Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы басталып, ел есін жия алмай, рухани құндылықтар кейінгі шепке ысырылған шақ. Қаржылық қиындықтан көптеген мәдениет ошақтары жабылып, ондағы кітап қорларының сақталуы мен болашағы бұлыңғыр тартқан өтпелі кезең еді. Дәл осы уақытта күнкөріс қамымен жанар-жағармай бекетінде жұмыс істеп жүрген кезінде де жүрегіндегі кітапқа деген махаббаты сөнбей, «не болса да ауыл баласы кітапсыз қалмасын» деп жауапкершілікті өз мойнына алғандар некен-саяқ болатын. Сөз қадірін өз қадірім деп білген, руханияттың алтын діңгегі – кітапхананың жабылып қалмауы үшін өз малын сатып, диірменнен ұн шығарып, маңдай терімен жиған қаражатын рухани қазынаға айырбастаған нағыз заман қаһарманы – Қайрат Үсейнұлы Айдаров. Нарық қысқан заманда ұлттық кодты сақтап қалу үшін жан аямай еңбек еткен майталман маманмен рухани ахуал төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіткен едік.
– Қайрат Үсейнұлы, қазіргі қоғамда кітапханашылықты жай ғана мамандық деп қарайтындар көп. Бірақ сіздің бұл салаға келуіңіз, кітапқа деген шексіз махаббатыңыз үлкен бір рухани миссия секілді көрінеді. Бұл құштарлық қайдан басталды?
– Еліміздің қарымды қаламгері Шерхан Мұртазаның «Кітап оқыған адам мәдениетті, ал кітап оқымаған адам қауіпті» деген аталы сөзі бар емес пе?! Бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Өйткені, кітап оқымаған адамның ішкі дүниесі бос, рухани діңгегі әлсіз келеді. Ондай адамнан кез келген уақытта қауіп күтуге болады. Ал менің саналы ғұмырымда сол «қауіптің» алдын алып, ауыл баласының көкірегіне білім сәулесін түсіруге ұмтылуым – өскен ортам мен текті әулетімнен дарыған қасиет. Мен мұны жай ғана жұмыс емес, перзенттік парызым, өмірлік миссиям деп білдім. Өйткені руханиятқа қызмет ету адамның ішкі тереңдігі мен тектілігінен бастау алады.
Кішкентайымнан әдебиетке, сөзге жақын болып өсуіме әкеміз Үсейннің ықпалы зор болды. 1929 жылы туған әкеміз көкірегі қазына, ел аузындағы ғибратты әңгімелерді, көне қиссаларды, Майлықожаның термелерін жатқа айтатын құймақұлақ қария еді. Тіпті Жалайырдан шыққан атақты ақын, зерттеуші Иса Алмас екеуінің ел ішіндегі мұраларды жинақтап, кітап етіп шығаруға қосқан үлкен сұхбаттары мен еңбектері болатын. Біз соны көріп, соны санамызға сіңіріп өстік. 1970-1980 жылдары Көпбай Әлімбетов деген атамыздың әңгімелерін тыңдадық.
Санамызға ерте сіңген тағы бір аңыз – 1946 жылы біздің ауылға атақты даңқты балуан Қажымұқанның өзі келіп, елмен жүздескені. Үйдегі төрт әпкем де мектепте озат оқып, кітаптан бас алмайтын. Осындай терең тамырлы, өнегелі ортада өскендіктен, кітап мен үшін адамның ішкі көкжиегін кеңейтетін, тұлғалық қасиетін қалыптастыратын бірден-бір құралға айналды. Мәдениетке деген ішкі құштарлығымның қайнар көзі де осы ұлттық тәрбие мен әулеттік өнегеде жатыр.
– Өмір жолыңыз бірден мәдениет саласымен басталмаған екен. Оған дейінгі еңбек соқпақтарыңыз қалай өрбіді?
