“Тұрмыс” жедел-профилактикалық іс-шарасы: отбасы қауіпсіздігі басты назарда

Авторы:

09.11.2026

2026 жылдың 09-11 қараша аралығында Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы аумағында “Тұрмыс”  жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталған шараның негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және қоғамда отбасы құндылықтарын нығайту.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері бірлесіп, профилактикалық есепте тұрған тұлғаларды тексеру, отбасылық жанжалдарға бейім азаматтармен жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету жұмыстарын қолға алуда. Сонымен қатар, қолайсыз отбасылар анықталып, олармен жүйелі әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жүргізілуде.

“Тұрмыс” іс-шарасы барысында тұрғындар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, халық көп шоғырланатын орындарда түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, оның салдары мен жауапкершілігі туралы ақпараттар берілуде.

Бұдан бөлек, дағдарыс жағдайындағы отбасыларға психологиялық және құқықтық көмек көрсету мақсатында тиісті мекемелермен, оның ішінде Отбасын қолдау орталықтарымен тығыз байланыс орнатылған. Мамандар тарапынан кеңестер беріліп, қажетті жағдайда әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылуда.

Аталған профилактикалық іс-шара – қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға, отбасындағы татулық пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Себебі отбасы тыныштығы – ел тыныштығының негізі. 

Шымкент қалалық полиция департаменті Еңбекші АПБ ҚҚБ Отбасылық - тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері