрделендіріп, қиындатып жатқан жоқ. Ол өте биік мәселелерді қозғап жатыр. Оған жету үшін, түсіну үшін оқырманның белгілі бір деңгейде дайындығы керек. Осындай бір қиындықтар бар.

Екінші бір қиындық бар. Ол – мағынасыз, мазмұнсыз қиындықтар. Қойыртпақ, түсініксіз, иірімдері көп сияқты көрінгенімен, түптеп келгенде ішінде түк жоқ қиындықтар бар. Мен осы екінші қиындатуға қарсымын. Абай сияқты биік мәселені қозғаған қиындық болса, ол орынды. Осы тұста Асқар Сүлейменов былай дейді: «Оқырманның қамау терісін алсаң несі айып?!». «Өнердің түбіне судың бетіне қалқып шығып тұрған түсінікті ойлар, түйсінікті идеялар жетеді» дейді мысалы үшін. Қиындатудың да қиындатуы бар, оны ажырата білу қажет.

Қазір осы тәуелсіз әдебиет кезеңіндегі поэзияда пайдасы жоқ мағынасыз, мазмұнсыз қиындатып жазу белең алып кетті. Мен оған қызықпаймын. Ол нәрселерді бос әурешілік деп ойлаймын.

– Сіз «танымал» адамдарды таным+ал және таны+мал деп екі түрге болып қарастырасыз. Таным алатын адам қандай болуы керек? Кімнен таным алуға болады?

– Біздің жаттан ұран сұрайтын, жаттан ақыл іздейтін жағдайымыз жоқ. Біздің ұлт тарихында таным алатын, таным беретін тұлғалар жеткілікті. Мысалы, Әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қашқари, Иүгінеки, кешегі Абай, 500 жылдық жыраулар тарихындағы бүкіл жырау тәлім алатын, таным алатын адамдар деп айтсақ қателеспеймін. Шәкәрім, алашордалық Жүсіпбек, Мағжан, Ахметтер, Кеңес дәуіріндегі Мұхтар Мағауин, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановтар… таным алатын адамдар жеткілікті. Бауыржан Момышұлының өзі неге тұрады?! Тек біз таным алатын тұлғалардың қадіріне бара алмай, бағасын білмей жүрміз-ау…

– Азамат ретінде айтыңызшы аға, саясатқа араласасыз ба? Саясат сізді қызықтыра ма?

– Кейбір адамдар саясатқа бейім келеді. Соған арласқысы келеді. Мен ол қатарға жатпаймын. Мен шығармашылықтың адамымын. Қоғамда болып жатқан кейбір құбылыстарға көзім анық жететін болса өзімнің үнімді қосып отырамын. Бір жаңалық болып жатса, түбіне жетпей жатып айқайлап қосылып кететіндердің қатарына жатпаймын. Сондықтан мен өзімді саясаткер деп есептемеймін. Оған дайын емес те шығармын.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Бақжан МАХАШОВ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика