«Отан – отбасынан басталады». Осынау қасиетті ұғымның түпкі астарына үңілсек, ұрпақ өсіріп, шаңырақ шаттығын молайту маңдай термен келген адал еңбек пен биік парасаттан бастау алатыны анық. Шырайлы Шымқаланың Абай ауданында тұратын Қожамжаровтар әулеті – береке мен бірлікті, кәсіпке деген адалдық пен темірдей тәртіпті өмірлік темірқазық еткен қасиетті қара шаңырақ. Ғылым мен білім жолын мұрат тұтып, ұрпағын кітап пен ілімге баулыған бұл әулет бүгінде елге үлгі боларлықтай парасатты мектепке айналып отыр. Ұлттық құндылықтардың қадірін биіктеткен өнегелі отбасы биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында Шымкент қаласы бойынша топ жарып, отандық отбасы институтының шын мәніндегі озық үлгісін көрсеткен еді.
«Ұл-қыздарымыз маңызды іс бастарда батамызды алуды дәстүрге айналдырған...»
Әрбір үлкен әулеттің өзіне тән шежіресі, маңдай терін төгіп атқарған қажырлы еңбек жолы болады. Осы бір берекелі отбасының іргетасын қалап, бүгінде елге қадірлі ақсақал атанған Сейдахмет Мырзахметұлының шежірелі өмірі көз алдымызға ауылдың қарапайым тыныс-тіршілігін, ата салтымен сабақтасқан шуақты күндерін оралтады. Өмір жолын адал еңбекпен өрген отағасының жадында балалық шағы пен өзі ұстаздық еткен ұлағатты жылдардың іздері күні бүгінгідей сайрап жатыр.
– Өзім Бәйдібек ауданы, бұрынғы Шалдар совхозы, қазіргі Қызылкөпір елдімекенінде қарапайым шопанның отбасында дүниеге келгенмін. Әкем маңдай терімен нәпақасын тауып, кезінде Қазақ КСР Жоғарғы Президиумы төрағасының грамотасын алған еңбекқор адам еді. Кішкентай кезімнен атамның өнегесін бойыма сіңіріп өстім. Шымкент педагогикалық институтын 1974 жылы аяқтаған соң, жарым Зылихамен шаңырақ құрдым. Ол кезде біз тұратын аядай ғана ауылда бар-жоғы 130 ғана үй бар болатын. Бастапқыда мектепте төрт ай мұғалім болып, кейін директордың орынбасары лауазымына көтерілдім. Сол шағын ауылдың өзінен отызға жуық академик пен профессор, экономика ғылымдарының кандидаттары мен философтары түлеп ұшты. Өзіміз отбасымызбен өнер саласында да озық шығып, республикалық байқауларда топ жардық. Бүгінде 33 немере, 7 шөбере сүйіп отырған жайымыз бар. Балаларымыздың бәрі жоғары білім алып, қазіргі күні ел тізгінін ұстар жауапты қызметтер атқаруда. Бұл оларға бала кезінен сіңірген ақыл-кеңесіміздің, ұлағатты тәрбиеміздің жемісі деп білемін. Ұл-қыздарымыз әлі күнге дейін маңызды қадам жасарда алдымен біздің батамызды алып, әрдайым ақылдасып отыруды дәстүрге айналдырған, – дейді ол.
Осы ретте шаңырақтың бірлігі мен берекесін даналығымен сақтап отырған ардақты ананың да орны бөлек. Отыз үш жасында он баланы дүниеге әкеліп, Кеңес Одағының алтын медалімен марапатталған жұбайы, батыр ана Зылиха Пернебекованың өмірі бүгінгі өскелең буынға өнегелі дастан боларлықтай. Шаңырақтың түзу тірлігін сабақтаған ақ жаулықты ана алғаш келін болып түскен кездерін тебіреніспен еске алады. Ол техникумды тәмамдап, жаңадан босаға аттаған шағында ауылдың қарапайым тірлігіне үйрену оңайға соқпағанын жасырмайды:
– Ол кезде қазіргідей бәрі автоматтандырылған заман емес, мал соңында жүріп, күн сайын үш сиырды қатарынан сауатынбыз. Үйдің тұңғышы болсам да, әкеме еркелеп өскендіктен бе, басында ауылдың бұл ауыр шаруалары маған өте қиын тиді, тіпті қарапайым нан пісірудің өзін білмейтінмін. Бірақ ақылды да мейірімді енем менің бұл осалдығыма ашуланған жоқ, қайта бәрін сабырмен үйретті. Кейде күбі пісуге шамам жетпей, әбден қиналған сәттерімде жұбайым Сәкең апама байқатпай келіп маған жәрдемдесетін. Кейін енем мұны біліп қойып: «Бәсе, менің келінімнің бұл майы қалайша өзінен-өзі шайқалып жатыр десем, менің балам көмектесіп жүр екен ғой», – деп мейірлене күлетін.
