Әйелдердің кәсіпкерлік әлеуеті қоғамға тұрақтылық әкеледі
Шымкентте отбасы институтын нығайту, әйелдердің экономикалық дербестігін арттыру және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету ісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналған. Осы стратегиялық мақсатты жүзеге асыруды көздеген ерекше форматтағы жиын шаһардың көрікті орындарының бірі – Дендрологиялық саябақта ашық аспан астында өтті. «Күзгі шабыт – жаңа мүмкіндіктер» атты ауқымды жиынды Абай ауданы әкімдігінің аппараты мен Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы ұйымдастырды.
Бұл кездесу орталық пен жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмыс істей алатынын нақты көрсетті. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қадамдар әйелдердің өз қабілетін толық ашып, қоғамдағы орнын нығайтуына тікелей жол ашады. Анығында, басқосудың түпкі мұраты – өз кәсібін жаңадан бастағысы немесе кеңейткісі келетін әйелдерге мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру, кәсіпкерлікке баулу және құқықтық-психологиялық тұрғыдан демеу таныту.
Аталған бастаманың мән-жайын жиында сөз сөйлеген Абай ауданы әкімдігі аппаратының әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы Меруерт Тұтқышбаева түсіндіріп өтті:
– Кездесудің басты мақсаты – әйелдің қоғамдағы рөлін айқындау. Ол тек шаңырақтың ұйытқысы ғана емес, экономиканың да белсенді мүшесі. Кәсіпкерлерді қолдау арқылы отбасының әл-ауқатын арттырып, балалардың болашағын, тұтас қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеміз. Бүгінгі шара барысында жұмыс істеген арнайы алаңдарда тұрғындар гранттар, жеңілдетілген несиелер мен оқыту курстары туралы қажетті мәліметтерді алды, – деді бөлім басшысы.
Шара барысында түсіндіру жұмыстары саябақ аумағында тігілген ақпараттық шатырларда жалғасты. Келушілерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Жұмыспен қамту орталығының мамандары жеке-жеке кеңес берді. Олар нәзікжандыларға «Еңбек», «Бастау Бизнес», сондай-ақ «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» бағдарламалары арқылы 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болу жолдарын және төмен пайызбен несие рәсімдеу тәртібін түсіндірді.
Бұдан соң қажетті құқықтық әрі кәсіпкерлік ақпараттарды алған жұртшылық жергілікті қолөнершілер мен кәсіпкер әйелдердің жәрмеңкесіне қатысты. Мұнда мемлекеттің демеуімен өз ісін дөңгелетіп жүрген 30-ға жуық кәсіпкер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Жәрмеңкеде ұлттық нақыштағы киімдер, тәттілер, тоқыма бұйымдары мен табиғи косметикалардың көптеген түрлері табылып, қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Бұл кездесу тек қана кәсіп пен экономикалық мәселелермен шектелмей, отбасы институтын сақтап қалуға да баса мән берді. Гендерлік саясаттың өзегі ретінде отбасылық құндылықтарды қорғауды мақсат еткен алаңда Отбасын қолдау орталықтары мен қалалық емханалардың психологтары және заңгерлері қатар қызмет көрсетті. Мамандар тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы өзара түсіністікті нығайту, бала тәрбиесі мен денсаулыққа қатысты сауалдарына толыққанды жауап берді. Бұл жұмыстар қиын жағдайға ұшыраған азаматшалар үшін үлкен көмек болды.
Шараға Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпкер әйелдер және қала тұрғындары қатысты. Келушілер күзгі жапырақтармен көмкерілген саябақтағы арнайы фотозонада естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта осындай кездесулер Абай ауданына қарасты Қатын көпір, Қызылжар, Алтынтөбе және Жайлау шағынаудандарында кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, тұрақты түрде жалғасын табады. Өйткені өз кәсібін дөңгелетіп, құқықтары қорғалған және қолдауға ие болған әйелдің отбасында береке орнап, қоғамның дамуына қосар үлесі арта түспек.
Шаңырақтың берекесі бірлескен жұмыстармен бекем
Бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның қайталануына түбегейлі жол бермеу қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Аталған түйткілді шешу үшін Шымкент қаласында құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қолдау орталықтарының бірлесуімен жұмыстар жүргізу жүйелі жолға қойылған. Өйткені әрбір отбасындағы тыныштық пен амандық – тұтас мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі.
Осы орайда, жуырда Шымкент қаласындағы Отбасын қолдау орталығында маңызды жиын өтті. Бұл басқосудың басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары бірнеше рет қайталанған отбасыларды тұрақты бақылауға алу және олармен атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыру. Аталмыш іс-шараны Шымкент қаласы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі топтың инспекторы, полиция аға лейтенанты Д. Сахибекова мен «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Л.Әуесбек бірлесіп өткізді. Бірлескен жұмыс кеңесіне Шымкент қаласына қарасты Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарының жауапты қызметкерлері мен аудандық инспекторлар түгел қатысып, атқарылған жұмыстарды ортаға салды.
Жиын барысында ведомствоаралық жұмыс тобының тоқсан сайынғы қызметі қорытындыланып, әрбір есепте тұрған отбасының жағдайына жан-жақты талдау жасалды. Өз кезегінде, бұл талдау жұмыстары күнделікті тәжірибеде кездесетін олқылықтарды дер кезінде анықтап, оларды жоюдың тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді. Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында тұрмыстық жанжалдардың ошағына айналған орталарға қатысты қосымша жедел шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар, сайып келгенде, әрбір отбасымен жүргізіліп жатқан психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмектің нәтижелілігіне шынайы баға беруге жол ашты.
Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылық көрсеткен немесе соның салдарынан зардап шеккен тұлғаларға тек жазалау шаралары ғана емес, сонымен қатар жан-жақты әлеуметтік-психологиялық оңалту жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Осы мақсатта агрессорлардың мінез-құлқын түзетуге бағытталған психологиялық тренингтер мен құқықтық түсіндіру шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қалалық Полиция департаменті мен Отбасын қолдау орталығының мамандары бұл бағыттағы жұмыстар тек ведомстволардың міндеті емес, бүкіл қоғам болып атсалысатын ортақ іс екенін атап өтті. Мұндай тоқсан сайынғы кездесулер мен бірлескен рейдтер әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығын көтеріп қана қоймай, тығырыққа тірелген отбасыларға нақты көмек қолын созуға себеп болады.
Жиын соңында қатысушыларға нақты міндеттер жүктеліп, әрбір аудан бойынша бақылаудағы отбасылардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағыты айқындалды. Сонымен қатар, осы саладағы атқарылатын іс-шараларды әрі қарай күшейту туралы бірыңғай ортақ шешім қабылданды.
Балалар еңбегін қанауда үнсіз қалу – қасірет
Әрбір баланың қауіпсіз, бақытты балалық шақта өмір сүріп, толыққанды білім алуына құқығы бар. Алайда, кез келген әлеуметтік қатердің, соның ішінде балалардың құқығын шектеу мен олардың еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу – тек бір мекеменің немесе тек қана білім саласының ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғам болып жұмылып, құқық қорғау органдары мен жұртшылықтың бірлескен жүйелі әрекетін талап ететін аса маңызды міндет.
Қараша – әділдік және жауапкершілік айы. «Әділ болу – адамгершіліктің ең биік шыңы» десек, өскелең ұрпақтың мүддесін қорғау әрбір саналы азаматтың басты парызы. Бұл ретте, Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ауқымды шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Хамза атындағы №108 жалпы орта білім беретін мектепте маңызды басқосу өтті. Тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Дилшад Нуралиевтің жетекшілігімен ұйымдастырылған жиын «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы мен республикалық «Балалардың еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ақпараттық науқаны аясында жалғасын тапты. Бұл шараға құқық қорғау қызметкерлері де арнайы қатысып, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға баса назар аударды.
Кездесу барысында мамандар балалар еңбегін заңсыз пайдаланудың қандай қатерлерге әкеп соқтыратынын, жасөспірімдердің өз құқықтарын қалай қорғай алатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды мүдделерін қорғау тетіктері, еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік талаптары жан-жақты талқыланды.
Жиын соңында қатысушыларға құқықтық ақпараттар беріліп, жас буынның қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатыны атап өтілді. Өйткені әрбір баланың ертеңгі күніне деген сенімділігі – тұтас елдің жарқын болашағының кепілі.
Шымкент қаласынан солтүстік пен шығысқа жүздеген адам көшті
Еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент қаласынан республикамыздың еңбек ресурстары тапшы өңірлеріне қоныс аудару үдерісі жандана түсті. Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына жаңа өмір бастау үшін аттанған шымкенттіктердің қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2026 жылдың 10 айында қаладан 196 отбасы (817 адам) сол өңірлерге тұрақты мекенге көшіп барды. Қуантарлығы, бұл көштің басым бөлігін бүлдіршіндер мен өсіп келе жатқан жас ұрпақ құрап отыр. Бұл ауқымды жұмыс азаматтарды ерікті түрде көшіру және қандастарды қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Бұл ретте, қоныстану мәселесінің заңды тұстарына да тоқтала кеткен жөн. Мәселен, Шымкент қаласында 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында 68 отбасы (142 адам) «қандас» мәртебесін алса, төрт азаматтың бұл мәртебесі тағы алты айға ұзартылды. Алайда қолданыстағы заңнама бойынша, қандас мәртебесі тек Үкімет белгілеген арнайы қоныстандыру өңірлеріне көшу шартымен 5 жыл мерзімге беріледі. Шымкент қаласы қабылдаушы өңірлер қатарына кірмегендіктен, мұнда бұл мәртебе берілмейді. Сондықтан оңтүстіктің белсенді тұрғындары еліміздің басқа аймақтарына қоныс аударуды жөн көріп отыр.
Статистика көрсеткендей, қоныс аударған азаматтардың дені Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарын таңдаған. Нақтырақ айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысына – 81 отбасы (375 адам), Павлодар облысына – 53 отбасы (192 адам), Шығыс Қазақстан облысына – 33 отбасы (121 адам) қоныстанды.
Сонымен қатар Қостанай облысына 16 отбасы (62 адам), Абай облысына 7 отбасы (37 адам), Қарағанды облысына 3 отбасы (16 адам) және Ұлытау облысына 3 отбасы (14 адам) көшіп барды. Жалпы көшіп барған 817 адамның 473-і – балалар, 234-і – еңбекке қабілетті азаматтар, ал 110-ы – үй шаруасымен айналысатын тұрғындар.
Естеріңізге сала кеттейік, Үкімет еңбек күші тапшы өңірлерге азаматтарды тарту мақсатында Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарын қабылдайтын аймақтар ретінде белгілеген.
Бағдарламаның басты мақсаты – тек жұмыс күшімен қамтамасыз ету ғана емес, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, өңірлер арасындағы демографиялық және еңбек ресурстарының теңгерімін сақтау. Шымкенттіктердің бұл бастамаға белсенді түрде қатысуы еліміздің әр түкпіріндегі экономикалық байланыстарды нығайтып, жаңа қоныстағы отбасыларға жарқын болашақ сыйлауға мол мүмкіндік ашып отыр.