5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл мереке халықтар арасындағы достық пен татулықтың, тіл байлығының маңызын айшықтайды. Осындай құндылықтарды бойына сіңірген, бес түркі тілдерін жетік меңгерген жас жауынгерлердің бірі – Владимир Копылов. 20 жастағы полиглот сарбаз бұдан алты ай бұрын ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қатарына Шымкент қаласынан шақырылған. Қазіргі таңда Кеңес одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімі сапында азаматтық борышын өтеп жүр.
Ұлты орыс болса да, Владимир қазақ тілін жетік біліп қана қоймай, өзбек, қырғыз, ұйғыр және татар тілдерінде сөйлейді. Оның көптілді үйреніп, ой-өрісін кеңейтуге деген бойындағы талпынысы титімдейінен байқалады. Өйткені ол кішкентай кезінен өзбек, түрік балаларымен ойнап, сол ортада өседі. Құрдастарымен араласып жүріп, түркі әлемінің тілдерін меңгеру арқылы болашақта аталмыш халықтардың мәдениетімен, болмысымен терең танысуды мақсат тұтады. «Арманым – барша түркі тілдерінде сөйлеп, ұлттар арасындағы достықты нығайту», – дейді өзі.
Айта кетсек, Владимир түркі тілдерінің ішіндегі сирек қолданылатын қарашай, қарақалпақ және ноғай тілдерінде еркін сөйлей алады.
Қазіргі таңда Кеңес одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаз күнделікті жауынгерлік қызмет барысында көп тіл білудің көмегін көруде. Ол үшін патрульдік қызметте Алматы шаһары тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету де, түрлі ұлт өкілдерімен тіл табысу да еш қиындық тудырмайды. Қазаққа қазақша, өзбекке өзбекше, ұйғырға ұйғырша жауап беріп тұрған Владимирді көргенде қаруластары да, қала тұрғындары да таңданыстарын жасыра алмай қалады.
Тек тіл білімімен ғана емес, бесаспаптығымен ерекшеленетін Владимир ротадағы ең белсенді, әскери қызметтің үздік сарбаздарының бірі. Себебі ол нағыз шебер шаштараз. Бос уақытында қаруластарының шаштарын қиып береді. Бұдан бөлек, әскери бөлімнің мобилографы. Күнделікті қызметті, жауынгерлік өмірдің қызықты да әсерлі сәттерін бейнеге түсіріп, әскери бөлімнің әлеуметтік желідегі жаңа имиджін қалыптастырып жүр.
Ұлттық ұлан бүгінде нағыз таланттар ордасына айналып үлгерді. Құқықтық тәртіп әскерінің әр бөлімінде осындай сегіз қырлы, бір сырлы сарбаздар сақшылармен бірлесіп еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қадағалайды.