Шымкентте тағы бір мектеп пайдалануға берілді

Авторы:

02.09.2025

Білім күні қарсаңында Шымкент қаласында тағы бір мектептің тұсауы кесілді. Соңғы үлгіде бой көтерген бұл оқу ордасында қыркүйектің алғашқы күнінде қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы ресми түрде бастау алды. Салтанатты шараға Оңтүстік Қазақстан педагогикалық колледжінің президенті Юнусов Ифтихар Бақтиярұлы, мектеп құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, PhD докторы Юнусов Мадияр Бақтиярұлы, «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Ердәулет Асқарұлы арнайы қатысып, ізгі лебіздерін білдірді. Алғашқы қызыл лента Ифтихар Бақтиярұлы мен Мадияр Бақтиярұлы қолымен қиылды.

Екі ауысымда сапалы білім беретін №3Talant мектебі 550 балаға арналған. Озық технологиямен толық жабдықталған заманауи білім ордасын биыл 300-ге жуық бала таңдап келіпті. Мұнда 35 орындық оқу залы мен санитарлық талаптарға сай 150 орындық асхана және 250 баланы қамтитын акт залы қарастырылған.

– Біздің басты мақсатымыз – болашағымыз саналатын балаларымызға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Осы жолда ұстаздарымыз өздерінің білімін, біліктілігін, адамгершілік қасиеттерін балаларға үлгі ете отырып, олардың жан-жақты дамуына ықпал етуді қолға алуда. Алдағы уақытта оң нәтижелер болады деп сенеміз.

Биыл 1 сынып пен 11 сынып аралығындағы 257 бала мектебіміздің табалдырығын аттады. Бірінші сыныпқа 72 бала құжат тапсырды. Ғимаратымыз заманауи үлгіде жабдықталған. Балаларға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы бар. Дәліздері кең. Оқушыларға демалатын орындар да дайындалған. Кітапханамыз да, асханамыз да қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, – дейді Шымкент қалалық №3Talant мектебінің директоры Мира Балтабаева.

Сондай-ақ, мектепте түрлі үйірмелер мен шығармашылық секциялар жұмыс істейді. Спорттық, тілдік және зияткерлік, өнер бағытындағы 15 түрлі үйірмеге балалар тегін қатыса алады. Бұл бүлдіршіндердің шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, бос уақыттарын тиімді өткізіп, жайла ортада дамуына септігін тигізбек.

Мектепте балалардың қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Кабинеттер пен мектеп ауласы бейнебақылау камераларымен толықтай жабдықталған. Сонымен бірге, оқушылардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауы үшін шалғай аудандар үшін тасымалдау мәселесі де қарастырылған.

Мұнда әр оқушының қабілетіне сай қолдау көрсетіледі және оқушыларға жан-жақты жағдай жасалған. Балалардың сапалы білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына, ата-аналардың алаңсыз болуына барлық мүмкіндіктер бар.