Түркістан қаласындағы Достық үйінде тағылымы мол кездесу өтті. Дөңгелек үстел басына мақсаты мен мұраты ортақ, елге деген сүйіспеншілігі сөзінен емес, ісінен көрінетін нағыз патриот азаматтар жиналды. Бұл «Ұлттық рух – басты құндылық» кітабына енген кейіпкерлер еді.
Дөңгелек үстелдің тізгінін облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Әлібекқызы Бектаева ұстады. Жиында алдымен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, ұлт руханиятының өзегі саналатын ұлттық рух туралы ой өрбітсе, «Серпіліс» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова кітап кейіпкерлерінің ел игілігі жолындағы еңбегіне тоқталды.
Сондай-ақ, басқосуда кітап кейіпкерлері өз өмірлік тәжірибесі мен еңбегі жайында ой бөлісті. Желтоқсаншы Клара Қожамұратова елдік пен ерліктің, тәуелсіздік жолындағы күрестің мәні жөнінде пікір білдірсе, Түркістан облысының құрметті азаматы, мәдениет қайраткері, археолог Марат Тұяқбаев отандық археология мен тарих ғылымының дамуы туралы сөз қозғады. Ал 18 баланы бауырына басқан батыр ана Түймегүл Ердешқызы балаға қамқорлық көрсету мен мейірім сыйлаудың маңызы жөнінде әңгімеледі.
Әрқайсысының өмір жолы – бір кітапқа жүк боларлық тарих. Бірінің бойынан қайсарлықты, бірінен табандылықты, енді бірінен адамгершілік пен жанашырлықты көруге болады.
Кездесу барысында кітап кейіпкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың ел игілігі жолындағы еңбегі мен азаматтық ұстанымдарына лайықты баға берілді.