Көптілді лицей білім берудегі жаңа әдісті қолға алды

Авторы:

05.09.2025

Қазіргі заманда білім беру жүйесінің басты міндеті оқушыны тек пәндік біліммен қаруландыру емес, көптілді, жан-жақты ойлай алатын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Осы мақсатта еліміздің мектептері жаңа әдістемелер мен инновациялық тәжірибелерді белсенді енгізе бастады. Солардың бірі Шымкент қаласындағы Auzhan KTL көп тілді лицейі. Биылғы оқу жылынан бастап аталған мектепте білім берудегі жаңа әдіс – CLIL әдістемесі қолға алынды.

– CLIL (Content and Language Integrated Learning) – тіл мен мазмұнды кіріктіріп оқыту әдісі. Бұл бойынша математика, физика, химия пәндері қазақ және ағылшын – қос тілде оқытылады. Мұндағы басты идея – жаратылыстану пәндерімен бірге шет тілін де жетік меңгерту.

CLIL әдісінің бірінші ерекшелігі – оқушылар пәндік білімді де, шет тілін де қатар үйренеді. Екінші ерекшелігі – шет тілін оқушы пән ретінде емес, білімді игеруші құрал ретінде пайдаланады. Үшінші ерекшелігі – белсенді оқыту әдістері, нақтырақ айтқанда ағылшын тілінде пікірталастар, рөлдік ойындар, ғылыми жобалар жүргізілетін болады. Төртінші ерекшелігі – мәтін мен контекстке негізделген оқыту, яғни оқушы ағылшын тілін нақты өмірлік жағдайларда қолдана алады. Бесінші ерекшелігі – когнитивті қабілетті дамытады, оқушылардың логикалық ойлауы, талдауы және шешім қабылдау қабілеттері жетілетін болады.

Мектеп педагогтері бұл әдістеме бойынша арнайы оқу курстарынан өткен. Әдістеме биылғы қыркүйек айынан бастап сегізінші сыныптан жоғары сыныптар үшін енгізілді, – дейді бұл туралы мектеп директоры Әлібек Алатаев.

Аталған мектепте тәрбие жұмысына да ерекше ден қояды. Бұл бойынша тәрбиеші-кураторлар арнайы оқытылып, бала тәрбиесі қатысты теориялық әрі практикалық білім алған. Бұл дағдыны олар тәрбие сағаттарында, сондай-ақ түрлі мектепішілік іс-шараларда қолданбақ.

– Одан бөлек мектептегі тәрбие жүйесін нығайту мақсатында «Даналық бейсенбі» жобасы іске қосылған. Жоба аясында оқушылар ай сайын қоғамға еңбегі сіңген, өмір жолы мен жетістігі көпке үлгі болатын тұлғалармен кездесіп отырады. Бұл кездесулерде қонақтар өздерінің табысқа жету жолындағы тәжірибесімен, өмірлік сабақтарымен, мақсат қою мен оған жету жолындағы құпияларымен бөліседі. Аталған жоба аясында мектебімізде Дулат Исабеков, Төлен Әбдік сынды зиялы тұлғалармен тағылымды жүздесулер өтті.

Сондай-ақ мектепте «Шаңырақ сағаты» жобасы жүзеге асып келеді. Жоба бойынша бір жоғары сынып пен бір төменгі сынып оқушылары бірігіп, бір шаңырақ құрайды. Осы шаңырақ мүшелері жыл бойы түрлі сайыстарға қатысып, белсенділік танытады. Жыл соңында ең үздік шаңырақ иелеріне боулингке немесе киноға жолдама түрінде марапаттар табысталады, – дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Алима Мұратәліқызы. Бүгінде бұл оқушылар арасындағы ынтымақтастықты, жауапкершілікті нығайтатын тиімді жобаға айналып отыр.