– Иә, өмір мені сан түрлі соқпақтарға салды, бірақ жүректің қалауы бәрібір өзінің басты бағытынан жаңылған жоқ. Шекспир айтқандай, «Кітап – маған тақтан да қымбат». Түрлі өндіріс орындарында жүрсем де, жүрегім туған жердің топырағын, оның мәдени тынысын аңсап тұратын. Осы ішкі дауыс жетегімен 1988 жылы маусым айында Бәйдібек ауданына оралып, аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болып орналастым. Меңгеруші ретінде мені «Шалдар» асылтұқымды совхозына бекітті. Осы қызметті 1995 жылға дейін тапжылмай 7 жыл атқардым. Алайда тоқсаныншы жылдардың ортасында совхоздар тарағанда мәдениет ошағы да бірге жабылып қалды. Елдің бәрі күнкөріс қамына көшкен сол бір алмағайып шақта мен де жанармай бекетінде жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Совхоз тарқаған кезде әрқайсымыз өзімізге тиесілі пай үлестерімізді алдық, мен 15 үйді бөліп алып, кооператив құрдым. Мұнай мен техниканың ортасында жүрсем де, ойымнан кітап пен мәдениет шықпай қойды. Дәл осы уақытта «Екпінді» ауылдық кітапханасында 30 жыл қызмет еткен Гүлзия Көбеева апамыз зейнетке шықты да, мен жанармай бекетіндегі ісімді ысырып қойып, 1995 жылдың маусымында оның орнына кітапханашы болып қабылдандым. Осыдан кейін менің еңбек соқпақтарым жүректің қалауымен қайтадан рухани майданға бұрылды деп қалай айтпайсың.
– Сіз жұмысқа кіріскен тоқсаныншы жылдардың oртасы елдің ең қиын, өтпелі кезеңі еді ғой. Нарық заманы рухани қазынамызға қалай әсер етті?
– Мен жұмысты қабылдап алғанда кітапханада 6100 кітап қоры бар болатын. Бірақ оның басым бөлігі кеңестік идеологияның сарқыншағы – марксизм мен ленинизм тақырыбындағы халыққа мүлде қажетсіз дүниелер еді. Ішін сұрыптап, көркем әдебиет, тарих, поэзияны іріктегенде, небәрі 1000-ға жуық қана жарамды кітап қалды, оның 180-200-дейі балалар әдебиеті болатын. Ол кезде «Балдырған», «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдарға жазылып, соларды көздің қарашығындай сақтайтынбыз. Содан 1997 жылы бұл кітапхана да жабылды. Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің ішінде тек 12 совхоз орталығында ғана кітапхана сақталып, қалған клуб, кітапханалардың көбі жабылып, қараусыз қалды. Нарықтың қатты қыспағы рухани қазынамызды екінші орынға ысырып тастағандай болды.
– Дәл осы тұста заман өзгеріп, рухани құндылықтар кейін шегінгенде, жүрегіңізде «осы кітаптарды қалайда аман сақтап қалуым керек» деген бекім, ұлы ой қалай туды? Сол сәтте ішкі дүниеңізде қандай арпалыс болды?
– Бұл жай ғана ой емес, ел болашағына деген жанашырлықтан, ішкі үлкен жауапкершіліктен туған бекім еді. Айналама қарасам, Шалдар, Жамбыл совхоз орталықтарындағы мәдениет ошақтары бірінен соң бірі жабылып, құнды жәдігерлер мен кітаптардың сақталуы қиындап бара жатты. Тіпті кейбір жерлерде кітаптардың шашылып, кәдеге жарамай, еленбей қалғанын көргенде жүрегім қатты ауырды. Менің өз үйімде әкемнен қалған, өзім жинаған көптеген құнды дүниелер бар еді. Сонда өз-өзіме: «Егер мен бүгін қолда бар осы қазынаны қорғап, сақтап қалмасам, ертең ауыл баласы кім болады? Кітап азайса тәрбие ақсайды, рух әлсірейді», – деп серт бердім. Ішкі дүниемде үлкен арпалыс болды: бір жағынан отбасын асырау керек, екінші жағынан ұлт болашағы тұр. Бізге екі жылдай мүлде айлық төленбеді, кітапхана ғимараты да қысқартуға ұшырады. Бірақ мен материалдық қиындықтарға мойымай, қолда бар жарамды кітаптарды үйге тасып, төрге жинап, көздің қарашығындай сақтадым. Себебі ұлы Әуезовтің: «Кітап – заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қымбат қазынасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі», – деген сөзі санама құйылып тұрды. Ол кеменің өз ауылымда суға батуына, тоқыраудың суығында сынып кетуіне жол бере алмадым. Бұл менің кітапқа, өз ұлтыма деген перзенттік парызым еді.