Осылайша уақыт өте келе ауылдың бейнетін де, зейнетін де көріп, үй тірлігінің барлық қыр-сырын бірте-бірте меңгеріп кеттік. Алланың жазуымен өмірге үш ұл, жеті қыз әкеліп, бәріне тәрбие беріп, қатарға қостық. Қазіргі таңда балаларымыздың әрқайсысы өз бақытын тапқан. Бір қызығы сол, дүниеге келген жеті қызымыздың барлығы дерлік еліміздің әр түкпіріне, дәлірек айтқанда, жеті түрлі облысқа тұрмысқа шығып, әр өңірдің түтінін түтетіп отыр.
Ана атанған соң, қашанда отбасы мен бала-шағаны бірінші орынға қоясың. Оның үстіне, енем де «Қыз бала бос жүрмесін, сыртта қаңғымасын, үй тірлігін ертеден істеп үйренсін» деп қыз баланы қатты ұстап, кішкентайынан еңбекке баулыды. Сол тәлімнің арқасында балаларым есті, ел танитын ақылды болып өсті. Дегенмен, ана жүрегі бала үшін қашан да алаңдаулы болады ғой. Кезінде мектеп асханасында жұмыс істеп жүрсем де, қаншалықты шаруамен айналыссам да, ойым мен бүкіл жан-дүнием әрдайым үйде, балаларымда болатын. Тіпті жұмыс арасындағы қысқа үзіліс кезінде мектептің буфетін бес минутқа жауып кетіп, «Балаларым аман ба екен?» деп зырылдап үйге қарай жүгіретінмін. Үйге жетіп келгенде қайын енемнің қатал да тәлімді мектебінен өткен қыздарым қазан басында қайнап жатқан жұмыстарды атқарып, нан илеп, үйдің бар шаруасын дөңгелетіп қоятын. Соны көріп көңілім орнына түсіп, іштей тәубе дейтінмін, – дейді ақ жаулықты ана.
«Бізді өмірде адастырмаған – ата-анамыздың өсиеті...»
Ата-ананың адал еңбегі мен маңдай терінің өтеуі ешқашан бос кеткен жоқ. Олардың жас ұрпаққа сіңірген өнегелі жолы мен темірдей тәртібі он баланың әрқайсысының өмірінен айқын көрініс тауып, қоғамның әр саласында жемісті еңбек етуге сеп болды. Педагогикалық ортадан түлеп ұшқан перзенттердің бойындағы жауапкершілік сезімі елге адал қызмет етудің үздік үлгісіне айналды. Бүгінгі таңда бұл берекелі отбасыдан бірнеше ғылым докторлары, профессорлар мен түрлі саланың білікті мамандары шыққан. Мұның өзі – ата-ана үшін үлкен мақтаныш.
Отбасының сара жолын өмірлік темірқазық етіп алған перзенттерінің де жанұя тұтастығы мен ынтымақтастығы туралы өзіндік ойы бар. Шаңырақтың тұңғышы Рахат Қожамжарова:
– Адам шыр етіп өмірге келген сәттен бастап, ата-анасы сол перзенттің бақыты мен болашағы үшін бар өмірін, білгені мен тәлімін арнайды. Біздің де бүгінгі қоғамнан өз орнымызды тауып, биік белестерге жетуіміз – әкеміз бен анамыздың шексіз қажыр-қайратының өтеуі. Қазір өзім «Шаян» мектеп-лицейінде тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қызметін атқарамын, әрі алты баланың анасымын. Әке-анамнан көріп өскен асыл қасиеттерді, адамгершілік пен еңбекқорлықты бүгінде өз ұрпағыма үйретіп, санасына сіңіріп келе жатырмын, – дейді бұл туралы.
Үлкен шаңырақтың алтын бесігінен түлеп ұшқан әрбір перзент бүгінде өз саласының білікті маманына айналып отыр. Әке мен ананың үлгілі тәрбиесі тек бір отаумен шектелмей, барлық баланың өмір жолына арқау болғаны анық. Олардың әрқайсысы қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып, ата-аналарының абыройын биік ұстап келеді.
Ата-ананың берген тәлімі мен өнегесі балалардың ғана емес, олардан тараған немере-шөберелердің де бойынан көрініс табуда. Өзі өскен ортадан терең тағылым алған ұрпақ білім мен ғылымнан бастап медицина, өнер, спорт және құқық қорғау салаларында озық нәтижелер көрсетіп жүр. Олар республикалық байқауларда топ жарып, еліміздің рухани дамуына өзіндік үлесін қосуда. Бұның бәрі – салиқалы тәлім-тәрбиенің жемісі.
