Мектептегі құқықтық тәрбие жасөспірімдерді қылмыстан сақтайды

Авторы:

03.09.2025

2025 жылдың 3 қыркүйек күні Шымкент қаласы №100 «Жұлдыз» жалпы орта білім беретін мектебінде 8-11-сынып оқушыларының, атап айтқанда ер балалардың қатысуымен кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың, қылмысқа итермелейтін факторлардың, буллинг, электронды темекі мен вейп тұтыну, интернет алаяқтық, сондай-ақ құмар ойындарға тәуелділік сынды зиянды әрекеттердің алдын алу бағытында кешенді түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға Еңбекші аудандық полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөліміне қарасты ювеналды полиция инспекторы, полиция капитаны Ж.Б.Тасқұлова, учаскелік жедел уәкіл, полиция майоры И.Ә.Ерманов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары З.Б.Бақтыбаева және алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі Ә.Спатаев қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру, жеке қауіпсіздікті сақтау, зорлық-зомбылыққа, әсіресе құрдастар арасындағы әлімжеттікке жол бермеу, заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы кең көлемде ақпарат берілді. Спикерлер кәмелетке толмағандар тарапынан жиі орын алатын әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттердің түрлері, олардың құқықтық салдары және өмірлік мәні туралы нақты мысалдар келтіре отырып түсіндірді.

Әсіресе, қазіргі уақытта өзекті болып отырған мәселелердің бірі – буллинг пен мектептегі әлімжеттік ұғымдарының мәні ашылып, бұл әрекеттердің де қылмыстық жауапкершілікке әкелетін зорлық-зомбылықтың бір түрі екені ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, электронды темекі мен вейп тұтынудың жасөспірімдердің денсаулығына тигізетін кері әсері, оның ішінде тыныс алу органдарының зақымдануы, никотинге тәуелділік және ұзақ мерзімді ауруларға шалдықтыру қаупі туралы мәлімет берілді.

Интернет алаяқтық, әлеуметтік желілерде жиі кездесетін жалған ақпараттар мен арандатушылық әрекеттерге де назар аударылып, желідегі қауіпсіздік ережелерімен таныстырылды.

Сондай-ақ, лудомания – құмар ойындарға тәуелділік тақырыбы да қозғалып, бұл дерттің адам өміріне тигізетін кері әсерлері туралы айтылды. Спикерлер бұл тәуелділіктің адамның моральдық-адамгершілік бейнесін, отбасылық және әлеуметтік байланыстарын бұзатынын, кәсіби құндылықтардың жойылуына әкелетінін ескертіп, оқушыларды мұндай зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырды.

Іс-шара барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты әрі толық жауаптар алды. Кездесу ашық, мазмұнды, тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтті.