Білім күнінде жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті

Авторы:

01.09.2025

Білім күні  мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде ерекше салтанатпен аталып өтуде. Мерекелік шара Шымкент шаһарында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мерекеде жаңа мектептің лентасы қиылды.

Шымкент қаласында биылғы жаңа оқу жылында бірқатар мектептер пайдалануға берілді. Білім күніне орай, бүгін Тельман шағынауданында №152 жалпы орта білім беретін жаңа мектептің ашылу салтанаты өтіп, алғашқы қоңырау соғылды. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, барша ұстаздар, ата-аналар қауымын, шәкірттерді жаңа оқу жылымен құттықтады.

Шымкент қаласында биылғы оқу жылында 28 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Қала әкімінің орынбасары жаңа оқу жылы – тек ұстаздар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды кезең екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы екі жылда қалада 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ұлттық жоба аясында тағы 12 мектеп салынды. Шаһарда білім саласына ұдайы назар аударылып келеді. Жалпы білім саласында жаңа мектептердің пайдалануға берілуі, білім сапасын арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, қауіпсіздікті күшейтуде көптеген жұмыстар атқарылды. Енді оқушылар тек қана білімге ұмтылуы тиіс.

Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлжанар Құдайбергенованың мәліметінше, биыл жаңа мектепке 650 бала қабылданды.

Қала әкімінің орынбасары, ардагер ұстаздар, жалпы көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласы, Тельман шағынауданындағы 1200 орынға арналған мектеп құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталған болатын. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалған.

Мектеп ғимараты бес блоктан тұрады. Жоғары сыныптарға арналған оқу ғимараты, бастауыш сыныптарға арналған жеке оқу ғимараты, әкімшілік бөлмелер, кітапхана, спорт залы қарастырылған.

Жаңа мектептердің салынуы - оқушылар мен мұғалімдер үшін заманауи, жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік жасайды. Өз кезегінде, бұл оқыту сапасына оң ықпал жасап, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашады. Жаңадан іргетасы қаланған мектептер - Шымкент қаласының болашақтағы игілігіне салынған инвестиция саналады. Бүгінде қала әкімдігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан мұндай жобалар білім беру саласын ілгерілетуге, оқушылардың білім алу аясын кеңейтуге бағытталған. Еліміздің ертеңінің жарқын болуы - білімді ұрпақтың қолында. Ал оларды жайлы, заманауи ортада тәрбиелеу - бүгінгі қоғамның басты міндеті.