Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар алаңында қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.
Ресми өкілдің сөзінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен еңбек нарығын дамытуға барынша басымдық берілген. Бұл ретте Шымкент шаһарында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған.
Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» ретінде жарияланған болатын. Осы орайда, шаһарда арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Спикердің сөзіне сүйенсек, қала аумағында тұрақты және уақытша жұмыс орындарымен қамтитын жәрмеңкелер ұйымдастырылып келеді. Мәселен, биыл 11 ақпанда «Еңбек адамы – елдің байлығы» атты қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, ал, 25 маусымда «Арбат» алаңында өңіраралық жәрмеңке өткізілген. Нәтижесінде 223 азамат тұрақты жұмысқа, 63 адам субсидияланатын жұмысқа қабылданған. Бұдан бөлек, пробация қызметінде есепте тұрған, бас бостандығынан айырылған 29 тұлға квотамен тұрақты жұмысқа жолданған. Жалпы «Enbek.kz» порталының мүмкіндіктері Еңбек мобильдігі орталығы тарапынан халық арасында кеңінен түсіндіріліп жатыр. Ал «Электронды еңбек биржасы» арқылы жұмыс іздеудің дағдыларын меңгерген техникалық кәсіби білім беру ұйымдарының 11 829 оқушысы мен 4 744 студенті арнайы сертификат алыпты.
Баспасөз мәслихаты барысында қала әкімінің орынбасары әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету де басты назарға алынғанын , шын мәнінде, мемлекеттік қолдау мұқтаж жандарға әділ әрі ашық түрде көрсетілуі керектігін атап өтті. Ол өз сөзінде, атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді қолдау түрінде көрсетілетігін айтты. «Мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бастысы, әлеуметтік көмек әуелі мұқтаж жандарға жеткізілгені жөн», - деді Сәрсен Абайұлы.
Спикердің баяндауынша, қалада аз қамтылған отбасыларды қолдауға биыл 7,5 млрд теңге қарастырылған. Биыл жеті айда 4 684 отбасыға 1,6 млрд теңге АӘК берілген. Бұдан бөлек, бір жастан алты жасқа дейінгі 4 242 балаға ай сайынғы қосымша төлем ретінде 228,9 млн теңге бөлінген. «Биыл былтырмен салыстырғанда алғашқы жеті айда АӘК алушылардың қатары 40 пайызға азайды. Бұл халық табысының жоғарылауы мен жұмыспен қамту шараларының оң нәтижесін көрсетіп отыр» - деді қала әкімінің орынбасары.
Бүгінде әлеуметтік көмекті ресімдеу жолдары айтарлықтай жеңілдепті. Биылдан бастап учаскелік комиссиялардың жұмысын цифрландыру үшін FSM Social мобильді қосымшасы енгізілді. Бұл шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және өтініш берушінің нақты жағдайын анықтауға ықпал жасап отыр. Сондай-ақ Шымкент қаласымен қатар Қарағанды облысындағы отбасылардың тұрмыстық деңгейін анықтаудың жаңа балдық жүйесі пилоттық жоба ретінде жүзеге асуда. Бұл модель әлеуметтік-демографиялық және экономикалық 23 көрсеткішпен бағаланып, , отбасыларды арнайы алты санатқа бөледі.
«Мұндағы көзделген басты мақсат, көмек барлығына бірдей емес, шын мұқтаждығына қарай беріледі. Қосымша әлеуметтік қолдау жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал республикалық деңгейдегі 41 түрлі әлеуметтік төлем тап бұрынғы қалпында сақталады», деп атап өтті ресми өкіл. Қолға алынған жаңа әдістің арқасында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен табысы төмен тұрғындар әділ әрі уақтылы қолдау алады.
