Бүгінде Шымкент қаласы бойынша жекеменшік білім беру секторында қарқынды даму байқалады. Олай дейтініміз, қала бойынша биылғы оқу жылын 1352 білім беру ұйымымен бастаса, соның ішінде 128-і жекеменшік мектептер екен. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша қалада 271 316 оқушы білім алса, оның 64 мыңы жекеменшік мектептерде оқыған. Бұл бір жағынан ата-аналардың баласын заманауи, баламалы білім беру орындарына орналастыруға деген қызығушылығының артқанын да көрсетеді.
– Біз жекеменшік мектептерді бөліп-жарып қарамаймыз. Білім беру саласындағы барлық жаңашылдықтар мен бастамалар мемлекеттік және жекеменшік мектептерде тең дәрежеде жүзеге асады. Өйткені түпкі мақсат бір, ол – білім беру. Сондықтан мемлекеттік болсын, жекеменшік болсын, барлық мектептерге бірдей талап қойылады.
Өткен жылдары республикалық маңызы бар қалалар мен облыстарда апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытылатын оқу орындарының мәселесі өзекті болғаны белгілі. Осындай кезеңдерде жекеменшік мектептердің көмегі зор болды. Мемлекеттік мектептермен қатар олар да оқушылардың білім алуына жағдай жасады. Сол себепті елімізде жекеменшік білім беру ұйымдарының дамуына мүмкіндік беріліп, жаңа мектептер салынды.
Жалпы алғанда жекеменшік мектептерге қойылатын талап бір. Қай мектеп болса да, ең алдымен, білім беру қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия алуы тиіс. Бұл – заң бойынша міндеттелген талап. Ата-ана баласын тек мемлекеттік лицензиясы бар мектепке ғана беруі қажет. Бұл – баланың сапалы әрі қауіпсіз білім алуына кепілдік беретін басты көрсеткіш.
Жекеменшік мектептер ең алдымен қаржыны емес, білімді ойлауы керек. Яғни басты назарда «Ата-ана мен балаға не бере аламыз?» деген сұрақ тұруы тиіс. Егер осы қағида бірінші орынға қойылса, онда білім беру ұйымы сапалы нәтижеге қол жеткізе алады. Ол үшін мектепте білім сапасы, инновациялық жобалар, білікті ұстаздар мен ынталы оқушылар басты назарда болуы қажет. Тек осындай үйлесімділік арқылы ғана жекеменшік мектептер қоғамның сенімінен шығып, ел ертеңіне үлес қоса алады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы тек мемлекеттік мектептерге ғана арналған деген түсінік қате. Бұл бағдарлама жекеменшік мектептерге де тікелей қатысты және оларға да нақты талаптар қойылып отыр. Себебі біз мемлекеттік мектептерден нені талап етсек, дәл сол талаптарды жекеменшік мектептерге де тең дәрежеде қоямыз, – деді бұл туралы Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.