Міне, осы бір ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өнеге мен әкелік абыройдың қадірін жан дүниесімен сезініп өскен шаңырақтың ұлы Нұрахмет Қожамжаров туған ортасының өмірлік ұстанымын былайша сабақтайды:
– Әкеміз өмір бойы мектеп қабырғасында басшылық тізгінін ұстап, талай жастың санасына сәуле құйды, ел алдында абыройлы еңбек етті. «Әке көрген оқ жонар» деген қазақтың мақалы біздің өмірімізге тура келді, себебі әкеміздің әрбір қадамы, әділдігі мен іскерлігі бізге үлкен өмірлік мектеп болды. Соның арқасында бойымызға жауапкершілікті бала күнімізден сіңіріп өстік. Қазіргі таңда мемлекеттің қауіпсіздігі мен заң үстемдігін қамтамасыз ететін құқық қорғау саласында, нақтырақ айтқанда, қылмыстық атқару жүйесінде жауапты қызмет атқарып жүрсем, бұл – сол әкеміз бен анамыздың берген тәрбиесінің жемісі. Әкеміздің «Сабақтан қалма, білімге ұмтыл, әрқашан топ жарып, озат оқушы бол, үмітімізді ақта» деген сөздері санамызға мықтап шегеленді. Ал анамыз: «Көшеде бейберекет жүрме, жаман ортадан аулақ бол, біреудің хақысын жеп, ала жібін аттама», – деп жіті қадағалап, адалдықтың шекарасын сызып беретін. Міне, осындай өсиеттер бізді өмірде адастырмай, бүгінгі биікке жеткізді.
Расында да, ата-ананың берген бағыт-бағдары бос кеткен жоқ. Осы бір өнегелі ортадан өсіп шыққан ұрпақтың бүгінде әртүрлі салада табысты еңбек етіп, биік белестерді бағындыруы көп нәрсені аңғартады. Тіпті, республикалық «Арай», «Шағалалы Шардара», «Отырар таланттары» және «Сайрам жұлдыздары» сынды беделді байқауларда топ жарып, еліміздің рухани дамуына да өз үлестерін қосып жүр.
Ата-әженің өнегесі қара шаңырақтың қадірін асқақтатып келеді
Қазіргі таңда Сейдахмет Қожамжаров пен Зылиха Пернебекованың немерелері де биік белестерді бағындырып жүр. Өйткені ата мен әженің үлгілі өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қара шаңырақтың қадірін асқақтатып келеді. Ата-әженің тәрбиесін көріп өскен жас ұрпақтың халықаралық деңгейде топ жаруы – әулеттің мерейін үстем еткен қуаныштардың бірі. Атап айтқанда, әулеттегі немерелерінің бірі биыл төрт мемлекеттің жеті грантын сәтті жеңіп алып, Түркияның беделді жоғары оқу орнына оқуға аттанды. Бұл ретте отбасының тәрбиелік ықпалы айрықша.
– Отбасының қасиетін түсінген жанға бұл – қастерлі ұғым, алтын діңгек қой. Әрбір баланы ертеңгі өмірге дайындап, оның бойындағы жасырын қабілетін ұштау, биікке қанат қақтыру – үлкен жүректі, сабырлы еңбекті талап ететін іс. Біз балаларымызға тек жаттанды ақыл айтумен шектелген жоқпыз. Өзіміз күнделікті тірлікте адал еңбектің нанын жеп, сол адалдықтың қадірін іспен дәлелдеп тәрбиеледік. Олардың әр таңдауына, қабылдаған шешімі мен көкейдегі тілегіне әрдайым үлкен құрметпен қарап, дербестігін қолдадық. Ал ең бастысы, балаларымыз ертең өмірдің қай шыңына шықса да, мансап пен атаққа мастанбай, бір-біріне деген ыстық ықыласын, ағайынға деген бауырмалдығын жоғалтпайтын жанашыр болып өсуіне мән бердік. Біздің шаңырақтың арманы да, түпкі мақсаты да біреу, ол – дүние-мүлік жиып, байлық қуу емес, балаларымыздың жүрегіне сепкен адамгершілік дәні мен бірліктің сәулесі түгесілмей, тек қана татулықта өмір сүруі, – дейді тағы да көнекөз қария.
Иә, Сейдахмет Мырзахметұлының бұл сөзі отбасының басты ұстанымын айғақтап тұрғандай. Расында да, адамгершілік пен бауырмалдықты бәрінен биік қоятын бұл әулеттің өнегесі қазақ қоғамындағы әрбір отауға үлгі болуға әбден лайық.