Шымкент қаласында өткен қоғамдық кеңес отырысында Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Рыскелді Әліш департаменттің атқарған жұмыстары, жоспарлы және жоспардан тыс іс-шаралар, сондай-ақ алдағы кезеңге жоспарланған міндеттер туралы және білім беру ұйымдарының жаңа 2025-2026 оқу жылына дайындығы жөнінде жан-жақты есеп берді.
Есеп барысында департаменттің білім беру ұйымдарындағы білім сапасын арттыру, мемлекеттік бақылау мен мониторинг жүргізу, педагогтердің құқықтарын қорғау және білім алушылардың мүдделерін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар, өткен оқу жылында жүргізілген тексерістердің қорытындылары, анықталған кемшіліктер мен оларды жою бағытында қабылданған шаралар туралы да мәліметтер ұсынылды.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірқатар өзекті сұрақтар қойылды. Атап айтқанда:
· атқарылған жұмыстардың тиімділігін бағалау әдістері;
· алдағы жоспарларға қатысты нақты және өлшенетін шаралар;
· азаматтардан келіп түсетін шағымдар мен өтініштерді қарау тәртібі, олардың шешілу механизмі.
Барлық сұрақтарға нақты, толық және мазмұнды жауаптар берілді. Кеңес мүшелері тарапынан берілген жауаптарға қанағаттанушылық білдіріліп, отырыс жоғары деңгейде, ашық әрі конструктивті форматта өтті.
Осылайша Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, қоғам алдындағы жауапкершілігін толық сезіне отырып, алдағы кезеңде де білім беру сапасын арттыру бағытында нақты әрі тиімді шараларды іске асыруға дайын екендігін көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің құзыреті шегінде білім саласында іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлімшесі болып табылады. Сондай-ақ Департаменттің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің стратегиялық функцияларын орындауға қатысады.
Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.