Қазақстан халқының тілдері мерекесі қарсаңында Абай атындағы орталық кітапханада Шымкент қаласы білім басқармасы әдістемелік орталығы ұйымдастыруымен «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» атты дөңгелек үстел өтті. Шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттыру, оқырмандардың патриоттық сезімін оятып, ұлттық құндылықтарға құрмет қалыптастыру болды.
Дөңгелек үстелге өзінің саналы ғұмырында мемлекеттік тіл саясатына қатысты жүзден астам мақала жазып, бірнеше әдістемелік оқулықтың авторы атанған қаламгер тіл жанашыры, «Құрмет» белгісінің иегері Қабыл Дүйсенбі, Абай атындағы орталық кітапхананың директоры Нұрила Серікбайқызы, ардагер ұстаздар Жарқынай Арысбаева, Гүлжан Талипбаева, Әбила Көздібаева, Балтакүл Бағысбаева, Мамыркүл Тілеуқабылова, Шымкент қалалық филиалы, қала білім басқармасы Әдістемелік орталығы, «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері Нурхаят Байрамова мен Севинч Азаматова, сондай-ақ Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мамандары, Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қызметкерлері және кәсіби тіл мамандары мен өзге де тіл жанашырлары қатысты.
Жиын барысында қатысушылар мемлекеттік тілдің маңызы, тілдің құдіреті туралы ойларын ортаға салып, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін көтеру, жастардың ана тіліне деген құрметін арттыру, тіл арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолдары туралы баяндамалар жасады. Дөңгелек үстел бұдан әрі сұрақ-жауап алаңына ұласып, мазмұнды пікір алмасуға жол ашты.
Шымкент қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жансая Қайыптың айтуынша, қалада тілге қатысты мұндай іс-шаралар жыл сайын атап өтіледі. Ол Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай ұйымдастырылғандықтан онда тек туралы ғана айтылмай, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың шығармалары да кеңінен дәріптелетін көрінеді.
Шара барысында қазақ тілін үйреніп жүрген жастар өз ойларымен бөлісіп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын нығайту, жастар арасында оны дамыту және қолдану мәселелерін де кеңінен талқылады. Талқылау барысында тіл саясатының тиімділігі, оның өзге ұлт жастары арасында қалыптасуына әсері, сондай-ақ ұлттық мәдениетті сақтау мәселелері көтерілді. Жиын қорытындысында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және жастардың белсенділігін арттыру мақсатында жаңа ұсыныстар мен бастамалар айтылды.