Шымкенттік педагогтер республикалық фестивальға қатысты

Авторы:

01.09.2025

Елімізде білім беру мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, жаңашыл тәжірибелермен алмасу мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі – биылғы жылдың 27-29 тамыз күндері аралығында Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ спорты федерациясы, Қазақстан Республикасы Асық спорты федерациясы, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» және Қадыр Мырза Әлі атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейімен бірлесіп, «Спорт және өнер: білім алудағы жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен республикалық фестиваль.

Іс-шара спорт, өнер және бастауыш білім беру саласындағы жаңартылған мазмұнды тәжірибе жүзінде енгізу мақсатында ұйымдастырылып, оған бастауыш сынып мұғалімдері, көркем еңбек пәні мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері, спорт нұсқаушылары мен ата-аналар қатысты. Фестивальге еліміздің бірнеше өңірінен – Абай, Алматы, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Қостанай, Шымкент қалаларынан қатысушылар жиналды.

Іс-шара аясында пленарлық отырыс өтіп, бейнелеу өнері бойынша көрме мен шеберлік сыныптары, сонымен қатар ұлттық спорт ойындарынан (бестемше, бес атар, шертпек, зерек) жарыс ұйымдастырылды. Бұл шараға Шымкент қаласының мектепке дейінгі ұйымдарынан алты педагог қатысып, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісті. Олар: А.Малтай, Ж.Туленбаев, М.Тогыспаев, Н.Ерасылұлы, А.Жанысбаева, С.Авчиева. Барлық педагогтер сертификаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Аталған фестивальде «Бестемше» ұлттық ойыны бойынша Шымкент қаласындағы №60 «Тараз» бөбекжай-бақшасынан Тоғыспаев Манат Садықұлы, №69 «Еркебұлан» бөбекжай-бақшасынан Туленбаев Жәнібек Оразбекұлы, №46 «Ақбөпе» бөбекжай-бақшасынан Жанысбаева Алия Құнанбайқызы жүлдегер атанып, үшінші орынды иемденді.

«Спорт және өнер: білім алудағы жаңа мүмкіндіктер» атты бұл фестиваль педагогтер үшін кәсіби даму мен шығармашылық тәжірибені жетілдіру алаңына айналды. Қатысушылар ұлттық ойындарды дәріптеп қана қоймай, өздерінің әдістемелік шеберліктерін де көрсете білді. Мұндай басқосулар өңірлік педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға және ұлттық тәрбие мен заманауи білім мазмұнын ұштастыруға жол ашатыны анық. Алдағы уақытта да осындай ауқымды іс-шаралар педагогтер қауымының кәсіби дамуына серпін берері сөзсіз.