«Келешек мектептері» – білім сапасын арттырудың жаңа сатысы

Авторы: Мақпал ЫБЫРАЙ

08.09.2025

Қазақстанда соңғы жылдары білім беру саласында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Соның ішінде ерекше назар аудартқан бастама – Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы. Бұл – қазіргі заманғы оқыту стандарттарына сай бірыңғай кеңістік құру арқылы еліміздегі орта білімнің деңгейін жүйелі арттыруды көздеген стратегиялық бастама. Қазіргі таңда аталған жоба «Келешек мектептері» деп аталады. Бүгінде жоба аясында елімізде барлығы 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектеп салу жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жаңа форматтағы 105 мектеп салынды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 112 мектеп пайдалануға берілмек. Осылайша жаңа оқу жылында мектептер 206 мың оқушы орнымен толығады.

Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі. Сол себепті бұл жобаның осы қалада да жүзеге асуы ел үшін маңызды көрсеткіш. 2023 жылы Шымкентте ұлттық жоба аясында 12 мектептің құрылысы басталса, бұған дейін 11 мектеп пайдалануға берілген. Биыл олардың қатары тағы бір жаңа білім ошағымен толықты. Осылайша Шымкент қаласы жаңа оқу жылын 1352 білім беру мекемесімен және 400 мыңнан астам оқушымен бастады.

Шындап келгенде «Келешек мектептері» жай ғана құрылыс жобасы емес. Ол – болашаққа салынған инвестиция. Аталған жоба аясындағы мектептер бұрынғы типтік мектептерден едәуір ерекшеленеді. Олардың жалпы аумағы 15–20%-ға үлкен, ал техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Әр мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары мен төрт спорт залға дейін қарастырылған. Бұл оқушының ғылыми-техникалық бағыттағы қабілетін дамытып, білім алу процесін тиімдірек етеді, шығармашылығын дамытуына, заманауи дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.

«Келешек мектептерінің» басты мақсаты – оқушыларды тек академиялық тұрғыда емес, өмірге бейімделген, жан-жақты дамыған тұлға ретінде тәрбиелеу. Мұндай мектептерде бала өз қызығушылықтары мен қабілеттеріне сай білім алып, өзін-өзі тануға мүмкіндік алады, жобалық жұмыстар, топтық тапсырмалар, зерттеу әдістері арқылы сыни ойлау, проблеманы шеше білу, коммуникация және ынтымақтастық сияқты өмірлік маңызды дағдылары дамиды. Сондай-ақ, оқушыларды болашақ мамандықтарға ерте бейімдеп, оларға еңбек нарығының сұранысына сай кәсіби машықтарды меңгеруге мүмкіндік береді.

Бұл жобаның әлеуметтік мақсаты не? Ең алдымен, жаңа мектептердің жартысына жуығы ауылдарда орналасатынын ескерсек, жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жоюға септігін тигізеді. Қазіргі таңда ірі қалалардағы мектептер жақсы жабдықталғанымен, кейбір ауылдық жерлердегі оқу орындарында материалдық-техникалық база әлсіздеу. «Келешек мектептері» бұл алшақтықты қысқартуға септігін тигізіп отыр: жаңа мектептер заманауи құралдармен бірдей жабдықталып, оқу үдерісіне бірдей стандарттар енгізіледі. Нәтижесінде, ауылда оқитын бала да қаланың оқушысы сияқты сапалы білім мен заманауи дағдыларға қол жеткізе алады.

Сонымен қатар, бұл жоба бала саны көп мектептердегі орын тапшылығын шешуге бағытталған. Әсіресе, Алматы, Астана, Шымкент сияқты ірі қалаларда үш ауысымды мектептер мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Оқушы санының жыл сайын артуы мектептердің физикалық мүмкіндіктерін шектеп, оқу сапасына әсерін тигізіп келген. «Келешек мектептері» аясында іске қосылып жатқан жаңа ғимараттар бұл жүктемені азайтып, оқушылардың қалыпты жағдайда, бір ауысымда, қолайлы ортада білім алуына жағдай жасап отыр.

Сондай-ақ, жаңа мектептердің ашылуы жергілікті жерлерде жұмыс орындарының көбеюіне, әсіресе жас мамандарға көбірек мүмкіндік берері айдан анық. Себебі жаңа білім беру мекемелері тек педагогтарды ғана емес, сонымен қатар техникалық қызметкерлерді, әкімшілік кадрларды, IT мамандарын, қосымша білім беру саласының қызметкерлерін де қажет етеді. Бұл өз кезегінде ауылдық және шеткері аймақтарда жұмыссыздықты азайтуға жағдай жасайды.

Бір қуантарлығы, мұндай мектептерде жаңа буын педагогтары үшін кәсіби тұрғыда өсуге, заманауи білім беру тәжірибесін меңгеруге, инновациялық ортада жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік бар. Қазіргі талаптарға сай жабдықталған сыныптар, заманауи оқыту құралдары мен әдістері – жас мамандардың кәсіби қызығушылығын арттырып, оқыту сапасын да жаңа деңгейге көтеруге сеп болады.

Осылайша, «Келешек мектептері» жобасы тек білім саласын ғана емес, жергілікті экономиканы, әлеуметтік тұрақтылықты, өңірлік дамуды қолдайтын ауқымды бастама ретінде де өз маңызын көрсетіп отыр. Болашақта мұндай кешенді жобалардың аясын кеңейту бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне жол ашары сөзсіз.