– Жабылып қалуға шақ қалған кітапхананы қайта түлетуге не түрткі болды? Мемлекеттік мәртебе алып, оны аяққа тұрғызу үшін өз қаражатыңызға кітап жинағаныңыз үлкен ерлік қой...
– 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялағаннан кейін үміт оты қайта тұтанды. Бәйдібек ауданында халық саны 1000-ға жетпейтін Ортақшыл, Шыбыт, Сарқырама секілді бес ауылда кітапхана жұмысы қайта қолға алына бастады. Мен 2001 жылы қолымдағы кітапты тексертсем, 1200-дей жарамды кітап бар екен. Алайда, жаңадан кітапхана ашу үшін мемлекет тарапынан «кемі 3000 кітап қоры болуы шарт» деген қатаң талап қойылды. Оның үстіне марксизм мен ленинизм кітаптары мүлде қабылданбайды, тек құнды көркем әдебиет керек. Осыдан кейін материалдық таршылыққа бой алдырмай, нағыз рухани байлықты жинау жолындағы ізденіс басталды. Шалдар ауылындағы кітапханашы қыз тұрмысқа шығып кеткен екен, соны іздеп барып, одан 600 кітап сатып алдым. Жиенқұл ауылынан 600, Сарқырамадан тағы 600 кітап таптым. Біраз ауылдарды аралап, жеке оқырмандардан халық сұранысына ие Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын, Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов, Шәкәрім Құдайбердиев, Бексұлтан Нұржекеевтің еңбектерін, тарихи туындылар мен балалар әдебиетінен 300-дей кітап жинадым. Мұның бәрін өз жанқалтамнан ақша шығарып, қорадағы малымды сатып, бидайымды диірменге тартқызып, ұнын сатып тапқан қаражатыма алдым. Осылайша 6 айдың ішінде, 2001 жылы қыркүйекте 3000 кітап болды. Бірақ тиісті сала өкілдері «Халық саны 2 мыңға жетеді екен, сондықтан кітап қорың 4000 болмаса кітапхана ашылмайды» деген қосымша талап қойды. Тағы да ізденіп, қорадағы соңғы тұяғыма дейін сатып, қосымша кітап тауып, қорды 4000-ға жеткіздім. Өз қаражатыма стеллаждар жасаттым, оларды Шымкенттен барып сатып алдым. Осылайша, рухани байлыққа деген шексіз құштарлығым кез келген материалдық таршылықты жеңіп шықты.
– Кітапхананы сақтап қалу жолындағы бюрократиялық талаптар мен әуре-сарсаң аз болмаған шығар? Қазіргі тыныс-тіршіліктеріңіз қалай?
– Иә, ол кездегі бюрократиялық кедергілер мен талаптар оңай соққан жоқ, бірақ табандылықтың арқасында мақсатымызға жеттік. Бәйдібек ауданы әкімінің сол кездегі орынбасары Ұласбек Сәдібековке жолығып, жағдайды айттым. Ауыл халқы да менің бұл бастамамды бір ауыздан қолдап, хаттамалар толтырып, сол кісінің алдына өткіздік. Арнайы комиссия құрылды, сөйтіп 2001 жылдың қыркүйек айында барлық құжаттар заңдастырылып, кітапханаға мемлекеттік мәртебе берілді. Басында ешқандай материалдық көмек көрсетілген жоқ, сондықтан өзімнің жекеменшік үйіме әлгі сатып алған стеллаждарды қойып, жұмысты үйден бастадық. Кейіннен, ауылда күйдірілген кірпіштен жаңа клуб салынған соң, кітапхана соның ішіндегі 2 бөлмелі арнайы орынға көшіріліп, мемлекеттік меншікке толық ауысты. Қазір бұл кітапхананың тыныс-тіршілігі көңіл қуантады, қорда 7130 кітап бар. Оның 3000-нан асасы – мемлекеттің кейіннен бөлген құнды дүниелері.