Ресми өкілдің сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда Шымкент қаласында 1 274 296 тұрғынның 82,5 пайызы, анығын айтқанда, 1 051 776 тұлға медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген. Алайда 222 520 азамат әлі сақтандырылмаған. «Бұл көрсеткіш алдыңғы аймен салыстырғанда, 14 970 адамға азайды. Нақтырақ айтқанда, түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз өз нәтижесін көрсетті», - деді ол. Оның айтуынша, әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтардың жалпы саны 56 964 адамды құрап отыр. Оларды сақтандыруға төленетін ай сайынғы төлем мөлшері 4 250 теңге. Мұндай санаттағы азаматтаоды медициналық сақтандыру жүйесіне алу үшін штаб отырыстары тұрақты түрде өтіп, емханалар өз деңгейінде күшейтілген түрде жұмыс істеген.
Баспасөз мәслихаты аясында ресми өкіл былтырдан бастап елде дәрілік заттарды міндетті таңбалау енгізілгенін баяндады. Аталмыш жүйе дәрілердің сатып алынуынан бастап сақталуына, өндірілуіне және сатылуына дейін жіті қадағалауды жүзеге асырады. Шымкент қаласындағы стационарлық ұйымдар 1,9 млн-нан астам таңбаланған дәріні қабылдап, оның 70 пайыздан астамын айналымнан шығарды. Ал амбулаториялық деңгейде 1,1 млн дәрі қабылданып, 986 мыңнан астамы айналымнан шығарылды. Бұл көрсеткіш дәріханаларда 15,6 млн-нан астам дәрінің қамтылып, оның 77,6 пайызы сатылымнан алынғанын білдіреді. Сонымен қатар, қаладағы 61 медициналық ұйымның барлығы «Әлеуметтік әмиян» жобасына қосылған. Жоба аясында тұрғындардың дәрілік заттарға қағаз рецептпен ғана емес, QR-код арқылы да қол жеткізу мүмкіндігі бар. Осы жоба бойынша қазіргі таңда 619 мыңнан астам рецепттің ішінде 562 мыңы қамтамасыз етілді. Бұл жоспардың 90 пайызын құрап отыр. Спикердің айтуынша, қалада денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірнеше жоба жүзеге асып отыр. «Қайтпас-1» шағынауданында ауысымына 500 адам қабылдайтын «Атамекен» медициналық орталығы, Mediker жеке емханасы, қалалық онкологиялық орталық жанынан ПЭТ/КТ орталығы және қалалық клиникалық аурухана жанынан гемокоррекция орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, нефрологиялық орталық пен жаңа қалалық емхана салу жобалары дайындық сатысында. Ал 2026–2028 жылдары төрт жаңа қалалық емхана салу жоспарланған.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Шымкентте 150-ге жуық іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңнан астам колледж студенттері, 5 мыңға жуық мектеп оқушылары және 117 кәсіпорын тартылған. Сонымен бірге, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 12 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, барлығы жергілікті атқарушы органның теңгеріміне өткізілді. Биыл 10 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, соның ішінде 9 мектеп пен 1 балабақша бар. «Адал азамат» бағдарламасы шеңберінде мектептерді бірыңғай дизайн-кодпен безендіру басталды, ал әлеуметтік қолдау бағытында 132 мыңнан астам оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтуға 13,5 млрд теңге бөлінген. Сонда бір баланың бір күндік тамағына орта есеппен 677 теңге қарастырылады.
Қазір қалада мектепке дейінгі білім беру саласындағы ваучерлік қаржыландыру жүйесі толық цифрландырылған. INDIGO24.KZ платформасы арқылы балаларды балабақшаға қабылдау мен кезек реті ашық жүргізіледі. «Бұл жүйе ата-аналарға қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік беріп қана қоймай, мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттырды. Қазір қаладағы 638 балабақшада 70 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр», деді ресми өкіл. Бұдан кейін тұрғын үй мәселесіне тоқталған Сәрсен Құранбек жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына нақты қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. 2022 жылдан бері 7 500-ден астам азаматқа көмек берілген, қазір 2 700-ден астамы субсидиямен қамтылып отыр. Биыл бұл мақсатқа 552 млн теңге бөлініп, 416 млн теңгеден астамы төленген.