Биылдан бастап жасым толып, зейнетке шықтым. Сонда есептеп қарасам, бір орында үзіліссіз 38 жыл жұмыс істеппін. 1988 жылдан 1995 жылға дейін автоклуб меңгерушісі, ал 1995 жылдан бүгінге дейін 31 жыл бойы осы кітапханада еңбек еттім. Құжат жүзінде зейнеткер атанғанмен, кітапхананың күнделікті тыныс-тіршілігінен қол үзген жоқпын, жұмысымды әлі де өзім жалғастырып жатырмын, өйткені бұл қазынаны қиып тастап кете алмадым. Ауылдағы Қалдыбай Бәйменов атындағы мектеп пен өзеннің арғы бетіндегі Мұхамеджан Тынышбаев атындағы мектеп оқушыларымен тығыз жұмыс істеп, көптеген жарыстар мен іс-шаралар өткізіп, кітапхананы ауылдың мәдени орталығына айналдырып отырмыз.
– Ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарының қысқарып, жұмыс орындарының жабылуы сізді қынжылтатын сияқты. Бұл мәселенің мән-жайы неде?
– Иә, бұл менің ғана емес, бүкіл ауыл руханиятының қабырғасын қайыстырып тұрған үлкен мәселе, ең ауыр дертіміз десе де болады. Қазір Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннен тек 10 ғана кітапхана мен клуб қалды. Бұған дейін тағы 11 ауылда кітапханашылар мен клуб қызметкерлері жұмыс істеп тұр еді, соның бәрін қысқартып, жауып тастады. Менің түсінбейтінім – мәдениетті мұншалықты күйретуге бола ма? Мәдениеті күйреген қоғам ертең рухани мүгедек ұрпақ тәрбиелеп шығарады. Керісінше, сол қызмет орындарын толық қалпына келтіріп, ауылдағы мәдениетті барынша қолдау керек еді.
Ауданда 54 мың халық бар. Қазір Екпінді ауылында 1830 халық тұрады, ал Қызылкөпірде 660 халық бар. Бастапқыда екеуі де Бәйдібек ауданына қарайтын. Кейін 2007-2008 жылғы легализациядан кейін Қызылкөпір Арыс ауданына өтіп кетті. «Дермене» совхозында 42 үйге қарайтын «Чайковский» деген бөлімше болған, соған жер мен өзеннің арғы бетін Арыс ауданына қарасты етіп, халықты әкімшілік тұрғыдан екіге бөліп жіберді. Бұрын ол жақта 42 үй еді, қазір 126 үйді соларға қосты. Бірақ әкімшілік бөлінгенмен, біз бір ауыл, бір ағайынбыз, арамызды ешқандай шекара бөле алмайды. Өзеннің арғы беті мен бергі беті бір-бірінен кітап алысып-берісіп, қатынасып тұрады. Сондықтан рухани сұранысты өтейтін орындарды қысқартқанша, халықтың қажеттілігін ескеріп, мәдениет ошақтарын көбейткен абзал.
– Әңгімеміздің ауанын патриотизм мен ұлттық құндылықтарға бұрсақ. Бүгінгі таңда осы ұғымдарды келер ұрпақтың санасына қалай сіңіреміз? Рухани кодымыздан ажырап қалмаудың жолы қандай?
– Патриотизм мен ұлттық код – бұл құрғақ ұран немесе мінберден айтылатын жалынды сөздер емес, бұл ұрпақ тәрбиесінің алтын діңгегі. Бәріміз қазақ болып өмірге келгеннен кейін, ең алдымен өз тілімізді білуіміз, салт-дәстүрімізді ардақтауымыз керек. Бізге ең керегі, ұлттық болмысымызды сақтап қалатын нәрсе – осы. Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті», – деген сөзі бар. Сол өсиетке адал болу, оны санаға сіңіру – шынайы патриотизмнің белгісі. Ұлттық кодтан ажырамаудың бірден-бір жолы – тәрбиені отбасынан, балабақшадан бастау. Бала «ата кім, әже кім, ұлттық құндылық деген не?» дегенді бесіктен біліп өсуі керек. Бүгінде бұл бағытты берік ұстанып, ұлттық тәрбиені ту еткен, түрлі байқауларда орын алып жүрген үлгілі әулеттер бар. Соларды сол жолдан айнытпай, қоғам болып қолдауымыз керек. Мемлекет тарапынан ұлтымызды дәріптейтін, тарихи, салт-сана, дәстүр туралы кітаптар келер ұрпақ үшін көптеп шығарылуы тиіс. Әсіресе балалар әдебиетіне үлкен реформа керек. Болашақта ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, батырлар жыры мен ертегі кейіпкерлерін заманауи кітап түрінде басып шығарса деймін. Мысалы, тек «Ер Төстік» қана емес, «Алпамыс батыр», «Қобыланды», «Тазша бала», «Ұшқыш кілем», «Алтын сақа» секілді байырғы ертегілеріміз бен аңыздарымызды балалар қызығатындай көркем суретті, тартымды кітап форматында шығаруымыз қажет. Осы алтын діңгекті берік ұстасақ, жас ұрпақтың санасында ұлттық код ешқашан өшпейді.
– Қазіргі таңда қолдарынан гаджет түспейтін, әлеуметтік желіге әуес жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады? Осы түйткілдің шешімін қалай табамыз?
– Бұл – бүгінгі күннің ең үлкен дерті де, бүкіл қоғам болып шешетін ең күрделі түйткілі де осы. Экран мен телефонға байланған жастарды кітапқа бұрудың жалғыз жолы бар – ол мектеп бағдарламасынан бастап ұлттық бағыттағы балалар әдебиетін көбейту және оларды насихаттау тәсілін заман талабына сай өзгерту. Баланың қолынан телефонды күштеп тартып алғаннан ештеңе ұтпаймыз, ол керісінше қарсылық тудырады. Біз оған сол телефоннан да қызықты, заманауи безендірілген, ішінде ұлттық рухы бар, мазмұнды кітапты ұсына білуіміз керек. Балабақшадан бастап арнайы «ертегі оқу сағаттарын» міндетті түрде енгізген жөн. Ең бастысы – отбасында ата-ана өзі кітап оқып, балаға шынайы үлгі көрсетпесе, бала ешқашан кітапқа ұмтылмайды. Тәрбие сөзбен емес, көзбен көру арқылы қалыптасады.
Сонымен қатар, кітапханалардың жағдайын жасап, оларды тек кітап тарататын орын емес, жастар бас қосатын, еркін пікір алмасатын заманауи білім орталықтарына айналдыру қажет. Ауылдық жерлерде жабылып қалған кітапханаларды қайта ашып, қызметкерлердің орындарын қалпына келтірген абзал. Біз шама-шарқымызша халықтың көкірегіне кітап арқылы білім сәулесін себуге атсалыстық, бұл істі ешқашан тоқтатпауымыз керек. Адамды адам еткен де, адамзаттың ең ұлы өнертабысы да – кітап. Сондықтан жастарымызды осы экранға телмірген тәуелділіктен арылтып, кітапқа бет бұрғыза алсақ, еліміздің де ертеңі бекем болары сөзсіз.
– Қайрат Үсейнұлы, тоқырау заманында таршылық көрсеңіз де, қорадағы малды сатып, ауыл кітапханасын өз күшіңізбен қайта түлеттіңіз. Осыншама жыл бойы руханият майданында аянбай еңбек етіп келесіз. Осы орайда көкейде бір сұрақ туындайды: жылдар бойы төгілген маңдай тердің қайтарымы болып, атқарған игі істеріңізге лайықты баға беріліп жатыр ма?
– «Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, адал еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Кезінде бұл іске атақ алайын деп емес, ауыл баласы кітапсыз қалмасын деген перзенттік парызбен кірістік. Шүкір, содан бергі атқарған жұмысымыз қалтарыста қалып жатқан жоқ, ел мен мемлекет тарапынан еленіп, бағаланып келеді. Біз үшін ең асқан мәртебе де, үлкен марапат та – ауылдың рухани ошағы сөнбей, жастарымыздың кітапқа деген ынтасы артса болғаны.
– Жанымызды байытып, рухани серпіліс сыйлаған салиқалы әңгімеңізге рақмет! Жауапты да сауапты еңбегіңіз жана берсін!